//

Жер сілкінген күн

1820 рет қаралды
photo: inform.kz

Үйде жалғыз отырғанмын. Бір шыны шай ішейін деп ас үйге кіріп шайымды ауызыма ала бергенім сол еді жатар бөлмемнен сықыр еткен дыбыс шықты да сол жаққа қарай бергенімде іші-бауырымды солқ еткізіп кескен қарағай құлағандай дауыс шығып, үй ырғала жөнелді.

Атып тұрып сілкініске төзімді дейтін қабырғаны жағалап, маңдайшаның астына келіп тұрып жан-жағымды барладым. Батысым мен шығысым бірдей көрінеді, өйткені ас  үйдің терезесі батысқа қараса, жатар үйдің терезесі шығысқа қарайды. Бұл өңірде бізден биік үй жоқ болғандықтан айналам толық, айқын көрінеді.

Қала сау, бәрі орынында. Әне Көктөбедегі мұнара! «5-6 бал болды-ау». Әне Есентаймол, әне «енем тіліндегі» егіздер т.б… Жүрегім қозғалып қалған екен. Өзімді өзім аптадым. Терезеге жақындап сыртқа көз салдым. Жұрттың бәрі далаға шығыпты.  62-мектептің балалары алаңға қораланып, кейбіреуі асыр салып жатыр. Ақ жейдешең жүргендері де көрінеді.

Жазу столыма келдім де фейсбук парақшамды ашып «Жер қозғалды. Өте қатты білінді. Үй әлі шайқалып тұр. 11 сағат 22 минут. Аман болыңыздар» деп жаздым. Оқырмандарым дереу амандық тілеп жазып жатты. Мыңда бір рахмет! Бір оқырман аға: «Жер қозғалмайды, сілкінеді» депті.  «Жер қозғалса да қозғалмайды» деген мәтелді жазып қойдым. Менің бұлай жазып отырғаным да сол сілкіністің әсерінен шыға алмай жатқаным болу керек.  Соның арасында Есенгүл (жарым ғой) ызбандады.

– Амансың ба?- дейді.

– Енді аман болған соң сөйлесіп тұрмын ғой.

Жарты сағаттан соң киініп шығарға шықтым. Лифтімен жүрдім, болмайтынын біле тұрып.  Сыртқы кіре берістің алдындағы ұзын орындықта көршінің кемпірі отыр.

– Құдай-ау, мына жартастың түбінде не қып отырсыз? Анау алаңқайға барып тұрсаңызшы,- деймін қамқорсып. Өзі қазақшасы шалағай, сөзі аз жан еді, тек жымиған болды. Сәлден соң шалы шығып келді. Еңгезердей  қарынды кісі. Амандастық.

– Шықпаймын десем, балалар қоймады. Дачаға кетіп барамыз.

– Ойбай-ау, нүктесі Алатаудың нақ түбінде деген жоқ па?! Мына қыстың сызы кетпеген уақта дачада жан бағуға бола ма?- деймін тағы білгішсініп.

– Біздің дача … прудта,- деді. Немене пруд екенін ұқпадым. – Осыдан 25 км. Ашыбұлақ жақта, онда бәрі бар: ванна, газ, электричество…

– Сонда тұрасыздар ма?

– Жоқ. Басылған соң келеміз ғой. «Сіздер қайтып келгенде, тағы сілкініп жатпасын» дейін дедім де мәкүрік болса да деп, ол ой-сөзімді жұта салдым.  Жеңіл көлік келе қалды да олар тайып тұрды.

Сол мезет Абай облысынан Тәтту (Тәттімбет қайын аға) ызбандады.

– Амансыңдар ма?

– Аманбыз.

– Ана жер үйлеріңе кетіңдер. Тағы сілкінеді деп жатыр ғой.

– Жарайды.

– Бір ат сатып алдым… Қазір суретін жіберемін…

12:30 да жаман немерені мектептен алуға бардым. Аула ішінде топырлап жүрген көп баланың арасынан таптым.

– Етігің қайда?

– Сыныпта қалды.

– Неге алмадың?

– Үлгермедім…

Мен бір топ балаға ие болып қалдым. Апайы  барып әкеліп берді…

Түрік еліндегі қызым Ақтотыдан (14:42) хабарлама келді. «Әке не болды? Бәрі жақсы ма?». Амандығымызды айттым. «Аллаға аманат» деп жазды.

18:52. Құрметті досым, құрдасым, арғымақ ақын Ғалым Жайлыбай телефон шалды Астанадан. Теңіздің үстінде отырған жапондарды мысалға алып қалжыңдап жатырмын. Көңіліме медеу болып, мәз болып отыра бергенімде ақсақалым, ауылдасым, абыз-ақын Зуқай Шәрбақынұлы сөйлесті.

– Әй, қыраным, қалайсың?- дейді жезделігін қосанжарландырып.

– Қыран қалай болушы еді, қалықтап жүрміз,- деймін.

– Жазушылар одағын құттықтадың ба? (Кеше халықаралаық жазушылар күні екен ғой).

– Бәрін құттықтағанда сізді ұмытып кетіппін,- дедім құйдай өтірік айтып.

– Өтірігіңе береке берсін. Сен әлі мені мұта қоятын болған жоқсың!

– Тәубә!

– Сәлем айт, Есенбай мен Ақтанайға!

– Аман болыңыздар!

21:12. 04.03.2024. Алматы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі