///

Қалима БҰҚАРҚЫЗЫ, журналист, медиасарапшы: Масс-медиа туралы заң жобасын әлі де жетілдіре түсу керек еді

2340 рет қаралды
фото: Ашық дереккөзінен

Масс-медиа туралы заң жобасының Мәжілісте құрылған жұмыс тобының құрамында тоғыз айға жуық жұмыс істедік. Тәуелсіз сарапшылармен бірге  тиімді ұсыныстар жасадық: бірқатары енгізілді, кейбір ұсынысымыз  қолдауға ие болмады. Енді сенаторлар талқылайды, қандай өзгеріс енгізілетінін уақыт көрсетер.

БАСПАСӨЗ КАРТАСЫНЫҢ ОРНЫН АККРЕДИТТЕУ КАРТАСЫ БАСТЫ

Ал Мәжілістегі талқылауда  журналистер арасында алалауға жол беруі мүмкін баспасөз картасын алып тастауға қол жеткіздік. Бұл үлкен жеңіс еді. Бұл туралы БАҚ-та кеңінен айтылды, жазылды. Сондықтан тәптіштеп жатпайын. Айтарым, баспасөз картасының орнын  аккредиттеу картасы берілетіні туралы норма басты.

Аккредиттеу картасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бірыңғай медиа платформа арқылы беріледі. Яғни журналист аккредиттеу картасын онлайн негізде өтініш беріп алады. Егер журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидасын уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеп, бекітетінін ескерсек, қағидаға қандай талаптар жазылатыны әзірге белгісіз. Үлгілік қағидада баспасөз картасындағы талаптарды қайталанса, онда  ештеңе өзгермеген болып шығады.  Сондықтан әріптестерімді министрлік әзірлейтін қағидаға назар аударуға шақырамын.

Заң жобасындағы келесі назар аударар мәселе – мемлекеттік  ақпараттық тапсырыс мемлекеттік сатып алу жүйесінен алынып тасталды. Бұл туралы заң жобасында «Республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру бөлігінде осы Заңда реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды» (3-бап, 4-тармақ)   деп жазылған.

Бұдан кейін біз мемлекеттік бюджеттен мемлекеттік пропаганда үшін бөлінетін қаржыны кімдер алғанын, қанша теңге алғанын біле алмаймыз.  Ал мемлекеттік тапсырыстың тақырыбы мен оны үлестіру мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі  комиссияға жүктеледі.  Бұл комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бірін БАҚ саласындағы қоғамдық бірлестіктер өкілдері құрайлы. Комиссия жұмысы қаншалықты ашық жүретінін уақыты келгенде білеміз.

  БАҚ үшін мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан бөлек, гранттар  қарастырылған. Аталған қаржылық қолдау  мемлекеттік емес БАҚ-тарға  отандық контентті дамыту, ҚР ақпараттық тәуелсіздігін нығайту және қорғау үшін беріледі. Гранттар мемлекеттік емес БАҚ-қа, балаларға арналған контентті жасау; өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамыту үшін беріледі. Уәкілетті орган грант беру және оны іске асыру рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.

ТЕЛЕАРНАЛАРДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҮЛЕСІ 60%-ға ЖЕТПЕК

  Заң жобасының елеулі жаңалығы – ҚР  аумағында мемлекеттік  тілде  хабар  тарататын отандық теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап  55 пайызынан кем болмайды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап  алпыс пайызға көтеріледі.

Өз басым бұл пайыздық көрсеткішті әлі де көбейту керек еді деп санаймын. Себебі  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда 2000 жылдар басында телебағдарламалар үшін тілге қатысты 50/50 пайыз нормасы қабылданды. Арада  24 жыл өтсе де бір пайыз көбейту туралы норма болған жоқ.

Оның үстіне, Қазақстанның тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасында 2029 жылы республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтіндер үлесі 84 пайызға, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі 94 пайызға жетеді деп жазылған. Ал Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында мемлекеттік телеарналарда мемлекеттік тілде көрсетілетін телебағдарламалар үлесі 2024 жылы 72 пайыз, ал 2029 жылы 84 пайыз болады делінген.

Әрине Qazaqstan телеарнасы бұл талапты 100 пайыз көлемінде орындап отыр. Ал басқа мемлекеттік телеарналарда бұл талап қаншалықты орындалып жатыр деген сұрақ туындайды. Менің пікірімше,  мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалар мен отандық өнім үлесі жоғарыда аталған жоспарға негізделуі керек еді. Себебі елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін мақсатында  бюджеттен   қомақты қаржы бөліп, түрлі іс-шараларды жүзеге асырылады. Нәтижесінде қазақша сөйлейтін қауым үлесі артуы керек,телебағдарламалар үлесі қазақша сөйлейтіндер үлесінен кем болмауы керек деп ойлаймын.

Депутаттар да 70 пайыз мемлекеттік тілде, 30 пайыз басқа тілдерде болуы керек деп пікір білдірген. Бірақ атқарушы билік өкілі бұл ұсынысты үкімет қорытындысына сұрады. Үкімет бүгінгі қалыптасқан ахуалды, ұлттық мәселелерді, ішкі, сыртқы саясатта болып жатқан жағдайларды ескеріп,  кезең-кезеңімен жүзеге асыру, яғни 2025 жылы 55 пайыз, 2027 жылы 60 пайыз, содан кейін ары қарай қажет болып жатса, тағы қосымша өзгертулер енгізейік деген қорытынды шығарды. Депутаттар сол қорытындымен келісті.

РЕСМИ ЕМЕС АҚПАРАТТЫ, ҮШ ЖҰМЫС КҮНІНДЕ БЕРГЕНІ АБЗАЛ ЕДІ, ДЕПУТАТТАР БЕС КҮНДІ МІСЕ ТҰТТЫ

Журналистің ресми хабарға кірмейтін ақпаратты беру туралы  сұрағына ақпарат иеленуші 5 жұмыс күні ішінде жауап ұсынуы керек.  Қолданыстағы заңда бұл мерзім 7 жұмыс күні  деп белгіленген. Мен журналистер өтініші негізінде осы мерзімді 3 жұмыс күніне ауыстыруды ұсындым. Себебі 5 жұмыс күні дегеніңіз кейде 7 күнтізбелік күнге созылуы мүмкін. Себебі сенбі мен жексенбі демалыс күні болғандықтан, журналист дүйсенбі күні сұрау салса, сәйкесінше сейсенбі, сәрсенбі,  бейсенбі, жұма (сенбі, жексенбі жұмыс күніне кірмейді), дүйсенбі күндерін санағанда бес жұмыс күні шығады.

Ал журналист ресми хабарға кірмейтін ақпаратты не үшін сұрайды, сараптамалық мақала жазу үшін сұрайды, сараптамалық материалды әдетте журналистер демалыс күндері жазады.  Ендеше 5 жұмыс күнінің 7 жұмыс күнінен айырмасы аз. Оның үстіне, «сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін  және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін және  ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі» дейді. Көп жағдайда ақпарат иеленуші тарап осы мүмкіндікті пайдаланады.

Енді ойланыңыз, журналист дүйсенбі күні сұрау салды, ақпарат иеленуші оған сәрсенбі күнге дейін ақпаратты 15 жұмыс күні ішінде беремін деп хабар береді. Осылайша 15 күн жауап күткен журналист, жауапты 20 күн өткенде бір-ақ алады. Себебі сенбі мен жексенбі демалыс күні болғандықтан, жұмыс күніне кірмейді. Осылайша журналист ресми емес ақпарат алу үшін 15-20 күнін жоғалтуы керек болады.  Бұл сұрау салынған ақпараттың ескіруіне әкеліп соғады.

Ақпарат іздеу, ақпарат алмасу технологиясы дамыған кезеңде бір сұрақтың жауабын 20 күн күттіріп қою ақылға қонбайды. Бұл пікірді жұмыс тобының талқылауында білдірсек те, депутаттар уәкілетті орган ұсынысын қолдап шықты.

Заң жобасында теле-, радиобағдарламаларды тарату кезінде мүгедектігі бар адамдардың құқығы ескерілгенін атап өткім келеді. Жаңалықтар сипатындағы кемінде бір телебағдарлама жергілікті уақытпен сағат 16.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.

Заң жобасына «Журналистің (БАҚ өкілінің) кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктері деп аталатын жаңа бап енгізілді. Бұдан былай журналист (БАҚ өкілі) міндетін денсаулығы мен өмірі үшін жоғары қауіптілікпен ұштасқан жағдайда орындаған кезде БАҚ меншік иесі журналисті (БАҚ өкілін) қажетті   жабдықпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті болады. Журналист (БАҚөкілі) өз міндетін орындаған кезде өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, БАҚ меншік иесі оған келтірілген зиянды  заңнамада көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндеттелді.

Журналистің құқықтары мен міндеттері туралы бапқа екі тармақ қосылды.  Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға бару кезінде кіру режимінің және объект ішілік режимнің белгіленген талаптарын сақтауға; сосын кәсіби әдеп (әдептік мінез-құлық) нормаларын сақтауға міндеттелді.

Шетелдік БАҚ өкiлдерiнiң қызметiне қатысты тармақша саны көбейді. Шетелдік БАҚ-тың және шетелдік журналистердің тиісті аккредиттеусіз кәсіби журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынады. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдік     БАҚ өкілдіктерін және олардың журналистерін ҚР заңнамасына сәйкес аккредиттеуден бас тартуға құқылы. Шетелдік БАҚ өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тарту, оны тоқтата тұру және кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

«Теріске шығару не жауап беру құқығы туралы» бапта  БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі осындай мәліметтер БАҚ-та  жарияланған күннен бастап 1 жылды құрайды. Министрлік ұсынған заң жобасында «3 жыл» мерзім белгіленген еді. Қызу талқылаудан кейін депутаттар «1 жыл» мерзімге дауыс берді. Аталған бапта тағы бір жаңалық бар: қазіргі кезде сайтқа шыққан материалда қате болса,  онысы белгілі болса, өшіре салады. Ал енді сол қателік үшін өзін БАҚ құралы ретінде тіркеген сайттар теріске шығару мәтінін жариялауға міндеттеледі.  Бұл туралы заң жобасында «Интернет-басылымдардағы теріске шығару сол қаріппен және теріске шығарылған хабарлама немесе материал жарияланған бөлімде «Теріске шығару» деген  тақырыппен жариялануға тиіс» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

  Заң жобасында «Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер» туралы бапқа тоқталғым келеді. Бұл кеңестер журналистердің әдеп кодексін әзірлеумен айналысады. Бұл құрылымның ұсынымдары мемлекеттік органдардың міндетті түрде қарауына және ден қоюына жатады. Бұл белгілі бір деңгейде БАҚ саласындағы қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді деген үміт бар. Бастысы, аталған қоғамдық-кәсіптік кеңестер журналистика мен журналистердің нағыз жанашыры болса деген тілек бар.

Әрине, біз БАҚ-та жарық көрген – мемлекеттік тапсырыспен жазылған материалдардың таңбаланғанын, БАҚ меншік иесінің, яғни құрылтайшының редакцияның ішкі жұмысына араласуына тыйым салатын баптардың енгізілгенін қалар едік. Өкінішке қарай, заң жобасында ондай норма енгізілмеді. Себебі жұмыс тобының 110 мүшесі болса, соның жиырма екісі – Мәжіліс депутаттары ғана дауыс беру құқына ие. Сондықтан қандай ұсыныс айтылса да, қанша ұсыныс жасалса да  22 адамның дауысы шешті.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар