//

Журналистердің шағымына жауап: Сот аккредитация ережелерін заңсыз деп танудан бас тартты

604 рет қаралды

2024 жылғы 11 қарашада Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында журналистер мен ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі арасында аккредитация ережелеріне қатысты сот отырысы өтті. Судья Расул Қарағаев жетекшілік еткен сот талабы бойынша, журналистердің аккредитациялау ережелерін заңсыз деп тану туралы өтініші қанағаттандырылмады.

Талапкерлер ереженің 11-бабының 1-тармақшасындағы «тек» сөзіне назар аударып, оның толық тыйым салу мағынасында қабылдануы мүмкін екенін алға тартты. Онда «журналисті аккредитациялаған мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты тарату тек сол журналист аккредитацияланған БАҚ арқылы жүзеге асырылуы тиіс» деп көрсетілген. Олар бұл талаптың журналистердің ақпарат тарату құқығын шектеуі мүмкін деген пікір білдіріп, соттан осы сөздің мәнін түсіндіріп беруді сұрады.

Қауіпсіздік үшін олар соттан филологиялық сараптама тағайындауды да сұрады. Бірақ сот норманы өзі түсіндіруді ұйғарып, аккредитация ережелері шектеу емес, тек реттеуші сипатта екенін мәлімдеді.

CОТ ШЕШІМІ

Судья Қарағаевтың айтуынша, аккредитация рәсімі барлық БАҚ журналистеріне ақпаратты бірдей, тең жағдайда ұсынуға бағытталған. Сондықтан ереженің 11-бабының 1-тармақшасын шектеуші талап емес, тек реттейтін ереже ретінде қарастыру керек.

Бұл дегеніміз, аталған ереже журналистердің ақпарат тарату құқықтарын шектемейді, керісінше, журналистердің әр БАҚ үшін аккредитация алу тәртібін реттейді. «Соттың шешімі бойынша аккредиттеу ережелері сөз бостандығына, яғни конституциялық құқықтарға шектеу қоймайды. Олар тек аккредиттелген журналистердің ақпарат алу және тарату тәртібін реттейді. Бұл ретте министрліктің тиісті құзыретіне сәйкес, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 28-бабы негізінде бекітілген.

Сонымен қатар, аталған бапта уәкілетті орган журналистерді аккредиттеу ережелерін айқындайтыны анық көрсетілген. Аккредитация рәсімі барлық БАҚ журналистеріне ақпаратты тең дәрежеде ұсынуға арналған. Қағидалар ақпаратты басқа тәсілдермен таратуға, мысалы, әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым салмайды», – делінген сот шешімінде.

ТАЛАПКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ? 

Сот процесінің аяқталуынан кейін заңгер Сергей Уткин «Республика» басылымына берген сұхбатында, талапкерлердің барлық сот инстанцияларынан өтетіні туралы айтты. Бұл әрекет «сабақ беру» мақсатында емес, ақпарат тарату құқығын қорғау үшін жасалатынын атап өтті.

Сергей Уткин.
Фото: Respublika.kz.media

«Сотта мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері бәрін дұрыс түсінбегенімізді айтты. Бірақ ережелер алынған ақпаратты таратуға тыйым салмайды, журналист оны БАҚ құрамына кірмейтін кез келген ресурста орналастыруға құқылы. Ал аккредиттелмеген БАҚ-та оны орналастыруға тыйым салу емес, тек регламенттеу бар деп түсіндірді. Соттың шешімі дұрыс болған сияқты, судья да өз шешімінде дерлік осылай айтты. Демек, журналистер Мәдениет және Ақпарат министрлігін  дұрыс түсінбеген, ал сот бәрін дұрыс түсініп шешім шығарған болып шығады. Сонымен қатар, сот шешімінде «ешкім тыйым салмайды, бірақ…» деген сөздер кездеседі, яғни заң еркіндігін әртүрлі бағытта түсіндіруге болады.

Бірақ ережелердің нақты түсіндірмесі бұл ақпаратты тек әлеуметтік желілерде немесе жеке блогтарда орналастыруға рұқсат береді дегенді білдірмейді. Ал сот бұл мәселені басқаша қарап, ақпаратты таратуға белгілі бір шектеулер қоюы мүмкін деп санайды. Біздің талап-арызымыздың Конституциялық сотта қаралу перспективасы бар деп ойлаймын, онда «тек» деген сөздің мәнін жақсы түсінетін мамандар бар шығар», – деді Сергей Уткин.

Сондай-ақ, Уткин сот шешімінде сөз бостандығын шектеу мәселесі айтылмай, ақпарат министрін қорғау байқалатынын, ал бұл – қате шешім екенін айтты. «Егер ертең бұл ережелер күшін жойып, журналистер ақпаратты кез келген жерде жариялай алса және оған мемлекеттік органдар көз жұмып қараса, онда біздің талабымыздың және соттың рөлі орындалды деп санауға болады», – деп атап өтті заңгер.

“ӘДІЛ СӨЗ” ҚОРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Аккредитация ережесінің 11-бабының 1-тармақшасын “Конституциялық емес деп тану” туралы журналистердің талаптарын қанағаттандырмағаны үшін халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры сот шешіміне өкінішін білдірді. «Бұл шешім журналистердің ақпаратты еркін тарату конституциялық құқығын бұзады және ҚР Конституциясында бекітілген құқықтық мемлекеттің қағидаттарына қайшы келеді деп есептейміз. Мәдениет және ақпарат министрлігі енгізген шектеулер олардың өкілеттігінен асып кетеді және тек заңмен реттелуі тиіс. Талапкерлер бұл шешімге жоғары сатыға шағымданады, ал қор журналистердің тәуелсіз және бейтарап қызмет ету құқығын қорғауды жалғастырады», – делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ және талапкерлер бір ай ішінде апелляциялық тәртіпте шағымдана алады.

Дереккөз: Respublika.kz.media

Қазақ тіліне аударып дайындаған Әмина Темірхан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар