///

Құлсары су астында қалды. Атырауды да сол тағдыр күтіп тұр

947 рет қаралды

Кеше Атырау облысының әкімінің шешімімен Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов өңір жұртшылығына төтенше жағдайды жариялап, тұрғындарды сабырға шақырып, жолдау жасады.

Фото: Атырау облысы әкімдігінің Instagram әлеуметтік желісінен скрин

«Атырау облысындағы бүгінгі жағдайға келетін болсақ, Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы 28 501 тұрғын, оның ішінде 6781 бала эвакуацияланып, қабылдау пункттеріне көшірілген. Құлсары қаласының тұрғындарын эвакуациялау күшейтулі түрде жүзеге асырылып жатыр. Құтқарушылар ауыл тұрғындарын және олардың төрт түлік малдарын қауіпсіз жерге көшіру үшін көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады Атырау облысы төтенше жағдай департаментінің қоғаммен байланыс тобы.

Қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сәйкес Жылыой ауданы Құлсары қаласында 2810 тұрғын үйді және инфрақұрылымдарды су басқан.

ҚР ТЖМ күштерімен Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты 5110 дана қаптарға құм толтырылып, қорғаныс бөгеттерін бекіту жүргізілген.

43 қоңырау түсіп, 20 адам құтқарылған, оның ішінде 3 бала, 77 үй жануарлары және 4 үй құстары көшірілген.

Фото: Ж.Бисембиевтің телеграм арнасынан скрин

Осыдан бұрын атыраулықтарға үндеу жасаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Құлсарыда болып жатқан ахуал өте күрделі екенін және жылыойлықтар тасқын сумен күреске бел шешпей 2 апта дайындалып, 3 күн бойы қарғын сумен күрессе де, Құлсары қаласын су басып кеткенін айтып өтті. Сонымен қатар, Атырау қаласы да бұл тағдырды қайталауы мүмкін екенін жасырмады. Сондай ақ ол зардап шеккендерге барлық көмек көрсетіліп, шығын көлемі өтелетінін айтты.

«Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілген су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға облыстың Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді. Су басу қаупі Орынбор, Орал қалаларынан кем болмайды деген болжам бар», – деді Жасұлан Бисембиев.

Атырау облысында 5 күннен бері өңірдің ең үлкен 20 құрылыс компаниясы және 6 ірі мұнай компаниялары жағаларды бекітуге, қорғау дамбаларын салуға жұмылдырылған. Қажетті материалдардың, яғни қапшық, күрек және т.б. материалдардың резерві дайындалып, инертті заттар жинақталған.

«Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы төтенше жағдайға байланысты, қазіргі таңда 1135-ке тарта Атырау облысы ЖАО, ТЖД, ҚР Қорғаныс министірлігі, полиция және әскери қызметкерлерімен 204 бірлік техника, 6 жүзу құралы, 4 мотопомпа, сонымен қатар 4640 еріктілер мен ауыл тұрғындары бөгеттерді нығайту жұмыстарына жұмылдырылған», – деп хабарлады Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.

Сондай-ақ Жылыой ауданына авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу мақсатында қосымша Маңғыстау облысы ТЖД, Алматы облысы ТЖД, Ақтөбе облысы ТЖД әскери бөлімі, Ақтөбе облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары, жалпы саны 130 қызметкер және 8 бірлік техника, 11 жүзу құралы, 17 мотопомпа күшейтілген түрде жұмыс жасап жатыр.

Индер ауданы бойынша жаға бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Қазір ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 км бөгет соғылған. Ол жұмыстарға 37950 дана қапшық пайдаланылған. Тасқынға қарсы күрес жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Махамбет ауданы бойынша елді мекендердің судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы – 80 километр. Жайық өзенінің бойындағы 17 елді мекеннің ішінде 9 қорғану бөгеті – Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында қорғаныс осал. Тасқыннан қорғану үшін 56 мың дана қапшыққа топырақ қапталып, өзен жағалауы бекітілген. Бұл жұмыстарға барлығы 95 техника, 142 қызметкер, 1300 ерікті жұмылдырылған.

Жайық өзенінің құяр сағасындағы Атырау қаласында барлығы 12 аумақта жаға бекіту жұмыстарын 172 техника жүзеге асырып жатыр. Қазір жаға бекіту бойыша 2 метр биіктікте жалпы ұзындығы 7 км бөгеттер салынған. Барлығы 100 000 дана қапшық пайдаланылған. Жұмыстар жалғасып жатыр.

Осы жұмыстардың барлығын атқару үшін жалпы саны 5 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Оның ішінде, әкімдіктің және Қорғаныс министрілігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар, Полиция департаменттерінің өкілдері жұмылдырылған. Бұл іске 4 000-ға жуық еріктілер тобы да үлес қосып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша бұл әлі жеткіліксіз. «Себебі, бүгін Орынбордағы Ирикла су қоймасы рекордты су көлемін тағы да жіберді. Мұндай су көлемі біздің тарихымызда болмаған! Сондықтан ел болып, бірілігімізді көрсетіп қаламызды апаттан аман алып қалуға жұмылайық. Бізге әр атыраулықтың көмегі керек. Барлығымыз бір кісідей Жайық жағасын көтерейік», – дейді ол өз үндеуінде.

Кеше мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырау облысындағы жағдайды тексеруге келген Премьер-Министр, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады.

Олжас Бектенов Құлсары қаласының тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейту бойынша сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысты. Жылыой және Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі сақталып отыр. Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан. 28 551 адам эвакуацияланған.

Өңірде келетін су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылған, сондай-ақ Жем өзенінің бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылған. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кететін жай, 6 сәуірде Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1974 жылы туған ер адам досымен бірге рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйді
тексеру үшін трактормен бара жатқанда, жолдан шығып аударылған.

7 сәуір күні таңғы сағат 11 шамасында Атырау облысы ТЖД күшімен екі адамның денесі табылды, – деп хабарлады Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі. 

ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезеңінде өте мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйлер мен эвакуациялау пункттерінен кетпеуге шақырады.

Фотолар: ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі