//

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

896 рет қаралды

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі бір тәулікте 24 см-ге өсіп 857 см жеткен, сөйтіп 850 см. болып есептелетін қауіпті деңгейден асып түскен. Сәуірдің 21-інде өткен брифингте мәлім болғандай су тасқыны басталған уақыттан бері өзен деңгейі жалпы 7 метрге көтерілген.

«Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Олжас Садыров атап өткендей «Қазсушардың» су қоймаларының шамамен 84,8%-ға дейін толтырылған.  

Қара Өзен мен Сары Өзенге келетін болсақ, ондағы өзендерде су тасқыны аяқталған, өзендерге 428,0 млн. текше метрден астам тасқын суы құйылған. Тасқын суы жайылымдарға және табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталады екен.

Шаған су қоймасында судың деңгейі  30,88 метрге жеткен. Су қоймасына келетін судың азаюына байланысты Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне келген су мөлшері секундына 294 текше метр болған. Су Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 117 текше метр көлемінде  түсіп жатыр.

БҚО төтенше жағдайлар департаменті  хабарлаған мәліметтерге сәйкес су шайып кеткен 20 жол төсемі бақылауға алынған. Ал 9 елді мекенге көлік қатынасы тоқтаған. Олар – Қаратөбе ауданының Қособа, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары және Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылы.

Департамент су басқан үйлердің нақты саны 3 294 деп мәлімдеді. Эвакуацияланған адамдардың саны 13 819 адам болса, олардың 5725 бала, ал мүгедектігі бар адамдардың саны 19 адам. 2 300 адам эвакуациялық пункттерге орналастырылған, олардың ішінде 985 бала. Эвакуацияланған 13 819 адамның 11 519-ы өз туыстарын паналап кеткен. Адамдардан бөлек 4925 үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалған.

Кеше Орал қаласында өзен маңындағы саяжайлардың басым көпшілігінде құрылған бөгеттерді су жарып өтіп, ол жердегі үйлерді су басқаны белгілі болды. 6 саяжай қоғамы бір апта бұрын эвакуацияланған. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар және полиция қызметтері эвакуациядан бас тартқан тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялауды жүргізіп жатыр.

Зачаганск кентіндегі «Стеновик» бау-бақша серіктестігінде судың деңгейі көтеріліп, осының салдарынан Жайық өзенінің бойындағы сәуір айының басында тұрғызылған уақытша бөгет, нақтырақ айтсақ жер үйіндісі мен төселген қапшықтар бұзылған. Бұл «Космос», «Стеновик», «Демалыс», «Комарово», «Уралочка» және «Дорожник» атты 6 саяжай бірлестігіндегі учаскелерді су басуға әкелген. “Мұндағы саяжай учаскелерінің саны – 820, қысқы уақытта 190 учаскеде 620 адам тұрақты мекендейді екен, олардың ішіндегі бала саны – 300. Саяжайлар Жайық өзенінің аласа бөлігінде орналасқан”, – деп хабарлайды Орал қаласының ТЖБ бастығы Амангелді Ешмуханов. 

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 1-ші саяжай ауданындағы Виктория бау-бақша серіктестігін де су басқан. Бұл саяжай бірлестігі Жайық өзенінің ең төменгі бөлігінде орналасқан. Қазіргі уақытта Виктория саяжайында 150 учаске су астында қалдған, онда 82 отбасы, 253 адам тұрған.

“Тұрғындар алдын ала хабардар етіліп, эвакуацияланды. Алайда, қауіп туралы ескертулерге қарамастан, кейбір тұрғындар су басқан жерге өз бетінше барды. Саяжайда қалған тұрғындарды эвакуациялау үшін автобустар мен арнайы техника пайдаланылды. Басқа баспанасы жоқ саяжай иелері Деркул кентіндегі «Орал» спорт кешені және Айтиев көшесіндегі спорт кешеніне көшірілді. Эвакопункттерде оларға қажетті жағдайлар жасалды. Үш мезгіл тамақ, медперсоналдың кезекшілігі және т. б. ұйымдастырылды», – деп хабарлайды Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Айта кету керек, бұдан бұрын №№1, 2, 3 сайжайлары, Телеорталық саяжайларын су басып, тұрғындары қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған еді.

Венера, Речник саяжайларында өзен жағасын нығайту жұмысы әлі жүріп жатыр.

Бүгінгі күні тұрғындарды су басқан аймақтан эвакуациялау арнайы операциясы ТЖ министрі Чингис Ариновтің үйлестіруімен жүргізіліп жатқанын хабарлады БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, осыған дейін Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында жарияланған жергілікті масштабтағы төтенше жағдай әлі де күшінде.

Қазір су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар Деркул кентіндегі «Орал» спорт кешеніне, Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне және Айтиев көшесіндегі спорт кешеніне эвакауцияланған.

Орал қаласы бойынша дайындалған эвакуациялық пункттер  тізімі.

Фотолардың авторы: Азамат Ұзақов

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,