Еңлікгүл ақ құба өңді арудың әдемісі. «Еңлікгүл тұрмысқа шығыпты» дегенде атынан ауып түсіп қала жаздағандар болды. Дер кезінде дәті жетпеген дәмелілер санын бірақ соқты. Іші күйіп кетіп кекетіп, кемсіткендер, қарасы мол қайран қалғандар «байға тиіпті» деп жатты. Суыртпақтап сұрады солар. «Байы кім екен?». Әркім өз жорамалын айтып, сырттай тон пішіп, қарық болып қалды. Құрбы-құрдас, ниеттестері қуанып құттықтауларын үдетті. Құттықтаулар Алатау бөктеріне, Алматыға алыс-жақыннан жаңбырша жауды дегейсің.
Артынып-тартынып, жол-жоралғысымен күйеу де келді. Артынып-тартынып жасауын алып ене де жеткен. Алты қанат ақ отауға арнап жасатқан абдырасының ауызын ашқан. «Бұрын-соңды бұндай той, Отырарда болмаған» дегендей…
Ауаға Тарбағатай тарлауы, Барқытбелдің бұйырғын, боз жусаны бұрқырап, Қашқарияның қалампыр иісі жайылды. Абдыраның аппақ кілті қолына тиген құтаяқ, сары бауыр қатын бұйырған бес метр бордатты иыққа іліп тастап, самайынан аққан күміс терді саусағының үшімен сүрте салып, қызылды-жасылды жасауларын бір-бірлеп алып, шұбатылта көтеріп, бума-бумасымен, тай-тайымен шығарды.
Ойпырмай шығып жатқан дүние-кәде сыйлар шетінен Орталық музейдің атамзаманғы антиквариаттары дерсің. Бірінен соң бірі шығып жатыр, шығып жатыр. Дәстүрлі қол өнердің бұрында ескіліктің жұрнағы деп жеріген, бұл күнде қолға түспес бірінен бір өткен даналық жәдігерлері. Қала қатындары таң қалғанда көздері тас төбесіне шықты. «Құдағи-ау, мынаның бәрін өзіңіз жасадыңыз ба?». «Сатып алыпты» деп сылқ-сылқ күлді бір судыр құдаша. «Бәрін де көз майын тауысып өзі істеген ғой, өзі жасаған ғой» деп биязы, жұмсақ үнмен құдағиын қорғаштады Күлімжан құдағи.
Абдырадан қос дөңгелектің ішіне қас сұлудың қарашығындай қиюластырып қос дөңгелек қондырып, іші-сырты қошқар мүйізді ою-өрнекпен толтырылып, көркемделіп, сан алуан қанық түске боялған жібек жіптермен бәдізделіп безендіріліп, әр жеріне қадаған меруерт маржандары түн көзіндей мөлдіреп, айналдыра ал қызыл машынның жібек торғынымен көмкерілген кербез түс киіз керілгенде ах деп, пах деп ауызын басқандар, таңғалып таңдай қаққандар, еріндерін сылп еткізіп, бас шайқап, байқамай қап бармағын тістегендер, сұқтанып сұғын қадап үлгіргендер ішкі сезімдерін жасырып баққанымен бет әлпеті, көз қарасы, қисынсыз қимылы, әлсіз әрекеті жасыра алмады. Көркем дүние көздің жауын алатыны рас. «Пай, мына түскиіздің бағасы базарға шықса бір мәшине шығар» деп ерінін сылп еткізді кере қарыс қасты саудагер келіншек. «Әй, көп тамсана бермеңдер, көз тиіп кетеді». Сыңғырлай күліп саудагер келіншекке қарап көзін бір қысып қойды аяулы бір абысын. Шын қуанып, разы қош болып, тіккен қолдан айналып жатқандар да еселеп артады.
Егделеген жасында, кәнігі, кәсіби қыл қалам шеберіндей алдын ала дайындаған ешбір эскиз-сызбасыз, санасындағы сансыз өрнекті таза матаның бетіне сынық сызық та түсірмей ойша жобалап отырып бүтін бір жыл тіккен түскиіз түсі де бөлек, тіні де, түсінігі де тіптен төтен, шеберліктің шыңы болып шыққан – жауһар. Әр бір өрнегі – өлең. Әр бір оюы, әрбір өрмегі тұла бойына жұмбақ сыр бүккен, тылсымына тереңдеп, тілін тапқанға сөйлеп кететін – тарихи жәдігер. «Әкесінің қызына» атын жазып, ай-күнін қойып, көзімдей көріп жүрсін деп қысы-жазы суымайтын, салқындамайтын, жасыл шыңның баурайынан бұрқылдап, қайнап шығып жататын ыстық қайнар бұлақтай нәрлі махаббатқа толы мейірімді жүрекпен, табиғи тұнық сахи өнерге деген шынайы сүйінішпен бойында бар қуатын сарқа салып, жалықпай жұмсап, арнайы, арнап тіккен – асыл мұра.
Бір бөлменің бір қабырғасын толық жауып, көшпенділер өмірінің бүкіл болмысының көшірмесін көшіріп әкелгендей күйге бөледі. Дені ұрғашылардан құралған қоржын сөгіп, жасауды бағалаушылар: көк инені артқа түрпегендері де, қол өнердің құдыретінен ауылы алыстар, Күлімжан құдағиы бастатқан отырған кейпінен тартып көненің көзіндей көрінген, көкірегі көрме, қолынан да, ойынан да іс келетін, көп сөйлемейтін, көгершін мінез, адал ақылдың кеніші ардақты аналар.
Бұрынғы мен соңғының салтанатты, ананың балаға, қызға деген асыл махаббатын, әдет-ғұрпын бейнелеген аяулы саусақтарының ізі әр бір өрнектен мен мұндалап көрінетін, табан ет, маңдай тердің әр тамшысы сіңген көне мұраның жиырма бірінші ғасырда жаңғырған, жаңа жасауына бес деген маға беріліп, зор алғыс, мол қошемет көрсетілді. Әрине шын өнерді түсініп тұрғандары да, көппен бірге дүрмекке ілесіп айдалаға шапқандары да бар-ды.
Сатып әкелген сылдырмақ сырғалар, сары алтын, ақық жүзіктер жайында қалып, өз қолымен қоспасы жоқ табиғи таза бұйымдардан жасалған жасаудың қызының жаңа жұрты, құтты ұясы қайын жұртына ұнағанына өскен өлке, туған жер Баян-нұрдың жасыл көліндей болып көңілі толқыған, топ көрсе тоқтай алмай бәйгенің бозындай арқаланып, аңқылдап айдарланып кететін айтыскер ақын ана «Ақ көйлек көңіл жайға» басты-ай дерсің.
Өлеңді айт дегенде ағылайын,
Ел, жұртым алыс қалған сағынайын.
Құдалар, ортаңызға жаңа келдім,
Өлеңді мұнда айтпаған не қылайын,- деп бастап бірнеше шумақты төгіп-төгіп жіберіп, әдептен озбайын, көп айтып созбайын дегендей қысқа қайырып, қайсының жауап қатар екенсің деген паң мінезбен жан-жағына теңселе қарап, тершіп тоқтады. Тұтқиылдан тисе де, қара жаяу емес, бір қайырары бар, қара көктің тұқымы емес пе, Күлімжан құдағиы да өзіне тән майда қоңыр үнімен қара өлең әуеніне салды.
Мінгенім дәйім менің құла қасқа.
Жол салдым қия беттен құламасқа.
Құдағи, құрметіңе мың рахмет,
Болмайы бопсаңызға шыдамасқа,- деп есе жібермей қарымтасын қайырып жатты.
Осындай бір кішігірім той-томалақ, тілеуде әуелете әндетіп, айтысып өлеңдетіп, жиынды жандандырып жіберетін елдік бір дүрия дәстүр суалып сарқылмаған еді. Екі апаның айтысына қарық болған жұрт қызынып, қол шапалақтап, қолпаштап, мәре-сәре болып қалды…
****
Арада айлап айлар, жылжып жылдар өтті. Алыс ауылдан қызым деп еңкілдеп Еңлікгүлдің анасы келді. Қалалық биік үйлердің пәленінші қабатындағы пәтердің қуықтай бір бөлмесінде шошайып отырып қара шайын қанып ішіп алды. Демін алған соң ақырын басып, аяңдап әр бөлменің есігін қағып, ішке кіріп, ішін шолып, әр неге үңіліп қарап жүр. «Е, қазіргі жастар қат заттың қадырын біле ме? Бұларға не керек дейсің, қалың айналы қалың кебеженің бірінің бір бұрышында қалған шығар».
«Әй, Еңлік, бер келші». «Ау, тәте, не дейсіз?». Қазақ тілінің шығыс сөйленісінде жасы үлкен әйел кісілерді жасы кішілері тәте деп атай беретіндіктен олар анасын «тәте» дейтін. «Мен бір нәрсеге көзім түспей отырғаны». Еңлікгүл әуелі анасының нені меңзегенін аңғара алмады. «Түскиізіңді» дегенде барып, диванға шалқалай түсіп, сылқ етіп отыра кетіп, «Түскиізді ме? Түскиізді жоғалтып алдым» деді. «Жоғалтып алдым?!». «Иә, жоғалтып алдым»…
****
Арада айлап айлар, жылжып жылдар өткен. Көрпе-жастық, төсек сырмақ, түскиізін тағы басқаларын қағып-сілкіп, жел қақтырып, иіс-қоңыс, шаң-тозаңнан арылтып, серпілтіп, сергітіп алайын деп ауладағы арнауы орынға апарып жайып қойған. Жайып қойып, қой емес жайып отыра ма? үйге кірген. «От алуға келген келіншектің отыз ауыз сөзі бар». Қайта шықса түскиіз ұшты күйлі жоқ. Желге ұшса ұшып кететіндей жеңіл-желпі дүниелердің бәрі тұр. Салмағы едәуір түскиіз жоқ. Қас пен көздің арасында, тападай тал түсте, айдың күннің аманында ұрланғанына аң-таң. Ол бір бір-екі бөтелкеге айырбастай салатын да зат емес, қымбат, баға сүйетін тауар. Қаңғыбас, бомжылардың қолынан мұндай көрнекі затты ешкім сатып та, я болмаса бір бөтелке араққа айырбастап та алмайды. Олар да нені алуды біледі, ондай өтімсіз дүниеге ұрынбайды. Бірақ астарына төсеніш үшін жол-жөнекей беймарал іле кетуі мүмкін.
Әр ауданның өз бомжысы, олардың белгілі қонағы бар. Сол болжаммен әр жердегі канализация құдығына, бірінші қабаттың балкондарының астына, қоқыс үйшік-жәшіктерінің айналасындағы бомжылар тұрағына да іздеу салып барды. Ал олар жатар орындарының көрпе-жастығын аударып-төңкеріп жүргендердің ес-ақылының дұрыс-бұрысын әңгіме қылып дыр-ду болып жатты. «Түскиіз жоғалттым, тауып алған адам әкеліп берсе, беретін сыйлығым бар» деп жария жазып сыртқы кіреберіс қақпасына жапсырып та қойды. Ол жалбырап, тозып, жазуы өшіп қуарғанша тұрды. Балконға шықса төменге үңіліп, сыртқа шықса айналасына қарап, бір жерде жатқан шығар деп алаңдаумен жүрді. Алған адам әкеліп берер деген үміті көпке дейін үзілмеді. Қайдан болсын, мейлі көшеден болсын қандай бір ою-өрнек көзіне түсе, аспаннан иіліп туған ай жаңасын көрсе есіне түскиіз оралады да тұрады.
«Алдырар күн жаздырып, неменеге пысықсып жая қойдым» деп өзін кіналады. Шешенің көзіндей, шешеннің сөзіндей асыл жәдігерге ие бола алмағанына өкінді. Ананың аманатына қиянат жасағандай қиналды. Араға ай-жылдар салып, аңсап Анасы бір келгенде «не деймін, көз майыңды тауысып тіккен, көзімдей көр деп қадап айтып, қалдырған мұраңа, қара басып ие бола алмадым деймін бе?!» деп қысылды.
Туынды деген нәрсе өнер адамының тапқан баласындай дүние. Оны шығармашылықпен айналысатын Еңлікгүл ешкімнен кем білмейді. Ал енді оны жоғалтудың ана жүрегіне қандай ауыр тиетінін ойлағанда Еңлікгүлдің ұйқысы шайдай ашылады. «Жұрттың бәрі ауылды тастап, қалаға қарай үдере көшкенде жұртта не қалмады? Ескіліктен, ежелгі, мың жылдық мәдениеттен жеріген сонау заманда не отқа тасталмады. Қара шаңырақ қурап, қара қазан қаңсып қалды емес пе?! Қайда қалмаған, кімнің қолында кетпеген ата мұра?! Хан Кененің басынан қымбат па, Ақымбектің көнінен артық па?!» деп өзін жұбатпақ болса да көкейінде бір түйткіл шемендей қатып қала берген.
«Жарайды» деген мән-жайды ұққан ана. «Бастан құлақ садақа. Бастарың аман болсын!». Алайда, алайда айында-жылында бір келген Ананың көкейіндегі үміт-көмбесі көктеп, көңіліне келе береді. Еңлікгүлдің ерке нәзік жанына қылда қылау түсірмейін, еске алмай-ақ қояйыншы деп отырып-ақ сөз арасында ақырын ғана бүлк еткізеді: «Түскиіздерің табылды ма?». «Тәте, қойшы соны, қажет болса тағы біреуін тігіп бересіз!». «Құдай-и, қарғам-ай, тігіп берер едім, баяғыдай қуат-күш қалды ма?» деп кәдімгідей кейиді абыз ана. «Нәнөкенің үйіне бір шымадан апарып тастадық деп отырушы едіңдер, сонда болып жүрмесін» деп тағы да еске салады.
Еңлікгүлдің есіне түскиіз түссе, ол туралы хикая тұтанады. Көз алдына көлдей түскиіз елестейді. Түнде түсіне кіреді. Әлдекімдер әкеп беріп жатады. Кілемнің үстіне отырып алып ертегідегідей ел кезіп, ұшып жүреді. Оны күйеуі Барқытбелге айтып жорытады. Ол сәуегей: «Әй, түскиізің табылып, жуады екеміз. Ұшып жүрсең, ұзаққа сапар шегеді екенсің» деп бір жағын қалжыңға сүйеп түс құпиясын ашқан болады. Ол да медеу. Осы түс пен тұскиіздің құпиясы бір емес пе екен деген ойға шомады. Түскиіз де көрген бір түс сияқты нәрсе. Өн бойына молынан мол құпия сіңірген, адамның алғыр ойлы зердесінің астарлы жұмбағын жасырған көне ойма жазуларымен, қыл қалам шеберлерінің мың сан түсті құбылтып, түрлендіріп, тұңғиыққа батыратын сурет, кескіндемелерімен шендесетін ғажайып туынды. Сондай тамаша, көркем туындысын жоғалтқан бұл күнде жасы сексеннен асып кеткен ақы иесінің көңіл күйін әрине түсінуге болады.
****
Арада жиырма жыл өтті. Уақыттың ұмыттырып, естен мүлдем өшіріп жіберетін нәрсесі де, ұмыттырмайтын сақтап қалатын дүниесі де бар. Жоғалған түскиіздің елесі ғана көкейде қалған шақ. Ақ лайнерге мініп, Астана әуежайынан ақ таңның ару шапағымен аспандай көтерілгенде Еңлікгүлдің есіне ілкіде бір көрген түсі, түсті кілемге мініп ұшқаны түсті. «Сол аян болды ма?». Ұшақтың дөңгелек терезесінен енген нұрлы таңның ақ сәулесіне жүзін бұрды. Жұмған жанарында жайнаған кемпірқосақ тізбегі, сан алуан түсті сәуле. Өң мен түстің арасында отыр. Құдды түсіндегідей.
Түкті кілем – Түскиіз мініп шарықтап, шалықтап келеді. Ұзақ жылдық ұмтылыс, қажыр-қайрат, табандылықтың нәтижесі. Еңлікгүл үй-іш, бала-шағасымен Англиядан, Атлантика айдынынан бірақ шықты. Алаңдамай ағылшын тілінде білімін жетілдірмек. Басынан бұлт кетпес Британияның қақ ортасы. Лондоннан төрт жүз шақырым қашықтықта, терістік. Жаңақорған – Ньюкасл қаласы. Тайн өзенінің жағасы. Қол созым жерде ұлы құрлық пен аралды алшақтатып жатқан Солтүстік теңізі. Қысы мен жазы бірдей қоңыр салқын белдеу.
Күнде жауын, күнде шашын. Күн көзі жылт етсе жасыл майсаға жамбастап жалаңаш жата қалатын ел. Жер жаннаты Жетісудан, табиғаттың төрт тоқсанының тамашасын қанып ішкен азиаттар үшін қабағы бір ашылмайтын, түсі сұры, сүркей табиғат ет-жүректі қоңқылдатып, қоңылтақсытып, елі кеткен жайлаудай құлазытып, елге деген сағынышты еселеп ұлғайтып, жер көксеген сары атандай боздатып, сарғайтса керек-ті. Елге, жерге деген махаббат, ынтызарлық күннен күнге ұлғая берді.
Күз өтіп, қыстың үш айын артқа тастап, көктемнің бір күншуақты күндері келді. «Әй, балам, Ай-Алтай, үйелеп жата бермей, үйден шығып, анау төбеге шығып келейік те» дейді әкесі терезеден мықтың үйіндей бір төбешікті көрсетіп. «Ол саған Алатаудың бөктері ғой дейсің бе?!». Мә, саған! Басқа бақанмен бір қойғандай жауап. Естиін дегенің сол болса, шоқ-шоқ. Оқу жылы бітісімен жедел елге қайтпаса сағыныштан сарғайып кететін түрі бар.
Күндер жылжып өтіп жатты. Жазғытұрымның жайдары жексенбісінде Еңлікгүл, Ай-Алтай, Барқытбел үшеуі саяхаттап Тайнның сағасына барды. Тайнның толықсып келіп теңізге құятын тұсы. Теңіз арқылы құрлықтан шабуылдайтын қарақшылар мен басқыншыларды бақылайтын биік тас қамалдар мен қорған-қоршаулар.
Вокзал бойы. Перрон толған ашық-шашық базар. Құж-құж қайнап жатқан жәрмеңке. Қайшалысқан адам. Анау анасын, мынау мынасын сатып жатыр. Бәрі таңсық дүние. Үндінің көне бұйымдары, әшекей әлем-жәлемдері, африканың ақық тастары, шам мен самның шамдары, қыш құмырасы, парсының кілемдері, шоттың шұлықтары… кофенің қоңыр иісі, түрік шашылығы, түрлі тәтті-тәпсек…
«Мама, бері келші, саған бір нәрсе көрсетейін!». Ай-Алтайдың бағыттаған тұсына таяй бере Еңлікгүл де, Барқытбел де кілт тоқтап, тұрып қалды. Төрт жанары көз алдында төрт бүктеліп ілулі тұрған түскиізде. Мың сан ой миларынан ағып өтті. Аңырып қалған ерлі зайыптыны ақ сары жүзді, ақ бурыл сақалды, ет-жеңсіз, қатпалау келген, орта бойлы, еңкіш бітісті шалдың «қазақсыңдар ма?» дегені тіпті аспаннан жай түскендей етті. Ньюкасл халқы жымиып, жылы амандасып, «шайнасың ба, жапонсың ба?» деп жататын. Ал мына шалдың ондыққа дөп тигізгендей «қазақсыңдар ма?» деуіне қайран қала үшеуі бірдей хормен «иә, біз қазақпыз» деп, тап бір әке-шешесін көргендей көздері жайнап шыға келді.
«Мен айландылықпын (ирланды)»,- деді шал,- көп жылдар музейлерде істедім, этнографпын. Сіздерді жазбай танығаным, сіздер мына кілемді көргенде қадалып тұрып қалдыңыздар. Мен мұны расында Қазақстаннан әкелген едім».
Еңлікгүл түскиізге таяп барып, оның өрнектерін алақанымен сипап тұрды. Көз алдына көкірегі сағынышқа толы, үкілі ақ жаулығы желбіреп анасы келді. Тап қасында тұрғандай. «Түскиізді таптыңдар ма?» дейді. Еңлікгүл түскиіз бетін сипай берді, сипай берді. Мөлдіреген жас моншақтары кірпігіне ілініп, әдемі нұрлы, шуақты сәуле шашып тұр. Сұлтанмахмұттың қаладан шен-шекпен алып келген шенеунікті шенеген өлеңінің соңында «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деуші еді ғой. Тап соның керісінше болды. Еңлікгүл жәркеншілеп Түскиізге қарай берді, анамның саусағының ізі бар ма? деп.
Ақ сақал айланд шал бұл жәдігерді өткізбек болып асығыс қимылдап айқара жайып жіберді. Алдарынан алақайлап ұланғайыр дала, ұларлы төс, гүл-бәйшешек, қызыл-сары қызғалдақ жапқан қазақтың Ұлы даласы шыға келгендей көрініс. Өздері сағыныштан сарғайып жүрген жандар мына кездейсоқ ғажайыпқа тап болғанда не істерлерін білмей абыржып қалды. Көз ауласын елес жауып, қос анарынан ақ сүті аңқыған асыл ананың ыстық құшағына еніп, сайын сахараның, Сары арқаның сағымы көлдей кілкіген сары даласының сары қымыз, саумал ауасына батып кеткендей күй кешті. Есеңгіреп, естерін жиып, миллион-миллион ран отты шөпті, мыңғырылған гүлді өсімдіктерге айналып кеткен өздеріне тән әлде нені шұқшия қарап іздей бастады.
Тайн өзенінің жағасында, талма түсте болып жатқан осы бір таңғажайып оқиғаға жәрменкенің бүкіл жұрты таңғалып, жиылып, қораланып, тамашалап, таңырқап қалыпты. Айланд ақсақал оларға «Қазақстан, Қазақстан» деп таныстырып жатты.
Бір заматта кең құшақты дархан даладай жайылып, жан-жақтан жиналған жәрмеңке жұртының барлық назарын өзіне аударған түскиіздің төменгі тұсынан, бітік өскен қоғалы, алуан түсті тобылғы-тораңғы арасынан 1995, одан сәл солға таман тоғайлы, нулы-сулы өзектегі бір тасаға тығылған, жартас астына жасырған Еменжан деген есім көзіне оттай басылған Еңлікгүл Түскиізді бас салып, жұмарлай құшып, бауырына басып, тығылып жылап отыра кетті.
15-16.05.2024 жыл. Алматы