//

Еңбекақымды төлеуден бас тартты: Жұмыс берушілер студенттерді қалай қанайды?

3100 рет қаралды
фото: ашық дереккөзден. Көрнекі сурет

Әдетте жазғы демалыста қазақстандық студенттер қосымша табыс көзін іздей бастайды. Қолында дипломы жоқ, тәжірибесіз студентке бірден өз мамандығы бойынша жұмыс тауып кету қиынның қиыны. Сәйкесінше олар даяшы, сатушы, құрылысшы, курьер, бариста сияқты жалдамалы жұмыстарға орналасады. Алайда олардың көпшілігі жұмыс беруші тарапынан әділетсіздіктерге де ұшырап жатады. Себебі, еңбек құқықтары жайынан біразы бейхабар. 

“Мінбер” редакциясына хабарласқан студенттердің бірқатары биылғы жазда басынан кешкен  оқиғаларын әңгімелеп берді. Дегенмен, олардың көбі  аты-жөнін ашық айтуға келісе қоймады. Ал, Mizan Law Кеңесшісі, заңгер Аида Өтесін жұмыс берушілердің еңбек құқықтарын қалай бұзғандығын және жұмысқа орналаспас бұрын нені ескеру қажеттігін айтып берді.  

Ақжүрек (есімі өзгертілген), студент: 

БАЗАДАҒЫ ҚАТЕЛІК ҮШІН, МЕН АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙМІН

фото: Ашық дереккөзден

Ақжүрек жазда ақша табу үшін Алматыда қалған. Қазір қаладағы кафелердің бірінде кассир бариста болып жұмыс істейді. Жұмысы таңғы 7 де басталып, кешкі тоғызда бітеді. Келе сала тауарларды қабылдап, кафенің ішін ретке келтіріп, қонақтарды қарсы алады. Қазір кофе даярлауды жақсы меңгеріп алған. Адам көбейіп кеткенде екі есе жылдамдықты қосып, бәріне үлгеруге тырысам дейді. Кетпес бұрын кафенің ішін тазалап, сүртіп кетуге міндетті екен. Алайда ол жұмыс келісімшартында бұл жайлы жазылмаған дейді. 

– Жұмысқа кірмей тұрып заңды түрде келісімшартқа отырдым. Келісім бойынша 14 сағат жұмыс істеймін. Кассир бариста болғандықтан торттар, тәттілер, сироптар мен кофе қабылдап аламын. Содан соң өнімді базаға енгізем. Бірақ неге екені белгісіз, базадан қате кетті деп, біздің жалақымыздан ұстап алады. Мысалы өткен айда 10 мың теңгемді жеп қойды. Кейбіреулерінде одан да көп ұстап алыпты. Чекпен енгізіп, чекпен қабылдайтындықтан бұл біздің қатеміз емес. Келісімшартта тазалық жұмыстары көрсетілмеген. Бірақ бізге күнделікті тазалық жұмыстарын да міндеттеп қойды. Қыздар болып кезектесіп бастан аяқ жинап шығамыз. Ақша керек пе, оны да істеуге тура келеді, – дейді ол. 

Заңгер Аида Өтесіннің айтуынша Ақжүрек тек еңбек шартында және лауазымдық нұсқаулықта көрсетілген жұмыстарды ғана істеуі керек. Егер жұмыс беруші қосымша жұмыстар жүктегісі келсе, оларды да осы құжаттарға енгізіп, жалақысын өсіру керек. Жұмыс барысындағы қателіктер үшін санкция көзделетін болса, ол туралы да аталған құжаттарда бекітуге тиіс.

Дина, студент:

ЖАЛАҚЫМНЫҢ ЕДӘУІР БӨЛІГІН БЕРМЕЙ ҚОЙДЫ

фото: ашық дереккөзден. Көрнекі сурет

Атырау қаласындағы дүкендердің бірінде кассир болып 1 айдан аса істеген. Жұмысқа ресми түрде қабылдады, бірақ ешқандай келісімшартқа отырмадым дейді. Дүкен басшылығының сөзінше келісімшарт дайын тұрған, бірақ беруді ұмытып кетіпті. 

– Таңғы оннан түнгі онға дейін 12 сағат жұмыс істедім. Отбасылық жағдайларға байланысты жұмыстан шығуым керек болды. Басшылыққа кететінімді 1 апта бұрын ескертіп қойғам. Бірақ олар ревизия жасаймыз, кем кетігі болса жалақыңнан ұстап қаламыз деп талап қойды. Алайда мен тауарды ревизиясыз қабылдап алған едім. Басында ондай келісім болған жоқ. Бірақ келісілген уақытта менің еңбекақым түспеді, ал басқалары алған.

Бірден басшылыққа хабарласып, жалақымды сұрадым. Алайда олар маған ауысымдағы жұмысшының балмұздақ тұрған тоңазытқышты қосуды ұмытып кетіп, 80 мың теңгеге шығынға батқанын айтты. Кейін оны екіге бөліп жалақымыздан 40 мың ұстап алатынын ескертті. Мен біреудің қателігі үшін еңбекпен тапқан ақшамды ұстап қалатындарына келіспедім. Директор өте дөрекі сөйлеп, ақшаңды кешке аударам, бірақ бұл садақа деп телефонды қоя салды. Кешке қарасам ақшаның 40 мыңы кем. Қайта хабарласып едім мені блоктап тастапты. Үйдегілер арыз жазайық деді. Бірақ бұдан ештеңе шықпайтын сияқты, – деді ол. 

Дина сот арқылы өзінің ала алмай қалған жалақысын өндіруге мүмкіндігі бар дейді заңгер Аида Өтесін. Себебі олардың арасында шын мәнінде еңбек құқықтық қатынасы орын алған. Тек жәбірленушінің сотқа ұсынатын дәлелдері болу керек. Ал жұмыс беруші бүлінген балмұздақты қалай есептегенін дәлелдей алуы керек. Болмаған жағдайда Динаға толық ақшасын қайтарады.

Еңбек шарты жасалмай, бірақ шын мәнінде еңбек қатынастары орын алған осындай жағдайларда, соттан:

  1. Еңбек құқықтық қатынас орын алғанын растауды
  2. Жалақысын өндіруді сұрай алады

Еңлік (есімі өзгертілген), 9-сынып оқушысы:

КЕЛІСІЛГЕН ЕҢБЕКАҚЫМНЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫН ҒАНА ТӨЛЕДІ. ӘРІ ТЫМ ДӨРЕКІ ҚАТЫНАСТЫ

фото: ашық дереккөзден. Көрнекі сурет

Алматы облысы, Іле ауданында тұрады. Еңлік мектеп формасы мен құрал-жабдықтарын алу үшін өзі тұратын ауылдағы дүкеннен жұмыс сұрап барады. Дүкен иесі бірден қабылдап, күндігіне  4-5 мыңнан төлеймін деген. Жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, яғни 12 сағат. Күніне дүкеннің еденін 2 мәрте жуу, сөрелерді тазалау, қоймадағы тауарларды дүкенге тасып орналастыру, баға жабыстыру сияқты міндеттерді орындаған. Еңлік дүкендегі жалғыз көмекші болғандықтан, тауар тонналап келген күні жүк тасушы болып кететінмін дейді. Бірақ дүкен иесі түрлі сылтау айтып, тек 2000 мың теңге ғана беріп отырыпты. 

– Дүкен иелері ерлі зайыпты кісілер болды. Әйелі кассада тұрады, күйеуі тауар таситын. Уақыт өте келе екеуі маған өте дөрекі сөйлеп, себепсіз ұрса беретін болды. Бір істі жасап жатсам, үстіне 2-3 жұмыс қосып, дайындап отырады. Түскі ас ішуге он-ақ минут береді. Одан артық отырып қалсам жұмыс істе деп тұрғызып жіберетін. Бір күні мен істеп жүрген дүкенге құрбыларым келді. Дүкендегі тәте маған достарымның көзінше ұрсып, менің жаман жұмыскер екенімді айтып, балағаттады. Ал мен шыдай алмай жылаған күйі жұмыстан кетіп қалдым, – деді ол. 

Еңлік үйіндегі үлкен әжесін уайымдатқысы келмей бұл оқиғаны ешкімге айтпаған. 

Заңгер Аида Өтесіннің айтуынша тіпті мектеп оқушысы да еңбек шартына отырып, соған сәйкес нұсқаулығын алып, жалақысы бекітіледі. Әрі баласының жұмысқа тұрғанынан ата-анасы немесе жауапты тұлға хабардар болып, бақылауда ұстауға міндетті. Жұмыс берушінің негізгі міндетіне жұмыскерге қолайлы жұмыс орнын жасау да кіреді. Түскі асқа 10 минут беру,  қала берді жеке шекарасына өтіп балағаттау нағыз құқық бұзушылық. Бұндай кезде жұмыс берушінің атына еңбек инспекциясына шағым түсіру керек. 

Заңгер Аида Өтесін: 

14 ЖАСТАН АСҚАН ӘРБІР АЗАМАТ ЕҢБЕК КЕЛІСІМ ШАРТЫН ЖАСАУҒА ҚҰҚЫЛЫ

фото: жеке мұрағаттан

Заңгер Аида Өтесін жұмысқа тұрмас бұрын жұмыс беруші шынымен де заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бе соны тексеру керек дейді. Себебі кейде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер өтірік адамдарды жұмысқа алған сияқты шарт жасап, алдап кетіп жатқан жағдайлар да аз емес. Сондықтан кіммен жұмыс істейін деп жатқаныңызды алдын ала тексеріп алу маңызды. Ол үшін компанияның БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі) арқылы eGov-тан ол туралы анықтама ала аласыз. Сонымен қатар “Салық төлеушінің кабинеті” сияқты ашық сайттардан да тексеруге болады. 

Еңбек құқығы бұзылған жағдайда сізді қорғайтын бірнеше заңдар бар. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде “Адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу”, қылмыстық кодексте “Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу” деген баптар бар. Тек бұлар ғана емес осы сияқты еңбек құқығы саласына қатысты баптар баршылық.

Келісімшартқа отырмасаңыз,  бұны пайдаланған жұмыс беруші берген уәдесін бұзуы мүмкін. Бұндай кезде жәбір көргеніңізді, құқықығыңыздың бұзылғанын дәлелдейтін қолда бар деректердің барлығын пайдалану керек. Мысалы, WhatsApp немесе басқа да мессенджерлердегі хат алмасулар, фото, видеолар, бекітілген жалақы сомасы. 

– Студенттер мен оқушылар жұмысқа тұра алмай қалу қаупімен кез келген талапқа келісе беруді қоюы керек. Әр азамат өзінің құқықтарын қорғап, жұмыс берушілерден заңды әрекет етуді талап ете бастағанда ғана біз бұндай оқиғаларды азайта аламыз. Мектеп оқушыларының ата-аналары балаларының кіммен, қайда жұмыс істеп жүргенін де назардан тыс қалдырмауы шарт, – дейді Аида Өтесін. 

Еңбек кодексінің 68-бабы бойынша жұмыс беруші мына талаптарды ескеруге тиіс:

  1. Ересектер үшін жұмыс істеу уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы керек;
  2. 14-16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге аптасына 24 сағатқа дейін жұмыс істеуге болады;

Еңбек кодексінің 31-бабында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері жайлы айтылған. 

Біріншіден, 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат бар. Екіншіден, еңбек шарты:

      1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, 15 жасқа толған азаматтармен;

      2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;

      3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

Әмина Кемелбай,

арнайы “Мінбер” үшін



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар