//////

8 олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында 64 легионер өнер көрсеткен. Ал олар қанша алтын әкелді?

2439 рет қаралды
Фото: www.istockphoto.com

Тәуелсіз Қазақстан тарихында жазғы олимпиада ойындарындағы алғашқы алтын жүлдені салған Юрий Мельниченко легионер болғанын осы күні ешкім есіне де алмайды. Күрес әліппесін қырғыз елінде ашқан Юрий Васильевич олимпиададан кейінгі тағдырын қазақ елімен байланыстырды.

Қойы қоралас, малы аралас жүретін қырғыз бен қазақ палуан алмастырып, мидай қайнасып жатса, одан екі елдің спорты ұтпаса, ұтылмайды. Қырғыз тарихындағы дзюдо күресіндегі алғашқы олимпиада жүлдесін қазақ палуаны Айдын Смағұлов жеңіп алғаны да тарихта жазылып қалды. Қалай десек те, қырғыз келіп қазаққа, қазақ барып қырғызға жүлде алып беріп жатса, бұл – екі елге мерей, екі елге де абырой. Ал алты қырдан асырып алып келіп, алақанымызға салып жүрген легионерлеріміз оларға құйылған ақшаны ақтамай, елдің үмітіне немқұрайлы қараса, қайтеміз?

Биылғы олимпиадада жарыс басталмай жатып тамағы ауырып, енді кортқа шығады-ау деп отырғанымызда тізесі сырқырап, жарыстан шығып қалған спортшыларымызға не дейміз? Жалпы легионер алдыру қазақ спортында қашан пайда болды? Алғашқы легионерлеріміз кімдер? Қазір ол практиканы тоқтатсақ, спорт ақсап қалмай ма? Осы кезге дейін олимпиада ойындарында қазақ туы астында қанша легионер спортшы өнер көрсетті? Оның нешеуі жүлде алды? Келімсек боп келіп, тағдырын Қазақстанмен байланыстырғаны бар ма? Медаль алып берген соң ізді-қайым болғандар қайда? Сол сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Алғашқы лек 

Ұлттық құрама сапына сырттан спортшы алдырып, оны үлкен додаға салу дәстүрі бұрыннан бар. Ал біздің ел атынан жарысқа шыққан тәуелсіз Қазақстан легионерлерін қалың бұқара алғаш рет 2004 жылғы олимпиадада байқады. Грекияда өткен төртжылдықтың басты додасында иеленген 8 жүлдеміздің үшеуін легионерлер алып берді.

Олар грек-рим күресінде сынға түскен Мхитяр Манукян мен Георгий Цурцумия және еркін күрес шебері Геннадий Лалиев. Осылайша алтын шыққан жерді белден қаз деді ме әлде елімізде расымен де білікті спортшы болмады ма, әлде олимпиадада қалай да жетістікке жетуіміз керек болды ма, әйтеуір легионерлерді қаптаттық.

Бұған дейін легионерлердің нобайы күрес түрлеріне алынған болса, Бейжінде қазақтың көк паспорты ауыр атлеттерге үлестірілді. Іргеде өткен олимпиада басталысымен «жаңа қазақтар» бірінен соң бірі медаль ала бастады. Мария Гробовецкая мен Алла Важенина жүлде салды. Кейін Марияның қола жүлдесін ХОК тартып алды. Ал Важенинаның бәсі төмен жүлдесі алтынға айналды. Өйткені оның қарсыластары рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек пайдаланған.

Одан бөлек Жайықты жайлай қонған Тайпақ топырағында тудым деп Таймураз Тигиев есімді палуан шықты. Ол да легионер. Олимпиадада күміс иеленгенімен, оның да жүлдесін ХОК кері қайтарды. Соған қарағанда Тайпақ топырағының допингтік әсері бар-ау деп топшыладық. Елена Шалыгина және Марид Муталимов сияқты палуандар да қазақты медаль алып қуантты. Осы олимпиада ойындарында қазақ елін алтын алып қуантқан боксшы Бақыт Сәрсекбаев та бокс әліппесін өзбек елінде ашқаны бар.

Арамдық ашылған кез

Өзіміздің атлеттер алтын алмаса, сырттан келгендерге сенім артамыз деді ме? Қалай болғанда да ауыр атлеттер 2012 жылғы Лондондағы ойындарға мықты дайындықпен барды. Ойындардың екінші күнінен қоржынды ең жоғары дәрежедегі медальмен толтырған Алексей Ни шәкірттері қалың қазақтың қошеметіне ие болды.

Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова есімді қыздар алтыннан алқа тақты. Бірақ 2016 жылы үш алтын жүлдені ХОК-қа тапсырдық. Мұндай масқара бұған дейін болған емес. Лондонда қазақ легионерлері иеленген бес жүлденің екеуі ғана есепте бар. Ол – Гюзель Манюрова мен Даниял Гаджиевтің қоласы. Екеуі де күрес түрлерінен сынға түсті.

Содан бері 12 жыл өтті. Лондонда әлемді есінен тандырған қазақ ауыр атлетикасы 2016 жылы өзі есінен танды да, содан бері жиған жоқ. Лондондағы масқара біздің елдің өзге спортшыларына да кері әсер еткені анық. Бір емес, үш алтын жүлдегері медалін кері берген елдің атлеттеріне сенім бола бермейді. Енді ел репутациясы түзелгенше дәрі ішкіштердің кесірі тиеді де тұрады.

Рио қазақ спортшыларының бағын ашты

Лондоннан соң кезек Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына түсті. Мұхит асып барған қазақ атлеттері 17 жүлде иеленді. Оның 15-ін өзіміздің қолтума спортшылар қанжығалады. Ал сырттан алған Отгонцецег Галбадрах пен Фархад Харки қола иеленді. Токиодағы ойында иеленген 8 қоламыздың екеуін легионерлер алып берді. Бір қоланы Зульфия Чиншанло алса, екіншісін қазақ еліне келгенше Артас Санаа болған ресейлік палуан жеңіп алды. Оның қазақ еліндегі есімі Нұрислам Санаев.

Биылғы олимпида Токиодағыдан тәуір, оның үстіне барлық жүлдегер қазақ елінде туып, осы елде өскен азамат, азаматшалар.

Сырттан келгендер расымен де пайдасыз ба?

Ел президенті олимпиадашылармен болған кездесуде шетелден спортшы алдыру практикасын қысқарту керек екенін айтты. Президент «өзіңнен тумай ұл болмас» деді ме, әйтеуір кездесу барысында:

– Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді.

Ол сөздің де жөні бар. Бірақ легионерлер біздің спортшылардың жолын кесті деу де артық. Өйткені кезінде Моңғолиядан Галбадрахты алдырмағанымызда Абиба Абужақынова өспей қалуы мүмкін еді. Ал Абиба артынан Ғалия Тынбаева шықты. Кезінде Леонид Спиридонов деген палуан елімізде бәсекелестік орнатпағанда Ақжүрек Таңатаровтың шеберлігі артпаған болар еді.

Қазір қанша жерден жерден алып, жерге салсақ та Алексей Ни алып келген ауыр атлет қыздарға қарап Жазира Жапарқұл атты толағай қыз олимп шыңына шықты. Елена Шалыгина мен Гюзель Манюроваға қарап Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова өсті. Жамиля Бақбергенова да сол толқыннан. Георгий Цурцумия мен Магомед Куруглиев елде қалып, білгенін қазақ балаларына үйретіп жүр. Куруглиевтің ұлы Камиль 19 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем біріншілігінде бақ сынап, қазақ еліне қола жүлде сыйлады. Десе де, бес саусақ бірдей емес. Олимпиададан соң қазақтың көк құжатын ұмытқандар да бар.

Елде легионер алдырып, спорттың дамуына сеп болған бір спорт түрін таңдау керек болса, ойланбастан футзалды айтамыз. Ия, олимпиадалық спорт түрі емес. Бірақ Лео, Игита, Дуглас секілді футзалшылар елде спорттың осы түрінің дамуына үлкен ықпал етті. Какау және Кака сияқты бапкерлерге де жанкүйер разы. Сондықтан көк ту астында өнер көрсетуге келген легионерлер елдегі спортшылардан бір бас жоғары болуы керек. Сондай жағдайда ғана пайдасы болады.

Қорыта айтқанда

Тәуелсіздік алғалы 8 олимпиада бастан өткердік. 28 жылда олимпиадаға ел құрамасы сапында 64 легионер өнер көрсеткен. Оның 15-і ғана жүлделі болған. Ол 15-тің үшеуі алтын. Ол ақпаратты бізге туризм және спорт министрлігі берді.

Біз жолдаған хатқа министрлік берген жауабында ең көп легионер алдырған спорт түрлерінің төрттігін су добы бастап тұр. Ватерполшылар сырттан 14 спортшы алдырған. Екінші орынды теннис иеленген. Жарыс алдында ауырып қалатын 9 легионеріміз бар. Одан бөлек еркін күресте де 9 спортшы әр жылдары ел намысын қорғаған.

Ал ауыр атлетикаға 7 легионер келген. Бұл төрт спорт түрінен ауыр атлетика мен еркін күреске келген легионерлер ғана нәтиже берді деуге болады. Қазақ елінің паспортына ие болған 64 легионердің төрттен бірі ғана тағдырын біздің елмен байланыстырған. Былайша айтқанда, қазақ еліне пайдамды тигізем деген ниетін 16 спортшы ғана білдіріпті.

64 спортшы алдырып, оның 15-і жүлде алған. Қалған 49 спортшы олимпиадаға турист болып барып келген. Бұл – спорт менеджментінің төмендігінің көрсеткіші. Сондықтан елге сырттан спортшы емес, менеджер алдыру керек. Ол енді арнайы органның мойнындағы шаруа. Біздікі ұсыну.

Түгелбай Бисен, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар