///

Алтайдан жеткен орасан озан

675 рет қаралды
2

Ақсұңқар — Алтай тауларының жаңғырығын сүйреп жеткен орасан озани ақын қыз. Бұла Бұлғынның ұлпа құрсағынан туған бұла талант.

Аңыз Ақынбаба Үсенұлының аяулы қызы. Ақынбаба Үсен деген ақиқаттың хаһ шеңберінде жарқ еткен жасынша, өмірі өткір кездіктің жүзінде өткен өжет жан тұғын өз тұсында.

Ақсұңқардың бір қанаты — жыр қағанатында құсни құбыл поэзиясымен құбылыс болған ақын Кәкей Жаңжұң, қадау-қадау шырлы жырларымен Бұлғыннан бастап, бұқым Алтай, Қанғайды аңыратқан Қамай Жөкіл, кербез назымы Бұлғынның бұйратты қоңыр тауларынан, Тарғыл, Түрген мен Жырғылтынның таң раңды бозөркеш ырғынды өзен суларынан дарын жұққан мұңайым шәйір Бақытбек Бәміштің өскен, өнген өлкесі, ұлыған ұйығы, киелі үрім жері — дүрия селкеу сеңгірлі Бұла Бұлғыны.

Бұлардың соңынан туып, тұманың тұнығын кешіп, өз тұма жырларын ғана көсік қып жүрген бұрымды Бозсұңқар.

Екінші қанаты — қауырсын қаламына баба қанынан дарыған ғажайып дала дауылпазы аты аңыз болған Далакөлдің әндігері Шәмер Нәрін (1911-2001) Ақсұңқардың туған нағашысы.

Шәмердің әкесі Жеттікбайұлы Нәрін (1881-1930) Моңғолияның V сиязына (съезд) қатысып, Моңғолдың тұрақты парламанті — ел өкіметке еге тауариһатты Кіші Құрылтайға өкіл болған өрескел өрен саясаткер төр жүйенің өктемі, қоғам қайраткері һәм өз кезегінде өжет, әулие болған тұлға.

Ақсұңқар өзі 1990 жылдары Баян-Өлгийде орта мектепте оқып жүргенде: оқыс жырларымен, таңғайып тамылжым ән,әуенімен көрінген құрғай-құрғай құлын үнді, тылсым құбылысы бар нәзік нәздің иесі. Ол ақеспе өлеңді арда емген дарын. Көзінен тамған тамшы жасқа сүңгіген бей жыршы. Сәл сүрінген, сәл түңілген тұстары болса ол: ақынға ғана таң табиғи қалып. Өзге ештеңе! Кідірсе не бопты!?

Сүрініп жығылған жерінен атып тұра алған ақындар ғана қайта жаңғырып, күш жинайтыны заңдылық.

Бақытты, бақуатты тұрмыс кешу деген хас таланттардың қолынан келе бермейтін күрделі шаруа. Мінезді ақындар көп болған. Олар аса қауіпті емес. Нағыз қатер сатқындардан ғана шығатынын: нағыз қауіп ессіз надан, көркеуделілерден көрінетінін көріп жүрміз де…

Есімдегі бір елестей: екі кішкене үкідей үлбір қыздардың өлеңдерін көргенім әлі күнге түп-түгел түб місімде. Қасында Бақытгүл Баймолда (Гүл Зарқұмар) деген талантты ақын қыз. Сапарлас тұғын.

Ерболат (Епой) Баят, Ербақыт Нүсіп, Қуандық Шамақай, Дағжан.Белдеубайлар сап құрған саф дәурен еді ол кезең.

Соңынан екеуі де ауызға ілінген андызды жырдың ішіндегі ғажайып шәрі кәрі Бозалатаулы Алматыда қауыз жарды. Екеуі де ақындық өнерде тең, тел жүрді һәм әдепкі жосықсыз үлгі авантюризмнен де тіні аман қалды…

Ақсұңқардың бір кезеңде көрінбей кеткен тұстары, өз көктемін сәл жасырғаны да бар. Бірақ, оның көрінбей кетуі — ақын қыздың мүлдемге жоғалып кетуі де емес еді. Өжет ақын қыздың жәудірең жанды дауысы өзін бір биіктерден көрсетер еді… Ол бос аңдатпаны жақамады. Ақындығына адал болды. Адуын мінезі ақшаны емес поэзияны таңдатты. Дүркін-дүркін жарияланған осал емес отты жырларымен бойын да ойын да жасады ол. Ол екеуі де орасан мінезді, оқшау болды.

Бақытгүл Баймолда ақын тіпті ерт-е-е екінші ғұмырына қарай асықты.

Осы екі дара таланттың соңынан ерген сол жылдарлың түлегі — баяғы бұла Бұлғынның бір қызы Алтыншапақ Қаутай ғана ма деп ойлаймын.

Сонымен Алтайдан жеткен Ақсұңқар харизмасы өз дегенімен, өз жолымен, өзгеден өзгешерек көкірегіне көміліп,егіліп, асып, төгіліп жүріп жуықта есентүгел еске жаңғырды. Түп-түгел бүр жарған еңлік ермендей. Түргеннің еңірең жұпары, көк жүзінен сеуілген тамшыдай: Тарғылдың тас қынасына ықтаған шөкім ермен(е)дей беу бұрқақ дейік.

Көмейіне бұлбұл ұялаған бұла Бұлғынның ұлаңғайыр өңіріне ұйыған бозала таңнан сөгілген кейіптей: раңының шетінен үзілген үзе зейінді… Бозсұңқар әндетіп, сырлы мұңлы өзінің өлең өрісіне қайта оралыпты.

Өу, кәнеки дейік пе, ендіөйтсе!

Сұраған Рахметұлы

11.11.2024

Ескерту: Бұл жазба Сұраған Рахметұлының ФБ парақшасынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Құрметті Сұраған Рахметұлы аға!
    … Халқымның алдына қайта оралып, қайта қомданып шыққан жүрек толқытқан сәтте ақын қызға Астанадан ғажайып жазба жолдапсыз!
    Оқып, ебіл-дебіл болдым…
    Рас, Сіз мені сонооу қаршадай жасөспірім кезімнен білесіз. Алғаш рет 1991-жылы болуы керек, әлі кәмелет жасқа да толмаған кезімде
    папамның айтуымен Сізге радиоға барғаным, өлең оқып бергенім де -бәрі көз алдымда. Ол кез менің ақын ретінде бүр жарып, елге атым кеңінен тарала бастаған кез еді. Мен папамның тапсырмаларын орындап, редакцияларға өлеңдерімді апарып, аға-апаларға өлеңдерімнен оқып, олардың бір ауыз сөздеріне арқаланып, төбем көкке жеткендей қуанып, үйге келген соң әкеме барлығын тәптіштеп айтып отыратынмын. Бір ғажабы, Сіздің айтатын пікір, ойларыңыз басқаларға ұқсамайтын…үлкен мақсатқа ұмтылдыратын, басқаша ойлап, ерекше жазуға шабыттандыратын еді.
    Сіздер, Сіз, өзіңіз атаған Ерболат аға, Ербақыт, Дағжан, Рысбек ағалар біз секілді жан – дүниесі тұп-тұнық, мөлдір, кірсіз мұң мен асқақ арманға толы әлемнің ішінде жүретін қауырсын қанат ақындардың алдындағы жол көрсетер шырақшыдай, қанаттандырып, арқаландырып, алға жетелер бағбанымыздай көрінетінсіздер!
    Содан да ма екен, біз бір топ талантты жастар өзімізді үлкен қаламгерлердей сезініп, қолымыздан классиктердің кітабы түспейтін. Тіпті, шетел әдебиетін де Ерболат ағаның әдебиет үйірмесіне жиналып, талқылап та тастаушы едік.
    Менің бір жағымда әлем кітапханасын жинаған аса білімдар әкем болса, бір жағымда өздеріңіздей әдебиетпен бірге туып, біте қайнаған, ӘДЕБИЕТТІҢ ӨЗ АДАМДАРЫ болды, ал, жанымда өзіңіз тілге тиек еткен, талантты ақын құрбы, достарым болды.
    Ақын үшін жас өскін кезде бұдан артық не болуы мүмкін. Сондықтан да, мен өзімнің жасөспірім кезімнен ат жалын тартып мінген шағыма дейінгі ғажайып әдеби, рухани ортада қалыптасып, Кәкейдей үлкен ақын ағамыздан бата алғанымды, соның – бәрі де алып Алтай тауларының, ну орман мен шалқар өзендері жарыса мен мұндалап тұратын тылсым құдыретті табиғаты бар өлкеде өткенін ерекше бір толқыныспен, мақтанышпен еске алып, жүрегімде ұстаймын!
    Сұраған аға! Маған арнаған шығармаға бергісіз ғажап жазбаңызда бірінші рет менің нағашы жұртымды да айтыпсыз.
    Сөйтсем, Сіз тек менің әкемді ғана емес, нағашыларымды да түп-тұқиянына дейін біледі екенсіз ғой! Рас, көпшілік менің талантымды тек әкеммен байланыстырып қарайды, себебі, әкем өзіңіз айтқандай аңыз-адам. Шындығында, ақындық маған әке қанымен де, ана сүтімен де дарыған. Анам да жан-дүниесімен ақын, темірдей төзімпаз, тіпті, мың бұралған бишілік өнері де бар жаратылысы ерекше жан еді.
    Марқұмдардың бәрінің аруағы бір аунап жатқан болар. Бәрін түгендеп, еске алғаныңызға мың да бір рақмет Аға!
    Мен үшін өзіңіздей үлкен қаламгердің қаламынан туған арнайы жазбаның жазылуы ең қымбат сыйлық болды. Естіген кезде таңғалып, оқуға асықтым.
    Маған қатыстының бәрін түгендепсіз шып-шырғасыз, ешбір артық, ия, кем қоспасыз. Оған басқа ештеңені қоспақтау мүмкін де емес. Мен он жасымнан бері қолымнан қаламым түспеген, туған жерімде де, Атажұртымда да өзіңіз айтқандай, тек қана әдебиетке үздіксіз еңбек етумен болдым, адал қалдым, әлгі “жоғалып кеткен” кездерімде де…реальді түрде сіңіре еңбек еттім.
    Себебі, әдебиет -бұл менің ортам, бұл – Сіз бен Біздің Отанымыз, қайнаған қазанымыз бір. Бұл ортада бейсауат жүргіншілер жүрмейді, себебі, мұнда тек жанкешті еңбек иелері мен мұрағаттан ақтарып табылатындарға ғана орын бар, біз қырық жылдан бері осы бір өзіміз таңдаған Ұлы Әдебиет әлемінде ешқайда мойын бұрмай, бірге сап түзеп келе жатырмыз!
    Және осы бір Алтай асып, Алатауды шиырлаған үздік топ, саф сап бұзылмаған қалпында болашаққа бет түзейді!
    Ізгі құрметпен Ақсұңқар Ақынбаба .
    13.11.2024 жыл

    • Керемет! Бұл бір сенсациялық жазба әрі оқиға болды! Рақмет барлықтарыңызға!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар