Фото: Richard Pelham/Getty Images
Наурыздың 9-16 күндері Сербияның Ниш қаласында бокстан әйелдер арасындағы чемпионаты (IBA) өтеді. Әлемдік додада жеңімпаз атанған бұрымды былғары қолғап шеберлері 100 мың, екінші орын алғандар 50 мың, үшінші орынға тұрақтағандар 25 мың доллар сыйақы алады. Одан бөлек төртінші және бесінші орын алған спортшылар 10 мың доллар көлемінде ақшалай жүлде ала алады.
Мұндай сыйға мырза әлемдік додада ел намысын кімдер қорғайды? Қай боксшы аруымыз жеңімпаз атануы мүмкін? Құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин кімдерге үміт артып отыр?
48 кг. Назым Қызайбай (2012, 2014, 2016, 2019, 2022, 2023, 2025) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Негізгі үмітті 31 жастағы Назымға артамыз. Қызайбайдың қоржынында 2012 жылғы әлем біріншілігінің қоласы, 2014 және 2016 жылдары өткен дүниежүзілік сынның алтын медалі бар. Назым намысқа тырысса еліміздегі үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы бола алады. Бір қорқытатыны ол олимпиададан кейін шаршы алаңға шықпады.
50 кг. Алуа Балқыбекова (2019, 2022, 2023, 2025) Алуа 2022 және 2023 жылғы әлем чемпионаттарында 48 келіге дейінгі салмақта күміс және қола медаль жеңіп алды. Жаңа салмаққа ауысқан ол қалай өнер көрсетер екен?
52 кг. Анита Адишева. Анита әлем чемпионатына алғашқы рет бара жатыр.
54 кг. Жайна Шекербекова (2012, 2016, 2018, 2022, 2023, 2025) 35 жастағы Жайнаның үш әлем чемпионатының үш медалін жеңіп алғанын білеміз. Әлі де елде өзіне тең келер әйел боксшы жоқ екенін дәлелдеп келеді. Енді мақсат әлемдік сында атой салу.
57 кг. Карина Ибрагимова (2018, 2022, 2023, 2025) Париж Олимпиадасына қатысқан Карина әлемдік додаға 4-ші рет барғалы жүр. Ол бұған дейін 2018, 2022 және 2023 жылдары жеңіс тұғырына шыққанмен ең биік сатысында болып көрмеді. Әлемдік сынның қоласын да, күмісін де жеңіп көрген Ибрагимова енді алсам деген ниетте.
60 кг. Виктория Графеева. Вика да әлем біріншілігіне алғашқы рет бара жатыр.
63 кг. Аида Әбікеева (2022, 2023, 2025) Аида өзі қатысқан екі әлем чемпионатында жолы болмаған спортшы. 2022 жылы Әбікеева болашақ Париж Олимпиадасының чемпионы Иман Халифтан жеңілсе, 2023 жылы әлем чемпионы Янг Ченгюден айласын асыра алмады. Жеребе жолдас болса, Аиданың алар асуы көп.
66 кг. Жасмин Қизатова мен 70 келіде жұдырықтасатын Наталья Богданова үшін биылғы әлем біріншілігі дебют.
75 келі. Надежда Рябец (2022, 2023, 2025) Надежда біраз ден бері бокстан қол үзіп қалған еді. Биыл әлем чемпионатына барғалы тұр. Оның Токио Олимпиадасының қатысушысы және 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері екенін ел біледі.
81 кг. Гүлсая Ержан (2022, 2025) 2022 жылы екінші турда болашақ әлем чемпионы Габриэль Стонкуттаннан жеңіліп қалды.
+ 81 кг. Ердан Талипова – дебютант.
Көріп отырғанымыздай ел құрамасына енген боксшылардың бесеуі әлемдік сын рингіне бірінші рет шыққалы отыр. Лидер саналатын Назым Қызайбай көптен бері шаршы алаңға шықпады. Бас бапкер қыздарды мықтап дайындады деген үміттеміз.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз