(жалғасы-3)
Тәңірінің өзі жарылқаған осы атаудың түп төркіні – Моңғолияның төріндегі Күлтегін, Тоныкөк, Орхон ескерткіш жазбаларымен сабақтасып, құрмаласып жатқан қастерлі ұғым. Оны біз бір сәт көзден таса, көңілден ада ете алмаймыз. Сөйте тұра қазіргі моңғолдар түріктің байырғы мекеніне ие, тарихи зерделері терең, баласынан басшысына дейін ұлшыл бола отырып, тілдері түбірімен түрік тілімен тұтасып жатса да батыстық, іргесіндегі қытайлық, онан қалса түбіттік жадын жаулаған жалған тұжырымдарға бой алдырғаны сонша қамұқ (бүтін, жалпы) түріктен бүйрегін бөлек салып өздерін түрікпіз деп санамайды. Моңғолдардың малданып жүрген жазба жәдігерлерінің бірде-бірінің түп нұсқасы атымен жоқ. Барлары болса қытай мен тибет миссионерлер ламаларының өздеріне оңтайлысын ғана көшіріп көркемдеп хатқа түсіргендері мен шыт жаңа будистік бағытқа ығайлап жазып бергендері болса керек. Бертінгі санаттағы батыстық бастау көздерінің барлығы бәрімізге ортақ «бұлақтар». Ал моңғол үстіртіндегі сан мыңдаған балталаса өшпейтін заттық және рухани ұстыны айқын, тасқа бәдізделген тарлан мұра, тарихи айғақтарға моңғолдар іш тартудың орнына оларға үрке, үдірейе қарап, түрік десе түрпідей жиырылады. Соның салдарынан бүкіл тарихи мұра, жәдігерлері басқаның бөктеріншегі болып, боданында кетіп-ақ жатыр. Олардың осындай дүбәра күйге түсуі екі жүз жыл тума жәдігерлерінің барлығын түгін қалдырмай қиратып, талқандап, тонап, қытай қорғанының табанының астында жаныштаған оңтүстігінен енген үстем езгі мен еңселі, есті ерлерін үйір-үйірімен шіркеу, пұтханаларда қамап ұстауға мәжбүр етіп, жадын жаулаған түбіттің еңсесін езген қуаты зарарлы зорлығы болса, одан қалса қызыл қырғынға шалынып, жетпіс жыл бойы қарғы бауға байланып, темір тепкінің тегеуірінде тірлік кешкен, санасына малшыдан гөрі Маркстің ілімін мол-молынан сіңірудің кесірі болса керек. Сайып келгенде саясатпен астарланған аталған үш кесірдің, өктем іліми індетінің ірі нәтижесі деп көруге болады. Осының салдарынан өздерінің қайдан келіп, қайдан тұрғанын, қашан қалай пайда болғанын күмәнді деректермен дәлелдеп, қылаяғы «моңғол» атауының әлі күнге дейін байыбына бара алмай отыр. Өздерін байтақтың тұрақты тұрғыны, байырғы егесі дей отырып, Алтай, Қаңғай, Кентай (Моңғол жеріндегі) таулары мен шексіз дала төсінде жаһанға жария көне ескерткіштер, тасқа жазылған жазуларды менікі дейін десе онда түрік болып кеткелі тұр. Өйткені Жерінің түгін тартса тал шөбіне дейін түрік деп сөйлеп, тілінің түбін қаузаса түрік тілінде сайрай жөнелетінін көріп, біліп, сезе тұра моңғолдар жерден негіз таппай, көктен көмек іздеп, көрбілте күй кешіп түріктік кеңістіктен өзін аулақ салады. Олардың осы осалдығын дөп басқан Мұхтар Мағауин қалқа-моңғолдарын (халх – Моңғол халқының 90 пайызын құрайтын этнос) әлдебір жақтан ауып келген жұрт деп есептейді. Ал оны тілдік тек қуаттай ма? Тіл дегеніміз адамзат баласының ұлы уақыттың бойында өшкенін жандырып, өлгенін тірілтеді, тіл арқылы тарихымызды түгендейміз.
Ғалымдар моңғол тілін «алтай дәуірі» деген мерзімі анықталмаған кезеңге апарып, сол тұста түркі-моңғол болып бөлінген дей келе, қайсыбірі біртілділік бірлікті былай қойып олардың тілдеріндегі ұқсастықтарын туыстық-генетикасына байланысты емес, керісінше ұзақ уақыттық қарым-қатынас негізінде ғана пайда болған деп дәлелдеп бағады. Қамұқ (бүтін, жалпы) түріктің түрік және моңғол болып бөліне жарылуы орта ғасырдың орта тұсындағы айырым екенін мойындағылары келмейді. Осы пікірге әбден еті өліп, ет-бүйрегі бұрылып, санасы сарсыған ғалымдар (қазақ, моңғол) ақиқатқа жүгінер болса моңғолдардың тілі де, тіні де түрік, ұлы түрік кеңістігінің бір перзенті болып шығатынына күмән келтірмейміз. Бұл тарапта соңғы кездерде моңғолдық тілші және генетик ғалымдар арасында жарқын-жарқын ілгерлеуші ұмтылыстар байқалып қалатындығын да атай кеткен жөн. Биомедицина инженері-ғалым, АҚШ-тың адамзат баласының генетикалық тегін анықтау бағыттында ғылыми зерттеумен айналысатын “ФамилиТрий ДНК” компаниясының (http://www.familytreedna.com/) “Монгол ДНК” жобасының көмекші үйлестірушісі Батбаярын Хэрлэн деген азамат «Шыңғыс ханның генетикалық кодын анықтау сияқты күрделі істі ағылшын, америка, қытайлардың мойнына артып қоймай, өзіміз де үлес қоссақ деген ниетпен осы іске кірістім. Бұл тарапта 2009 жылдан бері қазақтың Жақсылық Сәбитов қатарлы тарихшы, антрополог және генетикалық зерттеу жүргізуші ғалымдармен байланыс жасадым. Моңғолдар мәнжур, қытай текті деген орыс зерттеушісі Сергей Каржавинге Ж.Сәбитов: «Моңғолдар мәнжу мен қытайға генетика жағынан үш қайнаса да сормасы қосылмайды» деп жауап берді. Моңғолдардың Ү-ДНК Гаплогруппасы С3. Бұл жағынан моңғолға ең жақын ұлт қазақ» деп ағынан жарылады. Осы жерде басын аша кететін бір жай, моңғолдар ұзақ жылдар бойы қолданып келген жоғарыдан төмен қарай тік түзілетін, «оқыған сайын бас шұлғытып, түсінікті, ұғынықты дегізіп отыратын» (Б.Ринчин) найман-моңғол жазуын (ұйғыр-моңғол емес, өйткені Шыңғыс хан шапқыншылығы тұсында Найман хандығының ұлыс таңба-мөрін қойынына тығып тасаланбақ болған тұтқын Тататұңғаны еш бір зертеуші найман емес деп дәлеледей алған жоқ. Осы жазудың найман жазуы болатыны жөнінде тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» атты еңбегінде «Тарихта жазуды «ұйғыр жазуы» атауына себеп болған жалғыз себеп бар. Ол 1204 жылы болған найман-моңғол шайқасы кезінде қолға түскен найман орда канцелярисі Тататунғаның тегі ұйғыр болғандығы ғана. Тататунғаның Найман, Моңғол мемлекетіне сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Тататунға найман ордасының концеларисі болды екен деп бүкіл халықтың, мемлекеттің мәдениетін бір адамның атына жазу, оның шыққан тегі ұйғыр болғаны үшін найман ханының таңба мөріндегі жазуды «ұйғыр жазуы» атандыру тарихта орын алып келген үлкен қателіктердің бірі» дейді, 183-185 беттер ) тастап, 1946 жылы орыс гафикасын (криллица) қабылдағанда (қабылдатқанда – Б.Б) түрік және моңғол тілдеріндегі бірдей дыбыстар жазуда әр түрлі таңбалануы тілдік тұтастыққа айтарлықтай нұқсан келтіріп қана қоймай, бір мағыналы, бір ұғымды беретін түсінікті сөздердің түсініксіз болуына әкеп соқтырды. Моңғолдық әліпби құрамына қазақ тілінің «ң», «і», «ұ», «ғ» қатарлы дыбыстарымен бірдей дыбыстардың енбей қалуы түрік-моңғол тілдерінің ара жігін тіпті алшақтатып жіберді. Соның салдарынан моңғол тілінің ережесі бойынша «моңғол» деп айтылатын сөз «монгол» болып жазылуы керек болды. «Гар» (қол) деп жазып, «ғар» деп оқытты. Қазақ тілінде қолдың қары деп атаймыз. «Алтан» айтылыуы «алтын», «төмөр» айтылуы «төмір» (темір), «булаг» (бұлақ) айтылуы «бұлыг», «тэнгэр» (тэңгір)…
Тілдік материалдарды бір-бірімен салыстырғанда ғана оның қазіргі жайын бұрынғы тарихымен байланыстыра аламыз. Соның нәтижесінде көптеген белгісіз қоғамдық құблыстардың жұмбағы шешіліп, тарихи құпия сырлардың беті ашылады. Тарихты жаңаша сипаттауда, тәуелсіз өздік бостан санамен жаңалап, саясиландырмай шынайы жазуда бұның берер пайдасы зор болмақ.
«ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» деп ағынан жарыла айтқан Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың асыл сөзін алдыға ұстай отырып сонау ХІ ғасырдағы түрік тілінің қазіргі моңғол тілінде қаншасы, қалай көрініс тапқанын зерделеу түрік және моңғол тілі арасындағы әлі күнге дейін ашылмай жатқан жұмбақтардың шешуін табуға септігін тигізер деген ойдамыз. (жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз