Қытайдың Наньчан қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Ол сында жарыс жолына шыққан Қазақстан құрамасының спортшылары төрт жүлдеге ие болды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта алғашқы жүлдені қоржынға Стелла Суханова салған. 1000 метрге байдаркамен жарысқан Стелла Қытай спортшысын ғана алға жіберіп алды. Ересектер арасындағы АЧ-дағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізген Стелланы құттықтаймыз. Одан соң жарыс жолына
Сергей Емельянов пен Полат Төребеков шықты.
500 метрге каноэмен жарысқан олар мәре сызығын екінші болып кесті. Ал әлем чемпионатының қола жүлдегері Мария Бровкова 500 метрге бақ сынасқан каноэшілер жарысында үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ байдаркамен 500 метрде жарысқан Қазақстан құрамасы микст сынында 3-орынға табан тіреді. Азия қоласын иеленген құрама сапында Ольга Шмелёва, Татьяна Токарницкая, Жахонгир Жамедов, Кирилл Тубаев сынды спортшылар болды. Біздің төрттік ақтық сында Қытай мен Жапония командасына жол берді.
Одан бөлек ақтық сында күш сынасқан Тимофей Емельянов жетінші, Ульяна Кисилёва/Маргарита Торлопова төртінші, Денис Кленин төртінші, Нұржан Муфтукулұлы, Диас Ержанов алтыншы нәтиже тіркеді.
Әзірге 8 алтын медаль жеңіп алған Қытай құрамасы көш бастады. Ертең шешуші жарыс күні қалған жүлделер сарапқа салынады. Қазақстан қоржынында 2 күміс, 2 қола бар.
Биылғы сары құрлық бәсекесінде 20 елден келген 340 таңдаулы спортшы сынға түсіп жатыр.
Түгелбай Бисен
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі