Фото: theeuropetoday.com
Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында “Sharjah Masters International Chess Championship 2025” халықаралық шахмат турнирі өтті. Оған рейтиңі 2453-тен 2771-ге дейінгі 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты.
Жарыс қорытындысында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Бибісара 2 541ұпайы бар қытайлық Чжу Цзиньэр мен 2 469 ұпай жиған үндістандық спортшы Дивья Дешмухтан басым түсті.
Осы жарыста қазақстандық Эдгар Мамедов, Бибісара Асаубаева және Ринат Жұмабаев мүмкін болған 9 ұпайдың 5-ін жинап, тиісінше 24, 28 және 29-орындарға тұрақтады.
Айта кететін тағы бір жайт биыл ғана 14 жасқа толған Эдгар Мамедов гроссмейстер атағын алуға қажетті нормативтерді бұрынырақ орындады.
Бұл жолғы турнирде алдында жинаған қажетті рейтинг көрсеткішінен де асып түсті.
Енді Бибісара Асаубаева мен Эдгар Мамедов қазақстандық жаңа гроссмейстер ретінде таныстырылады. Олардың атақтары ФИДЕ Президенттік кеңесінің (2nd FIDE Council 2025) алдағы отырысында ресми түрде бекітіледі.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз