Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі өткен жыл қорытындысы бойынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері жайында деректерді ұсынды.
Статистикада бұқаралық және өзге де спорт түрлері қамтылған.
Деректерге сүйенсек, елде ең көп қатысушысы бар үйірме көшін футбол бастап тұр.
Аяқдопқа құмартқандар саны – 1 113 299 адам.
Айта кететін тағы жайт, жоғарыда көрсетілген футболшылардың жартысынан көбі ауылдық жерде тұрады.
Бұл – футболдың ел аумағында кең тараған әрі қолжетімді спорт түрі екенін дәлелдейді.
Одан кейінгі орынға классикалық волейбол жайғасты.
Әуе доппен 767 580 адам айналысады. Волейболшылардың 421 035 ауылда тұрады.
Баскетболмен 541 819 адам шұғылданады. Бұл спорт түрі үшінші орынға орнықты. Ауылдағы ағайын туралы айтар болсақ, ол жерлердегі баскетболшы саны – 238 853.
Футзал төртінші орынды. Бұл спорт түріне аңсары ауғандар саны – 368 349, оның – 130 744 ауылда тұрады.
Жеңіл атлетиканы жанына серік еткендер саны – 347 654. Спорт ханшайымымен ауылдық жерде – 174 261 адам айналысады.
Танымал спорт түрлеріне шахмат та кіреді. Ойы ұшқыр спортшы саны – 278 101, оның ауылдық жердегі үлесі – 128 243 адам.
Кирилл Гирасименкоға еліктеген 262 835 адам үстел теннисімен айналысады. Ал ауылда тұратын үстел теннисшілерінің саны – 127 416.
Интелектуалды ойындардың сұранысқа ие екені қуантады. Өйткені дойбымен елімізде 213 490 адам айналысса, оның 115 198 ауылда.
Бұл тізімге екі ұлттық спортымыз енді. Алғашқысы тоғызқұмалақ.
Бұл интеллектуалды спорт түрімен 202 217 адам айналысады. Оның – 119 302 ауылда.
ТОР-қа кірген екінші ұлттық спортымыз—қазақ күресі. Бұл спорт түрімен 160 399 адам шұғылданады. Оның – 87 030 ауылда тұрады.
Көрсеткіш жаман емес. Спортқа деген қызығушылықтың жоғарылап келе жатқаны қуантады. Десе де әлі кей өңірдегі спорт инфрақұрылымы көңілден шыға қоймайды. Министрлік осы мәселені шешуге күш салады деген сенімдеміз.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз