///

Есенгүл Кәпқызы: “Шалқар” газеті – менің шығармашылығымның бағдары іспетті

49 рет қаралды
фото: Wikipedia

Осы естелікті жазу үшін талай оқталдым. Тіпті бірнеше рет бастап қойдым да, алайда, файлымды таппай қалдым. Сөйтіп жүріп біраз уақытты өткізіп алыппын.

Жалпы, “Толқыннан толқын туады” демекші, ойды ой қуалап, бір естелік, бір естелікке түрткі болып, сол замандардың толық бір картинасы көз алдыңа әкеле қояды ғой.

1990 жылдардың аласапыраны, қым-қуыт, апалас-төпелес заманы сол жылдары балалық шағы өткен, жалындаған жастығы тап келген буынның есінде мықтап қалып қойғаны бесенеден белгілі. Өйткені бұл кезең әрбіреуіміздің жүрегімізге ұмытылмастай таңба салғаны айқын.

1993 жылдың 15 қарашасында біздің төл валютамыз теңге дүниеге келді. Бүгінгі ұрпаққа бұл өзінен өзі бола салғандай әсер етуі мүмкін. Алайда, соның алдыңдағы қоғамдық хаосты жеткізуге тіл жетпес. Адамдар бүгіннің не болып жатқанын бағамдай алмай тұрғанда, ертеңінен не күтсін. Көптеген жақсы мамандар мынау деген жұмысын тастап, қара базарда ала қап арқалап кетті. Ең сорақысы, сол ала қап арқалағандардың арқа еті арпа, борбай еті борша болып жүрсе де, олардың бағы мен бәсі кабинеттерде отырған мынауский мамандардан әлдеқайда жоғары еді.

Пашкі-пашкі ақша санап, шырт-шырт түкірген олар бай еді, бар еді, бардам еді. Бәлкім содан болар, айлығы шайлығына жетпей отыратын біздерге үнемі жоғарыдан көз тастайтын. Неге екенін қайдам, жалпы біздің әулет өзгелер секілді жұмысын тастап, базар жағаламады. Атпал ағаларым да, бірді екі ететін жеңгелерім де, сен тұр мен атайын дейтін жезделерім де, әлекедей жаланған әпкелерім де бар еді. Алысқа бармай-ақ, өздерінің көз алдарында, мұрындарының үстінде қаншама тұрғыластары, базар барып, саудалары күсет болып жатты. Бірақ, бұның біріне де селт етпедік.

Мен осы уақытта ҚазҰУ-дың Филология факультетінде төртінші курста оқитынмын. Рубль теңгеге ауысқанымен, қазынада ақша жоқ, бір замандар еді ғой. Біраз уақыт болды, стипендиямыздан хабар жоқ. Қатты торығып, күнкөрістің қамын ойлап жүрген күндер болатын.

Жұмыс іздеймін. Бір қызығы, өзгелер секілді кафе, ресторан жағаламаймын. Базар жақты араламаймын, редакциялардың есігін тоздырамын. Cөйтіп жүріп, бірде өзім біраз уақыттан бері етене болып қалған “Шалқар” газетіне барсам, секретарьшасы жұмысқа келмегелі біраз уақыт болыпты. Недеген кең заман десеңізші, қазір болса үш сағат жұмыста себепсіз болмасаңыз жетіп жатыр, жұмыстан шығарып жіберуге жеткілікті сылтау болар еді. Бірақ, ол заманда Перизаттың қайда кеткенінен бейхабар отырса да, келеді, деп арқаларын кеңге салып отыр екен. Мен осы жұмысты көздеп жүрмін. Күн сайын, жатсам, тұрсам, оның жұмысқа қайта оралмауын тілеймін. Сөйтіп жүріп, машинка басып үйрене бастадым. Ол заманда ауыр, зілдей электр машинкалар еді ғой. Токқа қосып қойып, тарсылдатып баса беретінбіз. ҚазҰУ-дың Филология факультетінің 4-курсында оқитын менің сабағым түске дейін болатын. Түстен кейін салып ұрып, қазіргі Жібек жолы, бұрынғы Горький 50-де орналасқан редакциялар үйіне барам. Жиналып қалған біраз құжатты машинкаға басамын.

фото: ЖИ

“Шалқар” газетінің сол кездегі бас редакторы Уахап Қыдырханұлы ағамыз да жоқ екен. Еуропаға бір сапармен кетіпті. Кіре берісте хатшы қызбен бірге тағы екі апай отырады. Біреуі Жамал апай, ол кісі кириллицадағы жазуларды төте араб әліпбиіне аударады. Жазуы маржандай еді. Төте араб әліпбиімен теретін жазу машинкасы жоқ болғандықтан, Жамал апай барлық жазбаны қолымен жазатын. Екінші апайдың атын ұмыттым, ол кісі корректорлық қызмет атқаратын. Барлық кириллица мен төте араб жазуындағы материалдардың қатесіне шұқшиятын. “Шалқар” газеті алыс пен жуықтың басын қосуға арналған, шетелдегі қазақ диаспорасына Қазақстан туралы ақпарат таратуды көздейтін басылым еді. Сол себепті де сегіз беттің ортасындағы айқара екі беті ғана кириллицамен жарық көретін. Қалған материалдарды төте араб жазуымен жариялайтын.

Әзірге мен осы газеттің босауы мүмкін секретарьшасының орнынан дәмелімін. Одан озып, басқа жұмысты істей қоямын деп ойлап та жүрген жоқпын.

Бір күні таңертең ертемен келіп, машинка басып отыр едім, Уақап ағай келді. Түсі маған суық секілді көрінді. Қорыққаным сонша, орнымнан атып тұрдым. Ағай менің сәлеміме сүле жауап берді де, тазалықшы әйелдің төңкеріп үстел үстіне қойып кеткен орындықтарды нұсқап:

– Мынау неғып тұр, – деді. Дауысы зілді еді.

Сөйтсем секретарьшаның міндетіне кабинетті реттеу, бастықтың үстелінің шаңын сүрту кіреді екен. Оны мен қайдан білейін. Абырой болғанда, сол күні бір айдан астам уақыт із-түзсіз кеткен Перизат та келіп қалмасы бар ма? Қасында бір қыз бар. Редакциядағылардың барлығы, оны қоршап алған, қайда кеткенін тәптіштеп сұрап жатыр екен. Менде бір үміт оты оянғандай болып еді, көп ұзамай өшті. Перизат  қасындағы қызды нұсқап:

– Сіңлім, менің орныма жұмысты осы қызға тапсырамын, – дейді. Менің көзім атыздай болып кетті. Ешкім “бұл орынға кімді жұмысқа алатынымызды сен шешпейсің?” демеді. Менің барлық үмітім аяқасты болды. Енді ше, бір ай бойы тегін жұмыс істесем, бұл орынды өзіме әбден ыңғайлап алсам, шешімді редакция алқасының жетекшілері емес, секретарьша қабылдап тұрса.

Бір кезде мені Ғалым аға (Тыныбаев) шақырды:

– Төте араб әліппесін қаншалықты білесің?

– Білем, – дедім сеніммен.

Мектепте 9 сыныпты оқып жүрген кезімде, Баян-Өлгий аймақтық Жазушылар бөлімшесінің жетекшісі Кәкей Жаңжұңұлы (марқұм) төте араб жазуының үйірмесін ұйымдастырған еді. Бес төгрөг төлеп, сол курсты аяқтап алғанмын. “Төте жазу әліппесіне шешілді” деген куәлігім әлі күнге сақтаулы.

Университеттің бірінші курсынан “Түркология” пәнін өтетінбіз. Осы пән аясында түркі халықтарының жазуларымен де таныса бастадық. Сол кезде Төте араб әліппесін қайталаудың сәті түскен. Ендеше білем демегенде, не деймін? Оның үстіне осы жазуды білетінім менің еңбек жолымды бастауыма себеп болайын деп тұрған секілді.

– Корректор жұмыстан босап жатыр. Соның орнына сені ұсынайын деп едім, – Ғалым ағай қашан да сабырлы, салмақты қалпымен.

Сөйтсем тағдыр маған өзгеше сыйын дайындаған екен.

Ғалым ағай мені төменге газет дайындалатын цехқа ертіп келді. Лифтінің ішінде маған хұсни хатпен өрнектелген бір жазуды көрсетті:

– Оқи аласың ба?  – деді. Мен жазуды шығара алмадым.

– “Шүршіт шапқан” дейді. Қабдеш ағаңның (Жұмаділовты айтады) жаңа романы екен. Газетке басып жатырмыз,  – деді. Жүзінде “бұл жұмысты игере аласың ба?” деген сауал тұрғандай еді.

“Дәуір” баспасының жертөлесінде линотип аталатын қорғасынмен жұмыс істейтін баспа станоктары бар екен. Бәрі бір уақытта қосылғанда, неше түрлі дыбыс шығарып, есіңді алады. Соның бір екеуі “Шалқар” редакциясына тиесілі екен. Осы қорғасын станоктар біздің машинкаға басып әкелген кириллицадағы мәтіндеріміз бен Жамал апайдың маржандай тізілген қолжазбасын қорғасынмен теріп, қағазға шығарып береді. Оны “гранка” деп атайды екен. Корректордың міндеті осы гранкаларды біріне-бірін қосып, желімдеп алып, оқу, қатесін табу.

– Жоғарыда кезекші редактор оқыған беттерді де осында тасымалдап әкелу сенің міндетіңе кіреді, – деді Ғалым ағай, – сол үшін сені осында ертіп әкелдім. Келесіде өзің жол табасың ғой.

– Тауып қалармын, – дедім күмілжіп, әлі де өзіме сенімсіз едім. Бұл 1994 жылдың Сәуір айының соңғы күндері болатын, ұмытпасам 26-сы еді. Маған мамырдан бастап екі айлық сынақ мерзіміне бұйрық шықты. Секретарь емес, корректор қызметіне орналастым.

Төте жазуды білемін дегенім өтірік екен. Оны шығарып оқу, жылдамдықты үйрену, қатесін табу – әжептәуір уақытымды алды. Қадалып отырып, үйренемін деп екі көзіме салмақ түсіпті, көздерім қызарып кетті. Сөйтсем тамырлары жарылған екен. Бірақ әзірге мен оған алаңдап жүрген жоқпын, жұмысқа әбден беріліп, екі ай сынақ мерзімінен аман-есен өтуді ғана армандап жүрмін.

Бір күні газет шыққаннан кейін әдеттегідей универдегі кафедраның телефонынан “Шалқар” газетінің редакциясына хабарластым. Телефонның аржағынан Жамал апайдың қоңыр үні естілді:

– Алло?

– Алло, апай, мен ғой Есенгүл.

– Балам, – апайдың үні жұмсақ болғанымен, дауысында бір алаңның барын байқадым, – тезірек жет. Газетте өрескел қате кетіпті. Редактор (Уақап ағайды айтады) қатты ашулы, түстен кейін жиналыс жасамақ.

Сабақ өз жайына қалды. ҚазМУ қалашығынан Көкбазарға дейін N9, N11 троллейбустар қатынайтын. Салып ұрып Жібек жолы елуінші үйге кетіп барамын. Жол бойы не ойламады дейсіз?

Көкбазарға жеткенше бір сағаттай уақыт өтті. Троллейбустан түсісімен алқынып, “Шалқар” газетінің редакциясы орналасқан жетінші қабатқа көтерілдім. Төртінші курсты оқып жүрмін десем де, баламын ғой. Есікті имене аштым. Қорқыныштан жүрегім атқақтап тұр. Газеттің қабылдау бөлімінде отырған Жамал апай:

– Кел, айналайын, – деді қоңыр үнмен.

Аса бір толғаныспен орныма келіп отырдым. Байыз табар емеспін. Қабылдау бөлмесінің бір қанатында отырған Ғалым Тыныбаев ағаның бөлмесіне кірдім. Ғалым ағай қазір ұрсып беретін шығар деп ойладым:

– Кел, балам. Газетте өрескел қате кетіпті. Уақаң қатты ашулы. Күт, түстен кейін жиналыс жасамақ.

Бәріміз Уақап ағайдың бөлмесіне жиналдық. Ағай шынында қатты ашулы еді. Жамал апайды жиналыстың хатшысына тағайындады. Бәрімізге қырғидай шүйлігіп отыр. Өз ісіне немқұрайлы қараған газеттің бас редакторының бірінші орынбасары Құрманбай Толыбаев, жауапты хатшы Ғалым Тыныбаев, сол күні газеттің кезекші редакторы болған Қазтай Әбішев бәрі-бәрі жұмыстан шығарылсын деді. Кезек маған келді.

фото: ЖИ

– Екі айлық сынақ мерзімінен өтпеді, оқуын оқысын, сосын жұмысын жалғастырар, – деді. Өңім бұзылып кетсе керек, – қарсы алдымда отырған Жамал апай бір жапырақ қағазды алдыма тастай салды. Ашып оқысам:

– Қорықпа, ол алдап отыр, – деп жазыпты.

Десе де, көңілімдегі алаң басылмады. Жамал апай рас айтыпты. Ешкімді жұмыстан шығармады, газетті жабамын дегені де қорқытқаны екен. Есесіне бәріне сөгіс жариялап, сыйақысын кесіп тастады. Бірақ мен одан аман қалыппын. Маған тек ескерту, Ғалым ағалардың (Ғалым Тыныбаев пен Ғалым Қалибекұлы) айтуынша, мені барлық қызметкер қорғаған екен.

– Ол әлі жас қой, талаптанып жүр, үйреніп кетеді. Ешкім оған корректорлықты үйреткен жоқ. Сондықтан, тәжірибесіздігін, жастығын ескеріп, ескерту ғана жасайық, – дедік. Редактор да иланды, – десті.

Сөйтіп менің редакциядағы алғашқы қадамым басталған еді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар