//

Halyk Almaty Air Initiative қорының стратегиялық серіктесі болды

228 рет қаралды

Еліміздің ірі банкі мен Алматыдағы ауаның ластануына қарсы күрес қызметімен танымал Almaty Air Initiative жеке қоры қаладағы ауасапасын жақсарту жөніндегі экологиялық бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін күш біріктіреді. Бүгін Меморандумға Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова және қордың негізін қалаушылардың бірі, inDrive бас директоры Арсен Томский қол қойды.

“Қазгидромет” РМК мәліметінше, соңғы 5 жылда Алматыда ауаның ластану деңгейі өскен: егер 2020-2023 жылдардың төртінші тоқсанында ол жоғары деп бағаланса, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш “өте жоғары” деңгейге жеткен. Мегаполистегі ауаның сапасы мәселесі сарапшылардың да, жалпы жұртшылықтың да алаңдаушылығын тудырады. Almaty Air Initiative қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, Алматыда PM2.5 орташа жылдық концентрациясы 2024 жылы 24,08 мкг/м3 болған, бұл ДДСҰ нормативтерінен 4,8есе артық. Айта кетейік, PM2. 5 – биологиялық кедергілерден өтіп, адам денсаулығына қауіп төндіретін ауадағы қатты микробөлшектер және сұйықтықтың ең кішкентай тамшылары.

Меморандумға сәйкес, Алматыда ауаны тазарту мәселесін шешу үшін Halyk Bank және Almaty Air Initiative бірнеше бағытта жұмыс істейтін болады. Яғни, олардың мақсаты – зерттеу жүргізу, экологиялық жағдайды бақылау, шығармашылық жобалар арқылы басты мәселеге назар аударту, инфрақұрылымдық өзгерістерді қолдау. Қазіргі уақытта Almaty Air Initiative қоры қала әкімдігінің “Алматы қаласының атмосфералық ауасының жай-күйі жөніндегі ережелерді” әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кіреді. Сондай-ақ, Алматы қалалық әкімдігімен бірлесіп, қалада шығарындылар азайған аймақтарды (LEZ – low-emission zones) енгізу бойынша ақпараттық-коммуникациялық компанияларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

“Алматы – ең ғажайып қалалардың бірі. Оның энергиясы, табиғаты мен мәдениеті қаланы өмір мен жұмыс үшін тартымды ететін ерекше атмосфера жасайды. Алайда ластанған ауа оның толық әлеуетіне жетуіне жол бермей тұр. Біздің мақсатымыз – Алматы өмір сүруге ыңғайлы және қауіпсіз қалаға айналуына барынша жәрдемдесу. Бұл жалғыз адам жеңе алатын қиындық емес. Мұнда тұрғындардың, бизнестің, ғылымның және мемлекеттің бірлескен күш–жігері қажет.

Halyk Bank-пен серіктестік қор үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлес қана емес, бизнестің қоғамға қосқан үлесінің мықты мысалы. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Күш-жігерді біріктіре отырып қана біз Алматыда қайтадан еркін дем алуға қол жеткізе аламыз”, – деді inDrive компаниясының CEO-сы және Almaty Air Initiative қорының негізін қалаушылардың бірі Арсен Томский.

“Halyk елімізде алғашқылардың бірі болып ESG қағидаттарын енгізуді қолдады. Жылдан жылға біз қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өзіміздің экологиялық бастамаларымызды іске асырамыз. 2021 жылы банк Алматыда 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырды, сондай-ақ газ өткізуге жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы іске қосылды. 2023 жылы әлеуметтік газдандыру бағдарламасы аясында банк Алматыда тағы 115 және Астанада 100 үйді табиғи газға қосуды қаржыландырды. Сондай-ақ, біз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған “жасыл қаржыландыруды” белсенді қолданамыз. Almaty Air Initiative қорымен әріптестік –  экологияның кері әсерін төмендетудегі және отандастарымыздың өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы тағы бір қадам”,- деді Halyk басшысы Үміт Шаяхметова.

Almaty Air Initiative (AAI) қоры 2024 жылы құрылды. Қор өз қызметінің басынан бастап бірқатар ірі жобаларды жүргізді. Олардың қатарында Satbayev University-мен бірлескен форсайт сессиясы, Low Emission Zone бағыты бойынша Logika Group жетекші британдық консалтингтік компаниясын тарту, «Алматы, ОК жить со смогом?» деректі фильмі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ластанған ауаның түрлі әлеуметтік топтардың денсаулығына зиян әсері туралы арнайы жобалар, ғылыми және маркетингтік зерттеулер және тағы басқа да бастамалар. Қазіргі уақытта қор түрлі ластаушы заттардың бар-жоғын өлшейтін датчиктер санын көбейту арқылы ауа сапасын бақылаудың қолданыстағы желісін кеңейтіп жатыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар