16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда. Істі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. 15 мамыр күні өткен сот отырысында бірнеше айыпталушы жауап беріп, тараптар түрлі өтініштерін білдірді.
Нұрбол Тоқтаубаев айыпты жартылай мойындады
Сотта жауап берген айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты ұрғанын мойындады. Алайда ол «Хутор бандасына» қатысы жоқ екенін айтып, оқиға орнында ешқандай қоқан-лоқы көрсетпегенін мәлімдеді.
– «Мен “Хуторский” деп өзімді таныстырған жоқпын. “Хуторский 95” деген сөз айтылмады. Мен 1991 жылы туғанмын. Оқиға кезінде “Денсаулық қойып тастайсың” деген де сөз айтылмады», – деді Тоқтаубаев сотта.
Бұған дейін марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов айыпталушының «Біз Хуторскийдің жігіттеріміз» деп айтқанын жеткізген болатын.
Тергеу кезіндегі қысым туралы мәлімдеме
Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде күш қолданылғанын айтып, алғашқы жауаптарынан бас тартты. Оның сөзінше, полиция бөлімінде соққыға жығылып, психологиялық және физикалық қысым көрген.
– «РУВД-да опер қызметкерлер бізге қысым жасады. Жауаптарымды мәжбүрлеп жаздыртты. Мені де, інімді де ұрды. Бетімізге пакет кигізіп, азаптады. “Мынаны былай жаз, әйтпесе түрмеге кетесің” деп мәжбүрледі», – деді ол.
Оның адвокаты азаптау дерегі бойынша прокуратураға шағым жолдағанын, бірақ нақты жауап әлі алынбағанын айтты. Прокурорлар шағым бойынша шешім қабылданғанын және тиісті құжат келесі сот отырысында ұсынылатынын хабарлады.
Сот ісін қайта тергеуге жіберу туралы өтініш
Сол күні Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы сотқа істі қайта тергеуге жіберу туралы өтініш білдірді. Адвокаттың айтуынша, айыпталушыларды күдікті деп тану туралы қаулы қылмыстық іс материалдарында мүлде жоқ. Бұл – процессуалдық тәртіптің өрескел бұзылғанын білдіреді деді ол.
– «ҚПК-нің 64 және 202-баптарына сәйкес, күдікті деп тану туралы қаулы прокурормен келісіліп, ресми түрде рәсімделуі тиіс. Алайда мұндай құжат бұл істе жоқ. Демек, күдіктілерге қатысты қудалау заң бұзушылықпен басталған», – деді адвокат.
Алайда прокурор өтінішті қабылдамауды сұрап, барлық күдіктілер заңды түрде танылғанын мәлімдеді. Сот төрағасы Ержан Жанұзақов бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Азамат Тоқтаубаев пен бейнебеттестіру
Сотта жауап берген тағы бір айыпталушы – Азамат Тоқтаубаев. Ол мылтықты басқа айыпталушы – Нұрқияс Ілиясов бергенін айтты. Сонымен қатар, оған қатысты марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевпен тергеу кезіндегі беттестіру видеосы көрсетілді.
Видеода Ғайыпбаев Азамат Тоқтаубаевты пышақ ұстаған деп айыптап, «16 жастағы бала саған не істеді?» деп сұрайды. Бірақ Тоқтаубаев бұл айыптаулармен келіспеді.
– «Қолымда пышақ болмаған. Ешкімге қол көтермедім. Бірақ төбелесті менімен келгендердің бірі бастағанын жоққа шығармаймын», – деді ол.
Дархан Әскентайдың жауабы
Айыпталушы Дархан Әскентай сотта төбелеске қатыспағанын айтып, керісінше жәбірленуші Ғайыпбаевты арашалауға тырысқанын жеткізді. Оның сөзінше, сол күні дүкенге сыра алуға барған, бірақ қақтығысқа араласпаған.
Сондай-ақ оның адвокаты сотталушының суреті әлеуметтік желілерде тарағанына шағымданды. Алайда судья төрт айыпталушы ғана бейнесін жарияламауды сұрағанын, ал Әскентайдың өзі фотосына тыйым салмағанын айтты.
Сот төрағасы ескерту жасады
Сот төрағасы Ержан Жанұзақов әлеуметтік желіде тарап жатқан пікірлерге байланысты сотқа қатысушылар мен блогерлерге ескерту жасады. Оның айтуынша, тергеу аяқталып, сот үкімі заңды күшіне енбейінше, қандай да бір құқықтық баға беруге болмайды.
– «Сот барысына қатысты субъективті пікір білдіру, әлеуметтік желіде заңға қайшы тұжырымдар жазу – бұл процестің әділдігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан барлық тараптардан заң аясында әрекет ету сұралады», – деді судья.
Еске сала кетейік, келесі сот отырысы 16 мамыр күні сағат 10:00-де жалғасады.
Парақшамызға жазылыңыз