///

«Мойныма алуға келістім»: Шерзат Полат ісі бойынша басты айыпталушы жауап берді

353 рет қаралды
Коллаж: minber.kz

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша 21 мамырда өткен сот отырысында басты айыпталушы Абзал Шынасыл алғаш рет егжей-тегжейлі жауап берді. Ол тағылған айыптардың кейбірін мойындап, кейбірін жоққа шығарды. Сот отырысы барысында сотталушы Абзал Шынасыл мен марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев арасындағы беттестіру видеосы көрсетілді және марқұмның жарақаттары туралы сараптама жарияланды.

Айта кетейік, аталған іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.

«Нұрқанатқа пышақ ұрдым»

Сот отырысында Абзал Шынасыл бұған дейін өзіне тағылған «Адам өлтіру» айыбын жоққа шығарып, тек Шерзаттың ағасы – Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққанын растады. Оның айтуынша, ол бұл әрекетті өзін-өзі қорғау мақсатында жасаған.

«Барсам екпетінен жатты. Құймышағы ашық жатыр екен. Сол жерде пышақты екі-үш сантиметр ғана ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Сосын бәрі “кеттік” деді де, кетіп қалдық», – деді ол.

Сот барысында Шынасыл оқиғадан кейін пышақты сүртіп, дизи (ыдыс жууға арналған сұйықтық) сұрап алғанын, қол іздерін жоюға тырысқанын да мойындады.

«Тергеу кезінде мойныма алуға мәжбүр болдым»

Абзал Шынасыл сотта тергеу кезінде Шерзат Полатты өлтіргенін мойындауға қысым болғанын айтты. Оның сөзінше, полицияда және кейін уақытша ұстау изоляторында (ИВС) күдіктілер өзара келісіп, істі бір адамның мойнына арту туралы шешім қабылдаған.

«Тергеушілер “бұл істі бір адам жасаған, егер біреу мойындамаса, бәріңе қиын болады” деді. Газель көлігінде келе жатқанда Равиль Сәкиев “біреуің мойындай салыңдар” деді. Қасымда пышақ болған соң, өзімді қылмыс жасап, оны жасырып жүргендей сезіндім де, “мен мойындай салайын” дедім», – деді ол.

Оның айтуынша, беттестіру кезінде де барлығы ақылдасып, әркім өзі жасаған іске жауапты болуға келіскен.

«Нұрқанатқа пышақ сұққанымды мойындаймын, бірақ Шерзатқа қол тигізген жоқпын», – деді ол.

Беттестіру кезіндегі бейнежазба 

Сотта көрсетілген бейнематериалда марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев Абзал Шынасылдың інісі Шерзатқа пышақ сұққанын айтады. Оның айтуынша, төбелес кезінде Шерзат ағасына қашайық дегенде, Шынасыл оған қарай ұмтылып, пышақ сұққан.

«Шерзат жан даусымен “Нұрқанат аға, келші, маған бірнәрсе тығып алды” деп айқайлады. Мен жүгіріп бардым. Құшақтап көмектесейін дегенде, арқа жағынан пышақтың терең кіргенін байқадым. Аузынан қан кетіп жатты», – дейді Ғайыпбаев тағы бір бейнежазбада.

Прокурор: «Шерзаттың денесінен 2,5 см жарақат табылды»

Прокурор Дана Сәрсенбай мәйітке жасалған сот-медициналық сараптаманың нәтижесін жария етті. Онда Шерзат Полаттың денесінде бірнеше жарақат анықталған. Соның ішінде, арқаның сол жақ қабырға тұсында 2,5 см тереңдіктегі кесілген жарақат ерекше назарға ілінді.

«Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр қан дақтары, көгерген іздер, ернінде және екі қолында жарақаттар бар. Сол қолының бесінші саусағында бір сантиметрлік, оң білегінде екі сантиметрлік жара бар. Арқасының сол жақ қабырғасында өткір затпен жасалған сұғылмалы-кесілмелі жара анықталды», – деді прокурор.

Бұл жарақаттар пышақ жарасы екенін сарапшылар растап отыр.

Жәбірленуші тарап: «Шерзаттың бетінде де жарақат болды»

Бұған дейін Шерзаттың анасы ұлының бетінде жарақаттар болғанын айтқан еді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сол дерекке сүйеніп, сотталушы Абзал Шынасылдан марқұмның бетіндегі жарақаттары туралы сұрады.

«Шерзатқа менің қолым тиген жоқ. Ол мені ұрған жоқ», – деп жауап берді айыпталушы.

Өткен сот отырысы

Еске сала кетейік, 16 мамырда өткен сот отырысында бірнеше айыпталушыдан жауап алынып, жаңа деректер айтылды. Азамат Тоқтаубаевтың бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақ Абзал Шынасылдың пышақ сүртіп отырғанын көргенін айтты. Нұрқияс Ілиясов Шерзат Полатты алғаш болып ұрғанын және Нұрқанат Ғайыпбаевты мылтықтың дүмімен соққанын мойындады. Шыңғыс Белғожаев марқұмды ұрғанын сотта растады. Равиль Сәкиев болса, өзіне тағылған адам өлтіру айыбымен келіспейтінін айтып, Абзал Шынасылдың «Мен пышақтадым, мойныма алам» деген сөзін естігенін жеткізді.

Іс бойынша 9 адам күдікті

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша барлығы 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі – кәмелет жасқа толмаған. Айып тағылған баптар қатарында «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бар. Күдіктілердің басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты толық мойындамаған.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар