Астанада өтіп жатқан IBSA Judo World Championships Astana 2025 әлем чемпионаты басталды.
Жарыстың алғашқы күні қазақстандық спортшылар бір алтын, бір күміс, үш қола еншіледі.
Алтын жүлдегі J2 санаты бойынша 81 келі салмақта белдескен Бексұлтан Құлмырза жеңіп алды.
Ақтық сында отандасы Ғалымжан Смағұлұлымен күш сынасқан Бексұлтан қарсыласын иппон әдісі арқылы жеңді.
Бексұлтан жарыстың 1/8 финалында Германиядан келген Самуеэль Ван Меллені, 1/4 финалда ұлыбританиялық Еван Моллойды, жартылай финалда Лондон Паралимпиадасының жүлдегері Шахбан Курбановты жеңді.
Ал Ғалымжан Смағұлұлы 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Донгхун Кимді, ширек финалда Оңтүстік Африка өкілі Жак Жоубертті жеңсе, жартылай финалда литвалық Освалдас Барейкистің жауырынын жер иіскетті.
Одан бөлек жарыстың алғашқы күнінде Айназ Құралова J1 санаты 46 келіде, Даяна Федосова 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және Ерғали Шамей 81 келіде қола жүлдеге ие болды.
Парадзюдодан әлем чемпионаты мамырдың 15-не дейін жалғасады. Елордада алғашқы рет ұйымдастырылған бәсекеге 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып жатыр.
20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасындағы салмақтар болса, төртеуі жаңа салмақ.
Чемпионат 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие.
Түгелбай Бисен
Фотолар авторы: Олжабай Арлан
Парақшамызға жазылыңыз