Астанада басталған дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік бәсекесінің алғашқы күні аяқталды. Әлемнің 44 елінен келген 358 татами шеберінің алғашқы легі өз салмақтарындағы медаль иегерлерін анықтады.
Алғашқы жарыс күні 60, 66 келідегі ерлер және 48, 52, 57 келі тартатын әйелдер боз кілемге шықты.
Бұл жарыс күні ерлер ерледі. Алдымен 60 келіде күш сынасқан Мағжан Шамшадин – Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирінің қола жүлдегері атанды.
Шамшадин үйдегі турнирдің жартылай финалына дейін оңай жетті.
Бірақ IJF өкілі Изнаур Сааевқа жол беріп, 2023 жылы жеңіп алған Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының чемпионы атағын қорғай алмады.
Дәл осы 60 келі тартатын дзюдошылар бәсекесінің финалына жолдама алған отандасымыз Талғат Орынбасар Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Финалға дейін сүрінбей жеткен Талғат Орынбасар та IJF өкілі Изнаур Сааевқа жол берді.
Осы салмақта белдескен отандасымыз Аман Бақытжан қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша спортшыларымыз 60 келіде үш жүлде иеленіп, бұл салмақ дәрежесінде қазақтардың мықты екенін дәлелдеді.
Қазақ елі осы жарыста Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа үлкен үміт артып еді. Ғұсман тамаша өнер көрсетті. Тек ақтық сында жолы болмай, IJF атынан сынға түскен Рамазан Абдуллаевқа есе жіберді.
Айта кетейік, Астана төріндегі жарыс – Ғұсманның Париж Олимпиадасынан кейінгі 10 айлық үзілістен соң қатысқан алғашқы додасы.
Бірінші жарыс күнінің нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына төрт жүлде түсті.
Жарыс мамырдың 11-і аяқталады.
Түгелбай Бисен
Фотолардың авторы: Сали Сабиров
Парақшамызға жазылыңыз