Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан каратэден Азия чемпионатының кумите бағдарламасында Жоламан Биғабыл топ жарған еді.
Артыншан ел қоржыны тағы 3 алтын медальмен толықты. Бұл ақпаратпен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі бөлісті.
Жоламаннан соң татамиге көтерілген Азия чемпионатының дебютанты Дайяна Даренская 68 келіге дейінгі салмақтың финалында жапон спортшысы Кама Цубасаны қапы қалдырды.
Одан соң әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов ирандық қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Нұрқанат 75 келіде бақ сынады.
Сонымен қатар +68 келіде бақ сынаған Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева жапон каратэшісі Сумире Сугитаны жеңді.
Осылайша Ұлттық құрама 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпы есепте 1-орын иеленді.
Екінші сатыда Жапония. Олардың еншісінде 3 алтын, 5 күміс, 4 қола. Ал үздік үштікті 3 алтын қанжығалаған Вьетнам құрамасы түйіндеді.
Одан бөлек ел қоржынына кумитеден Қазақстан әйелдер құрамасы күміс салса, Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг), Әсел Қанай (-61 кг), Данияр Юлдашев (-84 кг), Диас Ұлбек (+84 кг) және кумитеде Қазақстан ерлер құрамасы қолан еншіледі.
Айта кетейік Қазақстан құрамасы осыған дейін Малайзияда 2023 жылы 1-орын алған еді. Ол жарыста топ жару үшін құрамаға 3 алтын жеткілікті болған-ды. Ал осыған дейін біздің құраманың 2022 жыл 2 алтын, 4 күміс, 2 қоламен жалпы есепте 3-орын иеленсе, 2019 жылы 1 алтын, 2 күміспен 5-орын,
2012 жыл 1 алтын 3 күміс 2 қола медальмен төртінші орыннан көрінді.
Биыл сары құрлық чемпионатында 29 мемлекеттің таңдаулы 421 спортшысы жүлдеге таласты.
Жалпы Ташкент қаласы осыған дейін каратэден сары құрлық чемпионатын 3 рет қабылдаған.
Түгелбай Бисен
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Парақшамызға жазылыңыз