16 мамыр күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Процесте бірнеше сотталушыдан жауап алынып, жаңа деректер жария етілді.
Азамат Тоқтаубаевтың бұған дейінгі сотты болғаны айтылды
Бүгінгі отырыста айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ол 2023 жылдың 4 желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша күдікті деп танылып, екі айға қамауға алынған. Кейін бұл іс 106-баптың 2-бөлігіне қайта сараланған. Ақпанда тергеу изоляторынан үй қамаққа шыққан Тоқтаубаев қазіргі таңда ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) және 188-бабы (ұрлық) бойынша айыпталып отыр.
Кәмелетке толмаған сотталушы пышақ сүрткен сәтті сипаттады
Кәмелет жасына толмаған айыпталушы Думан Ысқақ сотта жауап беріп, оқиға орнында Абзал Шынасылдың қолындағы пышақты сүртіп отырғанын көргенін айтты. Сонымен қатар, Ысқақ сол күні айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көлігін айдап жүргенін растады. Оған «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылған.
Нұрқияс Ілиясов мылтықты тартып алған сәтін баяндады
Сотта сөз алған Нұрқияс Ілиясов оқиға кезінде Шерзат Полатты алғаш болып өзі ұрғанын айтты. Оның айтуынша, марқұм мылтықты үш рет оқтап үлгерген. Ілиясов үшінші оқтап жатқанда мылтықты тартып алып, Нұрқанат Ғайыпбаевты мылтықтың дүмімен ұрғанын мойындады. Ол ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша (қару қолдану арқылы бұзақылық) айыпталуда.
“Хутор” бандасы туралы сұрақ жауапсыз қалды
Нұрқияс Ілиясов адвокаттардың «Хутор бандасы» туралы қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Жәбірленуші тараптың адвокаты Шекеев Instagram желісіндегі Ілиясовтың атына тіркелген парақшадан 2016 жылы жарияланған суретті дәлел ретінде көрсетті. Онда калашников автоматы және оқтармен жазылған «Хутор» сөзі бейнеленген.
Шыңғыс Белғожаев: “Шерзатты ұрдым”
Айыпталушы Шыңғыс Белғожаев сотта өз әрекетін мойындады. Оның айтуынша, бастапқыда сақалды адамның мылтық атқанын көріп, соны ұрғанын ойлаған. Алайда кейін бейнежазбадан марқұм Шерзатты ұрғанын түсінген. Белғожаев оқиға кезінде Қаржаубай Нұрымов пышақ алып шыққаннан кейін қалтасынан бәкі шығарып, қорғануға мәжбүр болғанын айтты.
Равиль Сәкиев өзіне тағылған айыппен келіспеді
Бүгінгі сот отырысында жауап берген Равиль Сәкиев 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Ол “Қамажай” дүкенінің алдына кафеден келгенін, онда төбелес басталғанға дейін ешқандай қақтығыс туралы білмегенін мәлімдеді. Оқиға кезінде ол марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевты көріп, амандасқанын, одан кейін жанжал басталғанын айтты.
Сәкиев мылтық атылған сәтте Ғайыпбаевты тоқтатуға тырысқанын, екінші рет атылғаннан кейін мылтыққа жармасып, қақтығысқа түскенін баяндады. Оқиға орнында Абзал Шынасылдың пышақ қолданғанын естігенін айтты. Сонымен қатар, сотталушылармен сөйлесу барысында Абзалдың: «Мен пышақтадым, мойныма алам» дегенін жеткізді.
Сәкиев өзінде пышақ болмағанын айтып, адам өлтіру бабымен тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқығанда Шерзаттың ағасы Нұрқанатты пышақтағандардың бірі Сәкиев екенін айтқан.
Сотталушыларға тағылған айыптар:
- Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бап (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
- Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы, 24-бабы
- Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы, 188-бабы
- Нұрқияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай – ҚК 293-бабының 3-бөлігі
- Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)
Еске сала кетейік, кешегі сот отырысында Нұрбол Тоқтаубаев жәбірленушіні ұрғанын мойындап, бірақ «Хутор» тобына қатысы жоқ екенін айтты. Ол тергеуде қысым көрсетілгенін мәлімдеп, алғашқы жауаптарынан бас тартты. Адвокаты істі қайта тергеуге жіберуді сұрады, алайда сот бұл өтінішті қабылдамады. Азамат Тоқтаубаев та өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.
Келесі сот отырысы 21 мамырда өтеді.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] сала кетейік, 16 мамырда өткен сот отырысында бірнеше айыпталушыдан жауап […]
[…] сала кетейік, 16 мамырда өткен сот отырысында бірнеше айыпталушыдан жауап […]