///

Шерзат Полат ісі: Сотта қанды түнге қатысты бейнеайғақтар көрсетілді

648 рет қаралды
Коллаж: minber.kz

16 жастағы Шерзат Полаттың өлімімен аяқталған Талғардағы жаппай төбелеске қатысты сот процесі жалғасуда. 22 мамырдағы сот отырысында бірқатар бейнежазбалар мен тергеу материалдары жария етілді. Іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық түрде қаралып жатқанын еске саламыз.

Ас үй пышағы – басты айғақ па?

Бүгін сотта іс бойынша бірнеше маңызды бейнематериалдар жарияланды. Солардың бірі – жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың тергеу кезіндегі жауабы. Бейнежазбада тергеушілер Нұрымовпен бірге «Қамажай» дүкенінен тәркіленген ас пышағын сипаттайды. Тергеушінің сөзінше, пышақ тұтастай темірден жасалған, күміс түстес, ұшы жоқ.

Алайда сотталушылардың бірі бұл пышақтың қылмыс орнындағы пышақпен сәйкес келмейтінін айтып, күмән келтірді. Судья Ержан Жанұзақов бұл пікірді жарыссөз кезеңінде айтуға болатынын еске салды.

Дана Жақсыгелді: «Абзалдың қолында пышақ болды»

Сотта куә ретінде танылған Дана Жақсыгелдінің де тергеу кезіндегі жауабы бейнежазба арқылы көрсетілді. Ол оқиға орнында Абзал Шынасылдың пышақты сүртіп отырғанын байқап қалғанын айтады.

– Абзал еңкейіп, бір нәрсе сүртіп жатты. Ол маған “дизи құйып жіберші” деді. Қараңғы болғандықтан, алғашында қолын жуып жатыр деп ойладым. Бірақ кейін пышақтың жүзін сүртіп жатқанын көрдім де, дизиді өзіне беріп, кетіп қалдым, – деді куә.

Айта кетейік, кешегі сот отырысында аталған басты айыпталушы Абзал Шынасыл сөйлеген болатын. Ол пышақты сүрткенін растағанымен, Шерзат Полатты өлтіргенін жоққа шығарып, тек Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққанын мойындады.

«Шантрапалар»: Айыпталушылар туралы айтылған өткір пікір

Сотта жәбірленуші марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен сотталушы Шыңғыс Белғожаевтің беттестіру кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді. Онда Ғайыпбаев Белғожаевті бұрыннан танитынын айтып, оларды «шантрапалар» деп атады:

– Бұлар шантрапалар ғой. Автостанцияда гоп-стоп жасап, талай баланың телефонын тартып алатындарын көрдім. Медколледждің балаларын тонап жатқан жерінен бірнеше рет арашалап қалған кездерім болды, – деді Ғайыпбаев.

Ал сотталушы Шыңғыс Белғожаев бұл сөздерге келіспейтінін, Нұрқанатты танымайтынын айтты. Бірақ ол беттестіру кезінде Шерзат Полатты ұрғанын мойындады. Оның айтуынша, бастапқыда мылтық атқан адамды ұрдым деп ойлаған, бірақ кейін бейнежазбадан Шерзатты ұрғанын түсінген.

Күдіктілерді түсірген операторлар тәртіптік жазаға тартылды

Сот отырысында күдіктілердің бейнесі әлеуметтік желіге тарап кеткеніне байланысты техникалық топқа қатысты қызметтік тексеріс нәтижесі жария етілді. Сот трансляциясын уақытылы тоқтатпаған техникалық қызметкерлер, атап айтқанда Рүстем Муксинов, Назира Оразалиева және Сәуле Қайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Саған көп сұрақ қоймайды, сөйлесіп қойғанмын»:
Желіде тараға күмәнді аудиожазба

21 мамырдағы сот отырысынан кейін әлеуметтік желіде тараған аудиожазба да сот назарынан тыс қалмады. Жазбада екі адамның күмәнді диалогы естіледі. Бірі «дұрыс сөйледім бе?» деп сұраса, екіншісі «саған көп сұрақ қоймайды, сөйлесіп қойғанмын» дейді. Желі қолданушылары жазбада күдіктілердің дауысы жазылған болуы мүмкін деген пікір білдірді. Судья бұл жазбаны Алматы облысы прокуратурасының қарауына жеке қаулымен жолдап, диалогтағы тұлғаларды анықтауды сұрады.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс – қоғам назарын аудартқан ауыр оқиға. Сотта ұсынылған бейнежазбалар мен куәгерлердің жауаптарындағы қайшылықтар істі күрделендіріп жатқан сыңайлы. Дегенмен, көпшіліктің назарында тұрған сот процесі аяқталуға жақын. Келесі аптада үкім шығуы әбден мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Алаш аруағы алдындағы аманат

Тарихтың жарасын ұмытпау – рух алдындағы парыз. Бүгін Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық