Ақпарат кеңістігіне жол тартқан сәттен бастап ұлттық мүддені басты бағдар еткен республикалық «Ana tili» газеті саналы оқырманның серігіне, рухани тірегіне айналды. Бүгінде елдік мәселелерді қозғап, ұлттық болмыстың жүгін арқалаған баспасөз әр санында тәуелсіздік талаптарын терең түсініп, тарихи жадыны жаңғыртып келеді.
Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада газеттің 35 жылдығына арналған «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында басылымның ұлт руханиятындағы орны, егемендік жылдарындағы ақпараттық-идеялық күрестегі миссиясы мен болашақ бағыт-бағдары кеңінен сөз болды.
«Ana tili» газеті – ұлт сөзінің салмағын көтеріп жүрген, рухани егемендіктің асыл мұратын ардақтаған мінбер.
Ұлт руханиятының ұстыны – «Аna tili» газеті
Ақпарат ағыны арнасынан асып, заман толқыны талғам мен танымға сынақ болған дәуірде өз сүрлеуінен жаңылмай, рухани кеңістіктегі биік орнын сақтап келе жатқан «Ана тілі» газетінің кешегісі мен бүгіні мерейтойлық жиында жан-жақты зерделенді.
Жиынның шымылдығы Әбиірбек Тінәлі орындаған «Анамның тілі» атты әсерлі әнмен ашылып, кештің мазмұндық һәм рәміздік маңызын тереңдете түсті.
Сөз тізгінін алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров: «Парасатты ойдың қадірін білетін оқырман үшін бұл газет рухани бағдаршам» екенін атап өтті және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» ұжымына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Егемендіктің елең-алаңында құрылған басылым осы уақыт ішінде төл руханиятымыздың жаршысына айналды. Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сынды белгілі ғалымдардың бастамасымен ашылған газет ұлт баспасөзіне жаңа леп әкелді. Алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған журналистер кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі ашық жазған, елдің рухын көтерген газет ұжымы қалың оқырманның зор қолдауына ие болды. Қазір де басылым қызметкерлері алдыңғы буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Берекелі ұжым мызғымас құндылықтарды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға белсене атсалысып жүр. Апталық бетінде үздіксіз жарияланып жатқан тіл мен діл, руханият пен мәдениет жөніндегі тұшымды мақалалар – соның айқын дәлелі», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Мемлекет басшысының осы сарынды лебізі «Қазақ газеттері» серіктестігі құрамындағы биыл мерейлі межесін атап өтіп жатқан «Мысль», «Ұлан», «Ақжелкен» сынды басылымдарға да жолданды.
Конференцияның тізгінін ұстаған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы: «Басылым 35 жыл ішінде іргелі жобаларды жүзеге асырып, ана тілімізге, ұлт тарихына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл жолда талай зиялының қажырлы еңбегі, қолтаңбасы бар» екенін тілге тиек етті.
Іс-шараға «Ana tili» газетін әр жылдары басқарған бас редакторлар мен орынбасарлар, ардагер қаламгерлер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, тілтанушы ғалымдар мен жазушылар, БАҚ өкілдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар басылымның егемендік жылдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуға, ұлттық сананың қайта түлеуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Әсіресе тіл, діл, дәстүр, дін, әдебиет пен тарих тақырыптарындағы терең мазмұнды материалдардың Тәуелсіздік алған кезеңнен бері елдік санаға серпін бергені, қоғамдық пікірді қалыптастыруда ерекше рөл атқарғаны сөз етілді.
«Ana tili» – Ұлттық рухтың айнасы
– «Ana tili» – мемлекеттік тілдің бірден-бір жоқшысы, үні, айбары. Республикада тіл тақырыбына арналған ресми жалғыз басылым. Бұл газет мемлекеттік тілмен қатар ұлт тағдырына қатысты кез келген күрмеулі мәселені дәйектілікпен көтеріп келеді. Қазақ тілі, қазақ ауылы, қазақ мектебі мен балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы – мұның бәрі жылдар бойы басылымның назарынан түскен емес. Бұл – заман тудырған, уақыт сұранысынан туған басылым, – деді жиында сөз алған газеттің негізін қалаушы, алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы.
Мерейтойлық жиын аясында руханият әлеміндегі елеулі жаңалық – «Ana tili – алтын қор» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жинаққа 1990–1997 жылдары жарық көрген таңдаулы мақалалар енгізілген. Газет редакциясы бұл еңбектің – алдағы уақытта жарық көретін 8 томдық антологияның алғашқы кітабы екенін атап өтті. Қалған жылдардағы тарихи, танымдық, тілдік материалдар кезең-кезеңімен жүйеленіп, дербес томдар түрінде оқырманға жол тартпақ. Осы тағылымды жобаның жүзеге асуына «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы демеушілік көрсетіп, рухани игілікке қолдау білдірді.
Бұған қоса, салтанатты басқосу барысында Ұлттық кітапхана ұжымы 1990 жылғы «Ana tili» газетінің толық жылдық тігіндісін қайта түптеп, қалпына келтіріп, құнды мұра ретінде сақтап қалуға зор еңбек сіңірген. Сол тарихи тігінді салтанатты түрде Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ұлт басылымының бас редакторы Ерлан Жүніске табыстады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ 100 мыңнан астам таралыммен шығып, тіл мен ділдің, руханият пен мәдениеттің шынайы шежіресіне айналған басылым – ұлт рухының айнасындай. Оның беттерінде жарияланған материалдар – өткеннің үні, бүгіннің бағдары, ертеңнің есті үміті.
Газеттің шежірелі тарихына көз жүгіртсек, оған әр жылдары қазақ журналистикасының көрнекті өкілдері жетекшілік еткенін байқаймыз:
- Жарылқап Бейсенбайұлы (1990–1997),
- Мереке Құлкенов (1997–2006),
- Жұмабек Кенжалин (2006 ж. тамыз–желтоқсан),
- Мақсат Тәж-Мұрат (2006–2009),
- Самат Ибраим (2009–2018),
- Жанарбек Әшімжан (2018–2021),
- Қали Сәрсенбай (2021–2023).
2023 жылдан бастап бас редакторлық тізгінді белгілі қаламгер, журналист Ерлан Жүніс ұстап келе жатыр.
Сурет сөйлесе – шежіре жаңғырады
Мерейтойлық бағдарлама аясында «Ana tili» газетінің бай мұрасын көзбен көріп, жүрекпен түйсінуге мүмкіндік беретін ерекше бір көрме көпшілік назарына ұсынылды. Архив қойнауынан алынған тарихи және құнды фотосуреттер басылым тарихының ғана емес, ел тәуелсіздігінің қалыптасу жолының да көрнекті көрінісіне айналды.
Көрме төрт бағытқа топтастырылып, әр тақырып терең мазмұнымен назар аудартты:
– «Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қадамдар және елдің тарихи сәттері»,
– «Ana tili» газетінің ұжымы»,
– «Қазақтың қайраткерлері мен мәдени тұлғаларының бейнелері»,
– «Тіл мен ұлттық сана, руханиятқа қатысты тарихи фотосуреттер».
Көрме аясында өткен күннің куәсі болған байырғы тілшілер, редакция қызметкерлері сол бір естен кетпес сәттерді сағынышпен еске алып, бейнелерге қарап жүректегі естеліктердің шымылдығын қайта түрді. Айтпақшы, редакция фотоқорында бүгінде 10 мыңнан астам фотосурет сақтаулы екен – бұл өз алдына тұтас бір рухани мұра, ұлт зердесінің көзі.
Іс-шарада Ұлттық кітапхананың дәлізінде ұқыпты әрі шеберлікпен орналастырылған тағы бір фотоэкспозиция ерекше назар аудартты. Бұл – фототілші, «Ana tili» газетінің қызметкері Азамат Құсайыновтың «Ұлттық рух және бір сәт» атты жеке шығармашылық көрмесі. Көрме – бір адамның ғана емес, бір дәуірдің, тұтас ұлт болмысының көркем хроникасы.
Экспозицияда ел өміріндегі тарихи оқиғалар, қоғам қайраткерлері мен мәдениет майталмандарының бейнесі, ұлттық дәстүр, ауыл тынысы мен руханият әлемі көркем өрнекпен бедерленген.
Көрме авторы Азамат Құсайынов:
– Фотосуреттерім арқылы қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын көрерменге жеткізуге тырысамын. Бүгінгі көрмемде әртүрлі жанрдағы жұмыстарымды ұсынып отырмын. Бұл суреттер арқылы ұлттың рухани дамуы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қазақ тілінің өркендеуі, халықтың әрқилы көңіл күйі мен күнделікті өмірі туралы айтамын. Маған жол көрсетіп, шығармашылығыма өріс берген «Ana tili» – менің екінші үйім, – дейді ол.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған тағы бір көрме – «Ұлттық баспасөздің алтын қорынан» деп аталады. Мұнда «Ana tili» газетінде әр жылдары еңбек еткен ардагер журналистердің қаламынан туған тарихи һәм танымдық материалдар, қазақ журналистикасында із қалдырған мақалалар мен очерктер көпшілікке ұсынылды.
Жыр мен жүректің тоғысқан сәті
Мерейтойлық жиын аясында мазмұнға толы тағылымды бір сәт – «Ana tili» газетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» атты поэзия байқауы мен «Менің өмірімдегі «Ana tili» шығармашылық эссе бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқаулар «Ana tili» газетінің 35 жылдық мерейтойына орайластырылып, республикалық деңгейде жарияланған еді. Байқауға еліміздің әр түкпірінен жас қаламгерлер, мектеп оқушылары, студенттер мен ұстаздар белсене қатысып, туған тілге деген жүрекжарды сезімдерін, тарихи танымын, көркем ой-толғауларын өлең мен прозалық туындылар арқылы өрнектеп жеткізді.
«Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» поэзия байқауында жас ақындар қазақ тілінің көркемдік болмысын, ғасырлар тереңінен тамыр тартқан рухани қуатын жыр жолына арқау етті. Қазақ тілінің қасиетін кестелі өлеңмен кестелеген бұл жас дарындар – ел руханиятының жарқын болашағы.
«Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» байқауының жеңімпаздары:
Бас жүлде – Мирас Асан;
Бірінші орын – Асылан Тілеген;
Екінші Орын – Біржан Ахмер;
Екінші орын – Айжарық Абылқасымов;
Үшінші орын – Баймаханбет Ахмет;
Үшінші орын – Бейбітбек Бүркітбайұлы;
Үшінші орын – Нұргүл Төлеубай;
Ынталандыру сыйлығы – Ернағыз Жаңатхан;
Ынталандыру сыйлығы – Мақсат Қадыр;
Ынтыландыру сыйлығы – Нұрлығайын Нұғыман.
Марапаттау рәсімі рухани кешке ұласып, әдеби-концерттік бағдарлама шымылдығын түрді. Өлең оқылып, ән шырқалып, жүрек тебірентер лебіздер айтылған бұл кеш – тек жеңімпаздардың ғана емес, туған тілді ардақтаған күллі қауымның ортақ мерекесіне айналды.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы мен «Ana tili» газеті ұйымдастырған «Менің өмірімдегі «Ana tili» республикалық эссе байқауы жастардың тіліне деген жеке көзқарасын, ішкі жан дүниесін ашатын эсселер арқылы ерекшеленді. Бұл байқау тілді тану мен бағалауда азаматтық позиция қалыптастыруға бағытталды.
«Менің өмірімдегі «Ana tili» республикалық эссе байқауының жеңімпаздары:
Бірінші орын – Байменше Серікқали;
Екінші орын – Марат Мырзалы;
Үшінші орын – Сағымбеков Кемелбай;
Ынталандыру сыйлығын иелегендер – Шынтасова Гүлзат, Шаграева Гүлфия, Мәуліт Аружан.
«Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс қатысушыларының белсенділігіне жоғары баға беріп, бұл шығармашылық доданың мәні мен маңызына тоқталды: «Ана тілі – әр қазақтың жүрегіндегі киелі ұғым. Бұл байқаулар арқылы біз ұлт рухын оятып, тілге деген жанашырлықты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еттік. Қатысушылардың шығармаларынан ана тіліне деген үлкен махаббатты, жауапкершілікті байқадық», – деді.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз