///

Алматылық төртемнің анасы Назымгүл Қуанған: Баланың көптігінен аш қалмадым

94 рет қаралды
Назымгүл Қуанғанның жеке мұрағатынан

 Дүниеге жаңа келген төртемді ата-анасы Есентай мен Назымгүл перзентханадан бір бөлмелік жатақханаға шығарды. Аядай бөлмеде нәрестелерге қажетті жағдай жасалмаған, ал оларға беретін сүт қоспасы мүлде жетпейді. Тұңғыштары Нұрайша, Гүлайша, Жанайша, Бекайшаны адам қатарына қосамыз деген үлкен арман оларды алға жетеледі. Бүгінде алматылық төртем он беске толып отыр.

 Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанған тұңғыш қыздарын 4-5 жыл күткен. Мамандар ЭКО көмегімен дүниеге келер кезде балалардың егіз болу ықтималдығы бар екенін айтып, отбасын ескерткен екен. Онымен қоса, ананың денсаулығына қатысты мәселе  туындаған. Тек жақсылыққа үміт артып, болашақ ата-ана балаларды дүниеге әкелуді шешкен. Әрі кетсе екі егіз болар деп жүргенде 2010 жылы 9 наурызда Қапар әулетінде бірден төрт егіз қыз дүниеге келді. Алғашында 4 қызға аяғы ауыр екенін білген Назымгүл ерекше сезімде болған.

— Ол кезде жас болдық. Қазір қайтадан дүниеге төртем әкелер болсам, ойланатын едім. Бірақ ол кезде “қалай асыраймыз?”, “денсаулықтары қалай болады?” деген ой мүлде болмады, – дейді ол.

“2 жыл бойы дұрыс ұйықтамадым”

Қыздар 7 айында кесір тілігі көмегімен дүниеге келді. Ең үлкен қызының салмағы 1.400 грамм болса, ең кішкентайының салмағы небәрі 900 грамм болған. Өздігінен еме алмағандықтан қосымша сүт қоспасын беруге тура келген. Оның өзі 2-3 сағат уақыт алады. Назымгүлдің айтуынша, қыздар өсіп-жетілгенше 2 жыл бойы дұрыс ұйықтамаған. Бар ойы мен мақсаты төрт қызды аяққа тұрғызу болды.

— Қиындық болмады деп айта алмаймын. Бір баланың өзін бағып-қағу оңай емес. Ал бірден төрт қыздың анасы болғандықтан жауапкершіліктің бәрі менде болды, – дейді төртемнің анасы

Төртемнің мінезі бір-біріне ұқсамайды. Анасының айтуынша, алғашқы аптадан-ақ төртеуі төрт түрлі мінезімен ерекшеленді. Мәселен, кішкентайында мазасыз болған қызының мінезі әлі де сондай. Уақыт өте келе мінезімен қатар түрі мен талғамдары өзгерген. 5 жасқа дейін төртемнің анасы Назымгүл қыздарына бірдей киім кигізген. Киімнің бір түрінен 4 дана киім алып жүрген екен.


Назымгүл Қуанғанның жеке архивінен

— Бірде қыздардың бірі өз киімін кірлетіп алып, екіншісінің киім сөресіне тығып қойыпты. “Бұл менікі емес” деп тазасын киіп алатын. Осы тәрізді киімге қатысты қызықтарымыз көп болатын, – деп еске алды.

Қыздар бір жасқа келгенде Есентай мен Назымгүл бесінші қызды болып, дүниеге Наргиза есімді қыз келді. Ата-ана қыздар бір жасқа толған соң бірін-бірі жетелеп, сүйреп өсіп кетер деп ойлаған. Біріне жылы сөз айтып көңіл бөлсең, қалғаны ренжіп қалады. Назымгүлдің кенжесін қолына алып, төртеуін қатар қарайтын сәттері де болды.

— Кішкентай Наргизаны жатқызып қойсам, төртеуі келіп қызықтап қарайтын. Бірде көзін шұқып, бірде аузына емізік береді. Неше түрлі қызықтарды көрдік. Бір-бірін тістеп, тырнап, төбелесіп қалатын. Тіпті кейде екі-екіден бөлмеге қамап қоюға тура келетін. Түнде бірі оянса не жыласа, бәрі оянып кетеді. Жылаған баланы бірден жұбатып, ұйықтата қоюға тырысатынбыз, – дейді төртемнің анасы.

Мемлекеттің төртемге қолдауы

Назымгүл Қуанғанның жеке архивінен

Перзентханадан шыққан соң төрт Айша Спорт және туризм академиясының 24 шаршы метрлік бір бөлмелік жатақханасында тұрды. Бірде су жоқ, бірде жөргек, бірде дәрі-дәрмек жетіспейді. Жатақханада төрт баламен тұру қиынға соққан көрінеді. Мемлекеттің алғашқы көмегі – Айнабұлақ ықшам ауданынан үш бөлмелі пәтер болды. Бұл баспана жергілікті журналистердің мәселе жайында жабыла жазғанынан кейін берілген. Нұрайша, Гүлайша, Жанайша мен Бекайшаны Алматы тарихындағы алғашқы төртем болғандықтан, онымен қоса елде төртемнің дүниеге келуі жиі бола бермейтіндіктен мемлекет тарапынан төрт егіз қызға қолдау білдіруге дайындық болмаған.

Қазір Есентай Қапар әулеті көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отыр. Төртем балабақшаға барғанда жеңілдік болмаған, ал қазір кенже ұлы тегін барады. Назымгүл денсаулығына байланысты дәрігерге қаралу, талдау жасау сияқты қызметтерді тегін пайдаланады.

ҚР Электрондық үкіметінің мәліметінше, кәмелет жасқа толмаған төрт және одан көп балалары бар отбасыларға табысына қарамастан төрт балаға – 63 030 теңге, бес балаға – 78 798 теңге, алты балаға – 94 565 теңге, жеті балаға – 110 332 теңге, сегіз және одан көп балаға – 15 728 теңге қосымша 4 АЕК бойынша жеті баладан кейінгі әрбір бала үшін жәрдемақы тағайындалады.

“Мама, мама!” деп алдымнан шыққанда шаршағанымды ұмытамын”

 Қыздар жан-жақты болып өсті. Ата-ана қыздарын ешкімнен кем қалдырмай үйірмелерге беріп, қыздардың дамуына үлкен мән берді. Төртем жүзуге, биге, гимнастика мен домбыра үйірмесіне барған. Тек былтыр 14 жасқа толғанда “Мама, біз бассейннен шаршадық” деген соң ғана бұл қызығушылықтарын тоқтатқан. Биыл қыздар 9-сыныпты аяқтады.

Назымгүл Қуанғанның жеке архивінен

Назымгүл он бес жыл ана болғалы көп нәрсені үйренді. Бүгінде 7 бала: 6 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Өзінің айтуынша, ұлға қарағанда қыздың тәрбиесі өте ерекше келеді. Қызға дұрыс тәрбие беру үлкен күш-жігерді қажет ететініне көзі жеткен.

— Қыздар нәзік әрі бірден көңілге алып қалады. Әрбіреуімен жеке сөйлесіп, жеке тіл табысуға тырысамыз. Біреуіне сенікі дұрыс деп айтсаң, қалған үшеуі ренжіп қалады. Сондықтан ешкімді ренжітпей, жан-жақты әңгімелесіп, мәселенің ортақ шешімін табамыз. Қазір төртеуі де құрбыларым сияқты, – дейді ол.

Отбасы әркімнің мәселеге қатысты пікірін тыңдап, ойымен санасуды баста назарға алған. Әр қыздың пікірі мен ойына міндетті түрде тоқталады. Арман-мақсаттары мен жоспарларын сұрап, қызығушылық танытады. Назымгүлдің айтуынша, үй іші үнемі қуаныш пен шаттыққа толы. Қыздар кешке жұмыстан шаршап келген анасы мен әкесін қарсы алып, алдарынан жүгіріп шығады.

— Қыздарым алдымнан “Мама, мама!” деп жүгіріп шыққанда шаршағанымды ұмытамын. Қазір үй жинап, тамақ әзірлемеймін. Қыздарым жұмыстан келгенше бәрін өздері жасап қояды. Бұрын мен оларды қалай өсіріп, қамқоршы болсам, бүгінде олар әкесі екеумізге қамқорлық танытып жүреді, – деп жымиды ана.

Есентай Қапар әулетінде ерекше тәртіп бар. Қыздар аптасына 1 рет кезекшілік жұмыстарын жасайды екен. Кезекші болған қыз аптаның бір күнінде үй жинап, тамақ әзірлеп, үй тірлігіне жауапты болады. Бұл үйдің бір қызығы осы. Назымгүл кейде 2 қыз, 2 ұл болса, қайтер едім деп ойланады екен. “Төртеуіннің де қыз болғанын қандай жақсы болды” деп айтып отырады.

— Әр бала дүниеге келгенде несібесімен келеді деп айтып жатады ғой. Төртем дүниеге келгенде басымызда үй де болған жоқ. Көп ұзамай үйлі болдық. Әкелері еркін күрестен әлем чемпионатында талай топ жарды. Балаларымыз молшылықта өсіп жатыр. Баланың көптігінен аш қалдым деп айта алмаймын. Мемлекетке алақан жаймай-ақ, балаларды шүкіршілікпен өсіру керек. Ата-ана баланы өмірге біреу үшін емес, өзі үшін әкеледі, – дейді ол.

Дариға Суликова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар