///

Бақытбек Бәмішұлы. Ертіс атауы қандай мағына береді?

282 рет қаралды

Махмұд Қашқари көрсеткен түркi халықтарының мекен-жайлары мен тау, теңiз атаулары қазiргi моңғол тiлiнде түгелдей ұшыраса бермейдi. Ғұламаның өзi де барлық топонимдердi толық көрсетпегенiн атап айтқан болатын. Кiтапқа енген атаулардан моңғол тiлiнде ежелгі қалпын сақтай отырып кезiгетiндерi мыналар:

         

Йәтiген: Осы кестеге енген атаулар қазіргі моңғол тілінде де қаз-қалпында сақталғанын көреміз. Соның ішінде “Йәтiгендi” ерекшелеген себебiмiз: моңғолдарда  “ятга” (иатган) деген көне сазды шетпелі аспап бар, қазақтың кәдiмгi жетi iшектi жетiгенi сияқты. «Итаган» деген сөздің қазақтың «жетіген» деген сөзімен айна қатасыз ұқсас келетіндігін тәпсірлеп жатудың қажеті аз дейміз.

Артыш: Махмұд Қашқари Сөздікте түркiлердiң  шаһарлары мен қалаларын түгел кезiп шыққанын, Артыштың Йемек даласындағы өзен екенін, көп салалы бұл өзеннің сондағы бiр көлге барып құятындығын тәмпіштеп жазады. Сонымен қатар Йемек – түрк тайпасы, бiздiң түсiнiгiмiзше  олар қыпшақтар дейдi. Бұл деректер ғұлама ғалымның Ертiс өңiрiне бармағандығын аңғартады. Барса «бiр көлдiң» атын және «йемектiң» қай тайпаға жататындығын нақтылап жазған болар едi. М.Қашқари Ертiстiң шын мәнiнде «Артыш суы» деп аталатынын, ол  «артыш – ерту» етiстiгiнен туындағанын жазған. Қазiр кейбiреулер «Ертiс» атауының төркiнi ретiнде моңғол тiлiндегi – «эрч – екпiн, тебiн» деген сөзге сүйене отырып, «Эрчис» атауын ұсынады. Мұны бiз қазақтардың моңғолдың елт деген сөзін – жолты, Чихэртэй деген сөзін – Шегiртай деп атайтыны секiлдi моңғолдар да Ертiстi өз тiлiндегi ең жақын сөзге бейiмдеп, Эрчис атаған болар деп түсiнемiз.

Көне түркі тiлiнде «ус» сөзi шөлдеу, сусау, «усукмыш» – шөлiркеген, сусаған  деген мағына берсе, моңғол тілінде «ус» – су. Және де көптеген ғалымдардың көне түркi тiлдерiнде судың – аш, iш, ыш, ыс, ық, ус түрлерi қолданылып келген деген пiкiрлерiн ескере отырып және «арт» сөзiнiң көне түркi тiлiнде тау, шың, асу деген ұғымдарды беретiнiне жүгiнсек, Артыш тау суы деген мағынаға ие болады. Артыш (Ертiс) – Алтай шыңдарынан бастау алып, Жайсаң көліне , онан Обь өзеніне барып бiрiгетiн iрi өзен. Оның Жайсаң көліне дейінгі бөлігі Қара Ертiс деп аталуының өзi өзеннің мөлдiр қара тұнықтығына сай келсе керек. Бұл – тау суының қасиетi. «Ертiс» этимологиясы туралы тағы мынадай да болжам бар: белгiлi зерттеушi Әбiлхан Әбiласан «Артыш» атын сарыұйғырдың iнжу, қазына, күмiс, алқа деген мәндегi йерчен, йерчендег, йертiнi, йертiне деген сөздерiне жақындайды дейдi де бұл жобасын өзi құптамай, «Артыш – Ерчiн» деген сарай әмiрiнiң атына байланысты шыққан деп тұжырымдайды.

Әдетте, қандай да бiр елдi мекеннiң аты сол өзi орналасқан жер-судың атауынан алынушы едi (керiсiнше емес). Мысалы: Алматы өзенi бойындағы Алматы қаласы, Москва өзенi жағасындағы Москва қаласы. т.б.

Моңғол тiлiнде «қазына, қазыналы» деген ұғымдарды беретін эрдэнэ, эрдэнэт деген сөздер бар. Бұл сөздердің мағынасы жоғарыда атап өткен сарыұйғыр тiлiмен сабақтасып жатыр. Мәселен, моңғол тіліндегі есөн эрдэнэ деген тiркес бар, оның қазақша мағынасы тоғыз асыл (тас) дегенге саяды. Олар – алтын, күмiс, маржан, меруерт, гауһар, ақық, көктас, жез және болат. Ертiс өзені тоғыз асылға толы болуы да кәдiк. Олай болса, баба түркiнiң қазына және су екі атауларының қосындысынан «Ертiс» сөзі туындады деп байыптауға болатындай. Йерчен+ iш, немесе йерчендег+ ус. Бұл атаулардың қай-қайсысы да Ертiс түрiне дейiн замана ағысымен тiл заңдылығы бойынша өзгере алады. Онда Ертiс ертеде қазыналы су деген мағына берген болып шығады. Қара Ертiс аталуы да өзеннiң осы қасиетiне байланысты болар. Жалпы қазақ тілінде қара сөзі алуан түрлі мағына бере алатын көп жақты қырын да ескерген жөн. («Сөз мәйегі» кітабымнан)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар