Бұл тарауда біз “Диуани лұғат ат-түрік” сөздігінде қамтылған түрік тайпалары мен халықтары атауларын ерекшелеп қарастырамыз. Махмұд Қашқари бұл еңбегінде түрік тайпалары мен халықтары түгелдей қамтылмағаны жөнінде ескертіп кеткені белгiлi. Ол туралы еңбектің кіріспе сөзінде айтылды. Сонымен қатар ғалым бұл кітабында тек «мұсылман түріктері елдеріндегі таулардың, шөлдердің, ойпаттардың, дариялар мен көлдердің аттарын ғана жаздым» дегеніне қарағанда қазіргі моңғол үстіндегі түрік елдері еңбекте енбегенін қайыра еске сап өткендей. Осы тұста моңғол үстіртіндегі түрік халықтары өзінің байырғы ата дінінде Тәңірлік дінімен өмір сүріп жатқанды. Оларға оңтүстігінен түбіттік Будда, батысынан ислам діні ене қоймаған кез еді. Ал Найман мен Керей хандықтарының сол кезеңде несториан дінінде болғандығы нақты дәлелденбеген. Біз ары қарай аталмыш кітапқа енген халықтар мен тайпалар атауларынан моңғол тарихи шежірелерінде өзгеріссіз, өзгеріссіз дегенде тілдің өсіп-өну, не өшу заңдылықтарына орай байырғы қалпында кезігетіндерін ғана іріктеп алып, олардың қазіргі моңғол тілінде жазылуын жақшаның ішіне белгілеп, кейбіреулерінің мән-мағынасына ашуға тырыстық. Бұл тарапта бір ескеретін жай моңғол тілінің грамматикасында орфография мен орфоэпия әрқашанда бірдей бола бермейді. Сөздікте қазіргі моңғол жұртына мәлім және талдап, түсініктеме беруді қажет етпейтін төмендегідей атаулар ұшырасады: ұйғұр – ұйғыр (уйгар), түрүк – түрiк (турэг), түбүт – түбiт (төвд-түвд), татар – татар (татаар), қырғыз – қырғыз (хиргис), башғырт – башқұрт (башкир), оғұз – оғыз (огыз), бұлғар – балғар (балгаар), соғдақ – соғды (согд), қыпшақ (хипчак), басмыл (басмал), таңғұт (тангат), хытай – қытай (хятад), түрiкмен (турэгман), байундур – байөндір (баянөндөр), байат – байыт (баяд), чігіл (чигил), хотан – қотын (хотон), жапарқалықтар – жапондықтар – япончууд.
Қырғыз: Моңғолдың тарихи құжаттарында, ертегі, аңыз, әпсаналарында және ауыз екі тілінде көп ұшырасатын атаудың бірі – қырғыз. Олар қырғыздарды «хиргис» дейді. Түркі текті ежелгі этнос. Қазақ ғылымында «сақ қорғандары» аталып жүрген еліміз территорияларындағы көне оба, қорғандарды алтай қазақтары «мықтың үйі» десе моңғолдар «хиргисийн үүр» (қырғыздың ұясы) деп атайды. Моңғолия аумағында, яғни моңғол үстіртінде осы мықтың үйлері молынан кездеседі. Күні бүгінге дейін сыры ашылмаған, жұмбағы шешілмеген, қазба жұмыстары жүргізілмеген, зерттелмеген қорғандар саны да жеткілікті. Моңғолияның солтүстік батысында «Хиргис нуур» деген тұзды көл бар. Ауданы 1468 км², тереңдігі 31 м, теңіз деңгейінен 1028 м орналасқан. Қазіргі заманда хиргис атаулы этнос өкілдері Моңғолияның батыс және орталық аймақтарында мекендейді. Қобда аймағында тұратын мянгад руының ішіндегі хиргистар хар хиргис (қара хиргис), шар хиргис (сары хиргис), модон хиргис (ағаш хиргис) болып үш атаға бөлінеді. Сонымен қатар «хиргис» атты жер-су атаулары да моңғол үстіртінде мәңілік сақталынып қалды.
Байундур: М.Қашқари Байундур мен Байат руларын оғуздардың түпкі негіздері, яғни, түрiкмендер iшiндегi 21 рудың бірі ретінде атайды [TTT 18 бет]. «Байундур» – көне моңғол тiлiнде «байанундур», қазіргі моңғол тілінде «баянөндөр» түрiнде кездеседi. «У» дыбысының «ү» не «ө» дыбысына айналуы моңғол тіліндегі қалыпты жағдай. «Байундур – Баянөндөр». Бұл – ру, тайпа атауы емес, топоним. Сөздің тысқы өте-мөте ұқсастығы. Алайда жер-судың атауы сол жерде өткен ел есінде қаларлық қандай бір тарихи оқиғаға байланысы немесе сол мекенді ұзақ уақыт бойына мекен еткен елдің атымен аталып кететінін де еске салып отырмыз. Қос компонентті Баянөндөр атауындағы баян – бай, өндөр – биiк деген мағыналы сөздер.
Байат: Сөздікте ғалым Байат деген тайпа атауын көрсеткен. Моңғолия халқының құрамындағы аз санды рулардың бiрi (оларды қазіргі моңғолдар «бага ястан» – ұсақ сүйектер дейді – Б.Б.) – баяд руы. «Баяд» деп жазылу орфографиялық өзгешелік, айтылымы «байыд». Қазақ рулары ішінде балта керейдің бір атасы байыт аталады. Осы бір ежелгі этнонимдегі -т, -д қосымшалары моңғол үстіртін мекен еткен көптеген түрік руларының атауларында кездесетін көптік жалғаулары. Ғалымдар байыттарды батыс моңғол тобына жатқызады. Батыс моңғол тобына дөрбет, өлд, торғауыт, баяттар енеді. Яғни қалмақтар. Моңғолияның Увс, Қобда аймақтарын мекендейдi. Байырғы төрт ойраттың бiрi, «он баяд» (арван баяд) деп те аталады. Ал, «Моңғолдың құпия шежiресiнде» «баяуд» деген тайпаның аты аталады (МНТ, УБ, 1990, 72 б.). Мұхтар Мағауин Байыс «байыт» ежелгі қытай деректерінде YI ғасырдан мағұлым, әйгілі Теле бірлестігі құрамындағы белгілі рудың бірі екенін жазады [12-68]. Біз осы үш атаудың түп төркіні бір-бірінен бөлшектенудің, тарап, бытырап кету салдарынан өзгеріске ұшыраған, бірақ, өзінің көптік тұлғасын сақтап қалған бір рудың атауы деп көреміз.
Салыстырамыз: Байат – Баяуд – Баяд.
Байаттар ХI ғасырда Орта Азияны мекендесе, баяудтар ХIII ғасырда моңғолиядағы үш өзен (Онон, Тула, Керулен) бойынан көрiнiс бередi. Ал, баядтар ХХ ғасырда Алтай тауының арғы жағында өмiр сүрiп жатыр.
Парақшамызға жазылыңыз