фото: ЖИ
///////

Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті «Росатом» салады

788 рет қаралды

Ресей Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салады. «Росатом» халықаралық консорциум көшбасшысы деп танылды.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі осы жылдың 14 маусымында Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның жетекшісі болып таңдалғанын мәлімдеді. Шешім халықаралық сарапшылардың қатысуымен жүргізілген техникалық-экономикалық бағалау нәтижесінде қабылданған.

Тендерге төрт елдің атом саласындағы ірі компаниялары қатысқан:

  • «Rosatom» (Ресей);
  • China National Nuclear Corporation (Қытай);
  • Électricité de France (Франция);
  • Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея).

Консорциум қатысушылары қауіпсіздік, технологиялық шешімдер, кадр даярлау, әлеуметтік жауапкершілік және қаржыландыру мәселелері бойынша кешенді ұсыныстар ұсынған. АЭА хабарлауынша, «Росатом» жобасының техникалық негіздері мен ұсынылған шарттары Қазақстанның ұзақмерзімді мүдделеріне сай келген. Қазір Ресей тарапы ұсынған жобаны жүзеге асыру үшін экспорттық қаржыландыру механизмдері талқыланып жатыр.

АЭС құрылысы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады. Бұл ауыл Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауында, Алматыдан 400 шақырымдай жерде орналасқан. Қазақстанда салынатын АЭС-те Ресей жасаған «ВВЭР-1200» деп аталатын жаңа буындағы ядролық реактор орнатылады. Бұл – қазіргі заман талабына сай жетілдірілген және қысымдағы су арқылы жұмыс істейтін қауіпсіздік деңгейі жоғары қондырғы. Осы реактор қазір Ресейде, сондай-ақ Түркия, Беларуссия және басқа елдерде пайдаланылып жатыр. Қазақстан билігі 2035 жылға қарай 2,4 гигаватт көлемінде ядролық энергия өндіруді жоспарлап отыр.

АЭС салу мәселесі бойынша 2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өткізілді. Ресми мәліметтерге сәйкес, дауыс бергендердің 71 пайызы жобаны қолдап дауыс берген. Сайлау комиссиясының ресми дерегі бойынша, 71,12 %-ы «иә» деп дауыс берсе, қатысу деңгейі 63,66 %-дан астам болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның халықаралық консорциум аясында және ашық бәсекелестік негізінде жүзеге асуы керегін мәлімдеген. Алайда, бұл шешім қоғамда әркелкі қабылданды. Экологтар АЭС құрылысы Балқаш көлі мен өңір экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Сарапшылардың бір бөлігі ядролық қалдықтарды сақтау, қауіпсіздік, су ресурстарының жетіспеушілігі және жер сілкінісі қаупі сияқты факторларға алаңдайды. Сонымен қатар, саясаттанушылар жобаның Ресейге берілуін Қазақстанның энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігіне төнетін қатер ретінде қарастырады. Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар жағдайында бұл жоба халықаралық аренада қосымша саяси қысымдарға ұласуы мүмкін.

Қазақстанда 1999 жылы Каспий жағалауындағы Ақтау маңындағы BN‑350 реакторының жұмысы тоқтатылғаннан бері елде ядролық энергетика саласы мүлде жұмыс істемей келген. Сол кезеңнен бері Қазақстан әлемдегі ірі уран өндіруші мемлекеттердің бірі бола тұра, бейбіт атом саласын дамытпай келді.

Жоба бойынша нақты жұмыстар басталмай тұрып, қаржыландыру және экологиялық қауіпсіздік мәселелері пысықталуға тиіс. Қоғам тарапынан қолдау болғанымен, экология мен геосаяси тәуелділікке қатысты алаңдаушылықтар да сақталып отыр.

 

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Бағдат Сұлтан

Бағдат Сұлтан — журналист, БАҚ саласында тәжірибесі мол жас маман. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтады. Қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің "Медиа зерттеулері және журналистика" мамандығы бойынша оқуын жалғастырып жатыр (2025–2027).

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

ҚР Президентінің екі мәрте стипендианты, Батыр Қазыбаев стипендиясының иегері. 2024 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының 2024 жылғы Бас жүлде иегері.

Маманданатын салалары: ұлттық болмыс пен тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар