///

Шерзат Полат ісі: Жарыссөз кезеңінде прокурор айыпталушыларға қатысты жаза мерзімдерін ұсынды

199 рет қаралды
Коллаж: minber.kz

2024 жылы Талғарда қаза тапқан Шерзат Полатқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін, яғни 2025 жылдың 2 маусымында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тараптардың жарыссөз кезеңі басталды.

Жарыссөз басталмас бұрын сотта бірқатар процессуалдық өтініштер қаралды. Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың қорғаушысы оның жауаптарын іске тіркелген материалдардан алып тастауды сұрады. Бұл өтінішке қатысты шешім сот тарапынан кейінге қалдырылды.

Айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы оның қолындағы жарақатты іске дәлел ретінде тіркеуді сұрап, тиісті өтініш білдірді. Қорғаушының айтуынша, оқиға кезінде Шынасылдың қолы жаралы болған және оның темір спица қолдануына қаржылық жағдайы себеп болған. Осы себепті, оның жәбірленушілерге толық күшпен соққы беруі мүмкін болмағаны айтылды. Аталған өтінішті сот төрағасы қабылдады.

Бұдан бөлек, айыпталушы Дархан Әскентайдың қорғаушысы жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтан онлайн форматта қайта жауап алу туралы өтініш тастады, алайда бұл өтініш сот тарапынан қанағаттандырылмады.

Сот тараптарға жарыссөз барысында тек тергеу кезінде және сот барысында зерттелген нақты дәлелдерге сүйену қажеттігін ескертті.

Айыптаушы тарап жаза мерзімдерін ұсынды

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай тарапынан келесі жаза мерзімдері ұсынылды:

  • Абзал Шынасыл – 23 жыл бас бостандығынан айыру:
    ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмыс жасауға оқталу);
  • Равиль Сакиев – 20 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу);
  • Шыңғыс Белғожаев – 7 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
  • Дархан Аскентай – 7 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
  • Нұркияс Ілиясов – 9 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
  • Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
  • Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл:
    ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап (ұрлық);
  • Дидар Қалиахмет – 7 жыл:
    ҚҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
  • Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 1 жыл 6 ай:
    ҚР ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау).

Прокурор жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары бойынша да өтініштерін жария етті. Атап айтқанда, Абзал Шынасылдан 2 миллион 794 мың теңге көлемінде жерлеу шығындары үшін материалдық залал өндіру сұралды.

Сондай-ақ, Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиевті 100 миллион теңгеден Шерзат Полаттың әкесі, анасы және әжесінің пайдасына моральдық зиянды өтеу жөніндегі талапқа бірлескен жауапкер ретінде тану ұсынылды.

Қалған айыпталушылардан, атап айтқанда Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентай, Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтар, Нұркияс Ілиясов пен Дидар Қалиахметтен — әрқайсысынан 20 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіру талап етілді.

Сонымен қатар, прокурор Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыгелді, Арлан Қазыкенов және Юлдаш Розыбакиев атты куәгерлердің әрекеттеріне құқықтық баға беру және оларды тексеру мақсатында жеке қаулы шығаруды сұрады.

Қазіргі уақытта жарыссөз кезеңі жалғасып жатқанын еске саламыз. Сот процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында отырыс Жоғарғы Соттың ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Алаш аруағы алдындағы аманат

Тарихтың жарасын ұмытпау – рух алдындағы парыз. Бүгін Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық