Венгрия астанасы Будапештте әлемнің 93 елінен келген 556 дзюдошы әлем чемпионы атағын сарапқа салып жатыр.
Жарыстың алғашқы күні дзюдошы Абиба Абужақынова дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 48 келіде белдескен отандасымыз финалда италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді.
Бұған дейін ел дзюдосы тарихында болмаған нәтиже тіркеп финалға дейін жеткен Абиба жарыс жолынан Марина Воробеваны (IJF), Лоус Петитті (Германия) есімді мықтыларды қапы қалдырды. Ширек финалда әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері жапониялық Уатана Когананы, ал жартылай финалда испаниялық Лаура Мартинез Абелендадан басым түсті.
Осылайша Абиба Абужақынова дзюдодан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері атағына ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Ол бұған дейін 2022 (Ташкент) және 2024 (Абу-Даби) жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Жарыстың алғашқы күні Абибадан бөлек Ғалия Тынбаева, Шерзод Давлатов және Мағжан Шамшидин татамиге шықты. Ол үшеуінің арасында тек Мағжан ғана жетінші орынға болды.
Айта кетейік әлем біріншілігі 20 маусымға дейін жалғасады.
Түгелбай Бисен
Фото: Спортты дамыту дирекциясынан