Сөйткен Үрбике үміт жібін үзбей табаны күректей жеті жыл тапжылмай отырып, күйеуін күтті. Бастабында жұрт «неткен арлы, неткен махаббат, неткен төзім, өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал деген осы» деп тамсанып, таңғалып, Үрбикені аузынан тастамай жүрді.
Әуелгіде жеті жыл дегенді естігенде жеті күн өтпей жатып сөз салғандар құлақ етін сарсытқан. Әскерге кеткен күйеуін үш жыл тапжылмай күтіп, сағыныса табысып жататын келіншектер некенсаяқ емес еді. Жеті жыл дегенің үш жыл емес қой. Ойласа жеті жыл жердің түбі сияқты. Оған қалай жетпек? «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болар». Әй, қу тағдыр-ай деген. Үйленген күнінің ертеңіне сүйген жары аяқ астынан әскери комиссариатқа шақырылып армияға аттанып кетіп жататын бір заман еді ғой. Сертіне берік, антына адал адам, ай-жыл тұрмақ өмір бақи үміт жібін өзегіне арқау етіп өмір сүре білудің үлгісін көрсете алатындығының Үрбике айғағы болды.
«Туған ай тураған етпен бірдей» дегендей, күнделікті тірліктің күйбеңімен жүргенде жеті жыл да жетіп келді. Үрбикенің сағынышы қамысқа от тигендей лаулап, жан тәнін күйдіріп, жандырып әкетті. Әне келіп қалар, міне келіп қалар деп ойлаған сайын өлген етке жан біткендей тұла бойы шымырлап, құмары асқынып, жар төсегінде жан алқымға алып, аунақшып, аласапыран күй кешті. «Жеті жыл» деген кесім естігенде жылап-жылап, жан қызуын мұздай сезіммен бастырып, қатырып тастап, жайма шуақ күн кешкен Үрбике, іште күн санап жүрген бе, жеті жыл толған күні толғағы қысқан ұрғашыдай дөңбекшіп шыға келді.
Жеті жыл бел ортасынан ауғанда, о жасаған, қабағына қарамаған, қатты сөз айтпаған енесі жын ұрғандай құтырып шыға келді… «Жандәулетке ти!» дейді. Мұны естігенде әуелі Үрбике аңырып, аң-таң болып қалды. «Мына кісінің есі дұрыс па?».
– Апа-ау, сіз не деп тұрсыз?! – деп дауыс көтерді.
– Не деуші едім, естідің, Жандәулетке ти!
Үрбике үнсіз қалды. «Не істеп қойдым?». Үйінен қырық адым қыр аспаған. Өзін өзі мырза қамақта ұстаған. Сол мырза қамақта қырық жыл отыруға өзін көндірген. Шымырдың жүзіне шіркеу түсірмес үшін. Шын сүйгені үшін. Тірі жесірге тиесілі бүкіл ауыртпалықты, қорлықты, зорлықты көтерген. Тиісетін, тиіскен тентек көп. Тіміскілеп келген талайдың танауы тасқа тиген. «Не істеп қойдым?»… Ол әрбір өткен оқиғаларды ойына алды…
…Қыстың күні еді. Жеке дара, таудың бір тұйық қойнау күнгейінде бір неше ұсақ малдың күні үшін оқшау қыстап отырған. Жұт. Қар қалың. Екі күннің бірінде қар жауады, азынап қарлы боран соғады. Ықтасын, көңі қалың, маясы мол, меншік дәулетті тәркілегенге дейін қайтадан шыр бітіп, шелдене бастаған Шымырдың шешесі «бай кемпір» атанып жүретін, қолындағы малы жұтай қоймаған. Соғымға «екі басқа жетеді» деп тайында қысыр емген бір байтал, бес ұсақты сойып алған. Сырғауылдан Шымырдың өзі соққан, шап-шағын жалғыз бөлмелі тоқал там жып-жылы.
Алакеугім ымыртта кешкі астарын ішіп, енді жатуға айналғанда ақ тонының етегін алдымен есіктен енгізіп, еңкейе бере түлкі тымағын шешіп қолына алып, амандасып Әкрем кіріп келді. Жапан түздегі жалғыз үйге қонақ келсе қуанады. Әсіресе топшыл, көпшіл, кеңесшіл бай кемпір, кеңесіп тері кеңіп жырғап қалады.
Әкрем Шымырдың ісіне куәгер болғандардың бірі Сакрамның немере туысы. Сакраммен түйдей құрдас, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен. «Сакрамның өлімі кісіден болды» дегенге имандай сенген ол, туысын, құрдасын, жан жолдасын жер қойнына тапсырарда, көрге түсіп, мәйіттің жүзін құбылаға қаратып жатып, жасын төгіп, «тірі жүргенде кегіңді мен аламын» деп еңіреген. Үйіне жылан кірсе де ақ құйып шығаратын қазақ Әкремнің алдына асын тосып, астына көрпесін жайды.
Кеңес те қызды, ортадағы ұшқат томарымен гуілдеп темір пеш те қызған. Әкрем оқта-санда аядай үйдің ішін қабағының астымен шолады. Қазан жақта, үйге кіреберістің сол жағында төсек сырмағын төрт қабаттап төсеген, қайқы бас, қара қайыс ағаш төсек. Үш жарым жас шамасындағы Жұлдызай мен әжесінің төсегі де, төрі де осы. Жұлдызай туа сала бай кемпір бауырына салып алған. Түнде жыласа, өзі тұрып, көтеріп апарып, қасында шошайып отырып, Үрбикенің омырауын бір-екі сорғызып алады да құшағынан жұлғандай қып тартып әкетеді.
Үрбике сүтті омырауын орталатып сорсын деп іштей тілеп, мол ұстағысы келсе, «болды-болды, әкел бері, бұ қайткенім, кенедей жабысып, иісің сіңіп кетеді» деп зекіп тастайды. Сөйтіп өскен Жұлдызай тілі шыққанда әжесін «апа» деп, шешесі Үрбикені «Үрбі» атап кетті. Оң жақтағы бір кісілік ақ бас темір төсек Үрбикенікі. Зат-тауардың қат кезінде ауданның шаруашылық басшысына үстеме бір соғымын беріп, елден бұрын қол жеткізген заманауи төсек. Осы тар төсектің қызығын Шымыр екеуі айға жуық көрді.
Шымыр қатты қалжыңдайтын. Жатып алып, сам сөндіріп, Үрбике қойнына көйлегінің етегін көтере кіргенде, тарпа құшақтап, бауырына тартып, «тар төсекте төсіңді, иіскейінші жалаңаш» деп Абай сөзін бұзып әзілдейтін түкті бетін Үрбикенің алқымына ендіре. Үрбике жымиып, жақсы көріп, құшағына тығыла, жабысып сыбырлайды: «Тыныш жатшы, апам естіп қояды». Осы ықыласты сыбыр, ыстық құшақ жаздың қысқа таңында қырық ысып, қырық суып, бейне біте қайнасып қалғандай ажырамайтын.
Енді соған жылқының қазы мен қартасы, жалы мен жаясын жеп, ыстық сорпа ішіп, бойы жылынған Әкремнің көзі түсті. Көкірегіне бүгін осы төсектің қызығын көрсем деген құрт кірді. Неше рет тояттаған бүркіттей қабағын қағып, мұртын сылап, сыртты ымдап еді Үрбике міз бақпады. Әкрем де ерің қайсы десе мынау дейтіндей жігіттің сұңқары. Ол енесінен қаймықты деп ұқты. Өйткені ана пышылдап, қанен-кәперсіз ұйықтап жатқан баланың жасын ары есептеп, бері есептеп байыбына бара алмады. Ақыры «ойнастан таппағанда, күлге аунап туды» дейсің бе дегенге өзін ұйытты.
– Атыма бір уыс шөп болса, Үрбике көрсетіп жіберер ме екен? – деп сызылып еді, көңілді, көп әңгіме айтып, кеңесіп қарық болып, жадырап отырған бай кемпір:
– Әй, қораның төбесіндегі таудай маяны көрмей, иии, көзіңе… деп зекігендей болды.
– Жоқ, шеше, үй иесінен сұрағаным ғой, әйтпесе… бір түйе шөпті мен де әкеп түсіремін ғой, күзде,– деп ішкі есеппен қарық қылатындай сөйлеп, алмақтың салмағы барына қарай аунатып ескерткендей болды да,– өзім-ақ жөндей беремін ғой,– деп орнынан көтерілді.
– Төсегіңізді төрге жұмсақтап салып қоямын, келіп жата беріңіз,– деді Үрбике. Мұны естігенде Әкіремнің дәмесі тіпті қозды. «Сүйт, сүйте ғой, Үрбике жан» деген сөз аузынан шығып кетті. Кемпір сылп еткізіп, ырбитып ерінін шығарды. Әкрем, «Қарсы емес-ау, неше жылдан бері құр жүрген, мініс көрмеген керім бие кел дегені ме?» деп топшылады.
Әкрем ұйқылы-ояу ұзақ жатты. Тас қараңғы. Таң ұзақ. Қазан жақтағы бағана байқаған көнетоз торғын шымылдықтың арғы жағынан Жұлдызайдың пышылдаған сәби дем алысы естіледі. Кемпір демін ішіне тартып, тың-тыңдап жатыр ма сыбыс шықпайды. Ұйықтаған, ұйықтамағанын білейін деп бір аунап, басын көтеріп, мойынын созып, жақындап сақ құлағын қанша түрсе де еш қайыр болмады. «Өлген адам да осылай үнсіз жатпас» деп кіжінді. Алқынып, демі көмейіне тығылып, жүрегі құрғыр түйгілеп әкетіп барады.
«Төсегіңізді төрге жұмсақтап салып қоямын, келіп жата беріңіз». Жұмсақ, жылы үн миының ішінен естіліп, есін шығарды. Қырынан аунап жұмсақ жастыққа тұмсығын тығып еді, жұпар иісі келе ме, бір пәле, мұрыны қышыды. Оны әлде неге үйкегісі келді. Мұрынын саусақтарымен тасқып қысып, тұншығып та көрді. Дегбірі бітіп түн ортасы ауды-ау деген шақта жамбастай сырғып келіп, оқ жақтағы ақ төсекке қол салды. Созған қолының саусақтары мұздай темірге тиді. Қолын тартып алып кемпірдің төсегіне қарады. Көзі қараңғыға үйреніпті. Шымылдық қозғалмайды. Ол мешел балаша құйрығымен және сырғып, жақындап, ақ төсектің тұсын түгел жапқан шымылдық шетінен қолын бойлата сұғындырды. Құрғыр жұмсақ жастыққа тиді, құрқыр сұп-суық. «Осындай суық адам ба?». Қолын көрпенің ішіне сұғып жіберіп, молырақ бойлатып, ары-бері сипалап еді ештеңе ілікпеді. «Е, бергі жағынан мол орын шығарып, іргені жаныштап жатыр сірә» деген ой жетіп келгенде шымылдықты шапшаң түре көтеріп, мысықша ырғып, көрпе ішіне сып етіп кіргенде темір төсек шиқ едіп дыбыс берді.
– Әкрем, Әкрем қарағым? – Әкрем оқ тигендей төсек үстінде сілейіп қатты да қалды.
– Дәрет қысты ма?
– …
– Далаға шығасың ба?
–…
– Шам жағайын ба? – Сонда барып Әкремге ес кірді. Төсектен жып етіп түсіп, от басынан әлде не іздегендей күйге еніп,
– Әуре болмаңыз, шеше, пимамды іздеп, иә, теуіп тастаппын.
– Таптың ба?
– Таптым, апа, иә, шеше, таптым.
– Тапсаң болды.
– Жалаңаяқ қайтып жүр ме!
Бұл кезде енесінің іргесіне, Жұлдызайдың арғы жағына әлде қашан жайғасып алған Үрбике жұмақ ұйқыда жатқан болатын. Таң сыза бере тұрса қонағы баяғыда аттанып кеткен екен.
Енесі екеуі таңғы шайларын ішек сілелері қатып, бір қыдыру күліп отырып ішкен. Сөйтіп талай қызықты да, қырғи күндерді бастан кешкен енесінің енді келіп, көк желкесімен қарап қалғанына таң-тамаша.
«Мына кемпірдің есі ауысқан шығар. Өзінің отын жағып, түтінін тұтатып, жан дегенде жалғыз ұлының артын алаңсыз үмітпен күтіп, көрінгенге көз тікпей, көңіл күйін де түсірмей отырған келініне кет дейді.
Мына кемпірдің есі дұрыс емес болар. Бір кілтипан шығарса жөн. Табаны күректей жеті жыл, алты ай сарылып, сарғайып күткенде бір ауыз артық сөз шығармаған, әй деспеген енесінің түйеден түскендей мына қылығы шынымен есі сау кісінің ісі ме? Шыны ма екен, әлде, алжиын дегені ме? Алжитындай жасқа жеткен жоқ қой. Мүмкін іштей жеген сағыныш-азабы жасынан ерте қартайтты ма екен?
Мына кемпір бүгін түс көріп, теріс аяғымен төсектен тұрды ма екен? Табаны күректей жеті жыл, алты ай үйір көрмей, қулық биедей құбылып, құлпырып тұрған келбетті келіншекке көзі түскен бір қу сайтанның сайқал сөзін құлағы шалып қалып, назадан айтып отыр ма екен? Е, ондай оңбағыр сөздің талайын естіген. Оған қыңқ демейді».
Үрбике сабасына түсті-ау дегенде енесі үш бұрыштап бүктеген, тұмар сынды бір қағазды қолына ұстатты.
– Саған жазыпты. – Үрбике енесі ұсынған хатты аларын да, алмасын да білмей аңырып отыр еді, енесі қолына қыстыра салып, – оқы, отыр ма, – деп шыға жөнелді. Үрбике қолы қалтылдап отырып хаттың бүктеуін әрең жазды. Үш-ақ ауыз сөз: «Қарағым, Үрбике, аман-саусың ба? Жасаған жақсылығың құдайдан қайтсын! Мені күтпе. Кешір. Мен ұзақ жылға кетіп барамын. Кешір!». Бұл хатты кім берді, қайдан келді, оны тектейтін шама болмады. Шымырдың жалынан сипатпайтын жан екені рас. Ағыл-тегіл жылады. Жылайтын жас та қалмады…
Ауыл-үй арасында Шымырдың жазасы ұлғайыпты деген қаңқу сөз өршіп кетті. Соның ішінде ең сендіретіні «бүгін-ертең түрмеден босаймын деп отырғанда төбелескен екі тұтқынның арасына түсіп, баса тигізем деген жұдырығы қата тиіп, анау тіл тартпай кетсе керек» деген соңғы дақпырт шынға айналды.
Екі әйелдің басы қосыла қалса қылатын өсегі осы болды.
– Байғұс Үрбикеге обал болды. Кешікпей, жаз шыға келеді деп, қар астынан көктеген жауқазындай жайнап, жасанып кетіп еді. Жалғыз күнде сүлкіні түсіп кетіпті.
– Оның үстіне жығылғанға жұдырық деп, жал-құйрығын тарап, Шымырым келеді деп, жаратып отырған қара жорғасын қорада тұрған жерінде жарып кетіпті. Кім біледі? «Қара жорғаны қаңтармай бер, өлсе тулақ, Шымыр аман болса әлі талай жорға мінеді»,– деп талай адам сұрап келгенде бермепті дейтін. Аңның қасқырынан, адамның қасқыры қиын болған заман ғой. Соның бәрі оңай соққы дейсің бе?
– Сөйтпегенде қайтеді. Енесі де жери бастапты. Бір тықырдың таяғанын сезеді-ау. Олай-былай болып кетсе жалғыздықтың азабын сонда тартады ғой. Қаусап отырса да сырт көзге айбар, айдын ғой. Тысқа шықса қара жорғасын, ішке кірсе енесін ес көретін. Енесі кетсе күні не боларын кім біледі? Не бір есерсоқ жігіттер есігін ашып, табалдырығын аттауға батпайды. Байға тиіп ал деп баяғыда айттым. Шымырдан басқаның жанына жатпаспын деп тулады.
– Басқа түссе баспақшыл деген. Жатады ғой. Көресің әлі бұның бай таңдайды.
– Ой-бүу, бір шелек сүт асып кетіп едім… әй, қараң қалғыр-ай, тасып, төгіліп, түк қалмады, ә? Біреудің қатынының күнін жоқтағаным немді алған. – Әлгі өсекті бастаған қара қатын орнынан атып тұрып үйіне қарай етегіне сүріне-қабына ұштыртты.
Бәрін орайластырып, тындырған Әкрем жарсыз жүрген Жандәулетке жеткізген. «Темірді қызған кезінде соқ» деген. (жалғасады)
Парақшамызға жазылыңыз