Шымыр түрмедегі жеті жыл, алты айлық жазасын толық өтеп шыққанда жиырма тоғыз жаста еді. Бірақ, екі жағын қаптай өскен қаба сақалы оны өзінің тұрғыластарынан едәуір егде көрсететін. Түрмеден түлеп, тынығып шықпаса да, шынығып, шымыр, бір тал қылшығы да қисаймай шықты. Шыққан бойда елге қайтпай, қалаға келді. Ондағы мақсат: шымылдығы желбіреп тұрса да елге жұтап бармай, жұтынып бару керек. Қаланың шеткі ауданынан жер үй жалдап, темір жолдың бір тұйық жолына қойылған вагондардан көмір түсірді. Тәулігіне бір емес үш адамның жұмысын істеп, үш еселеп жалақы алды. Шешесі мен Үрбикеге деп жібек орамал, торғын көйлек, тоқыма жейде, сапалы етік, бір қабат киімдік пұл салып, қоржынның екі басын толтырды. Өзі сыптай болып киінді.
Жалғызың келе жатыр дегенді жер түбінен естігенде жанын қоярға жер таппай жан ұшырған ана жақын туыстарын жанына жиып алған. «Жаздым, жаңылдым, өз қолымды өзім кескендей болдым» деген.
Жұрт «кісі өлтірмесе де, ойын арасында оңатын тауып кісі өліміне себепкер қылмыскер» келді деп емес, тап бір жауды жеңіп, туы желкілдеп батыр келгендей жапырыла амандасып, анасы сорлы ұзақ көрісті. Қарт ананың ботасы өлген боз інгендей боздаған дауысы сай сүйектен өтті. Әрбір сөзі қорғасындай салмақты жоқтау-дастаны қайғылы сазбен өрнектеліп жадынан жай отындай ағып жатыр. Ішінде ұйып, қоюланып әбден пісіп-жетілген шерлі шежіресін, запыран зарын лақылдатып төкті. Сөзінің өткір-ай. Естіген жүректі тіліп-тіліп түседі. Үлкендер жан-жағынан қой-қойлап, «өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді, кебенек киген келеді» деген осы «келді ғой, болды ғой, көсегең көгерер» деп біраз басу айтқаннан кейін барып зорға тоқтады.
У-шу басылып, амандаса келгендер орнығып отырып, үлкендер төрге озды. Ағаш төсегіне арқасын сүйеп, бір тізесін астына басып үһілеп отырған шешесінің шошайған оң тізесін құшақтап, өзіне қасқырдың қара құлақ бөлтірігіндей жаутаңдап қараған жеті жасар қыз баланы апасы шашынан сипап:
– Әкең ғой, әкең, бара ғой,– дегенде Шымырдың жанар жарқ етіп, «әкесі несі?» деген ой зу етіп, жағын тізеге жастанып жатқан балаға жанары оқтай қадалды. Апасының оң жағынан, төр басынан орын алған, жақ жүнін тақырлап, жұқартып қырықса да тебіндеп өсіп, аузы-басын түк басқан, қап-қара қасты қара сұр кісіге батып қарай алмады.
Апасының «әкең келгенде сөйтесің, әкең келгенде бүйтесің, әкең әпереді, әкең екеуің…» деген сөзінің ертегі екеніне әбден сенген Жұлдызай кейде «әкең-әкең дей бермеші» деп те сөз қайтарып тастайтын болған. Сонда апасы: «Әй, балапаным-ай, жассың ғой, сәбисің ғой, сен не білесің? Үміт деген бір үлкен қуат-күш бар. Сол жанға дәру, дертке шипа. Ғұмырыңды ұзартады. Адамзат баласы үмітпен өмір сүреді» дейтін.
Сонда Жұлдайдың жанары жайнап, әке деген бір мейірімді, анаға да, балаға да қамқоршы құдіреттің барлығына имандай сеніп түсінде көретін халге жетіп, балалармен ойнағанда да «әкем келгенде мен сөйтем, әкем келгенде мен бүйтемін» деген үмітін бүкпесіз айтып мақтанатын. «Әкең ғой, бара ғой» дегенде орнынан атып тұрып, мойынына оралып, құшақтай алмады. Тосырқап жатып, жұрт жамырап, – әй, айналайын-ай, бара ғой, әкең, әкең ғой,– деп тұс-тұсынан кеу-кеулегенде барып, әлде бір ішкі күштің итермелеуімен орнынан созыла көтеріліп, өзіне қарай қабағын қарыс түйіп, қадалып отырғандай Шымырға жақындады. Ол қолын созып, бауырына сүле соқ тартып, маңдайынан иіскеген болды да ақырын ғана «ары» деген ишара сездірді. «Әкем болса шап беріп құшақтап, бауырына қатты қысып құшақтар еді ғой»…
Шымырдың суық жүзді ишарасының астарындағы ойды дөп басып, ат жетектеп барып, алдынан шығып, ауданнан алып келген Әкрем, «көрдің бе, куәсі осы, қатыныңның саған әзірлеп кеткен сыйы» деп миығынан күліп, мысқылдап отырды.
Күні түнек түрмеден сары жайлауда қалған сыңарына сағынышы сары бидайдай сарғайып, жыл айналып сұңқылдап жеткен сары ала қаздай ұлына сорлы шешенің даярлап қойған тартуы оны талдырып түсіре жаздады.
Шымырдың қос жанарының іздеген үміті Үрбике еді. «Жұрт көзінен қаймығып далдаланып тұр-ау» деп ойлаған. Дастархан жайылғанда мүлдем бөтен келіндер құрақ ұшып, даяшылық жасап жүр. Шымыр үлкендердің ауызын бағып, әдеп сақтап біраз отырды. Жұрт қою шайға қанған соң Шымыр шыдай алмады.
– Шеше, Үрбике, қайда?! – Шешесі тартынбады, турасынан тартты.
– Үрбикені ұзаттым ғой, шырағым.
– Ұзаттымы несі? Ана дүниеге ме? Өлді ме?… Ішіндегі ой іле-шала «Сағыныштан» деді…
– Жоқ, қарағым. Ұзаттым. Құтты орнына… Қолымнан бердім…
«Екі өлген жерің осы, Шымыр, шоқ-шоқ, үрит-үрит, аңқылдап, аңсап жеткенде алатын сыйың осы, Шымыр, ала ғой» деп Әкрем отыр.
Төрде сіресіп отырған төрт шал бірдей бір мезетте әскери бұйрық алғандай төңкеріле Шымырға бұрылды. Сөзді көк сақал Көтбай қысқа қайырды.
– Шымыр шырағым, ер бір терінің ішінде, жеті сүрініп, сегіз сергиді дейді. Жасыңнан қайсар, жат қолын жағаңа жолатпас жан екеніңді осы отырған ағайыныңның бәрі біледі. Сағың сынбай, жалының жасымай аман-есен оралғаныңа бек ризамыз. Жер шалғай, алыстан жеткен хабардың ауыс-түйісі болып жатады. Сондай қауесет ел ішіне кеулеп кеткеніне мына төрт қара көз куә. Адамның тіліне аспандағы бұлт та азады дейді. Алаяқ аярдың тілі ақиқатқа айналған заман,– деп айналасына қарады. Бәрі бір ауыздан гу етіп, бас шұлғыды.
– Сендім. Сенгеннен кейін жас жанның обалына қалмайын деп. Менің көрген азап-сағынышымды тартпасын дедім, құлыным,– дедім шешесі.
– Бір қатын байын тастап кеткен екен деп ала тайдай бүлінетін ештеңе жоқ. Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам екеніне көзіміз жетті емес пе. Шымырға бір шүйке бас табылмайды дейсіңдер ме, бұ қайткенім, Жұлдызайды…– деп сөзін тиянақтай алмай Әкрем килікті. «Шүйке бас, Жұлдызай» деп тоқтағанда Шымыр шорт кетті.
– Жетеді, мәймөңкелерің! Үрбикенің тағдырын шешіп қойған екенсіңдер. Енді менің талайыма араласпаңдар. Шаужайыма жармаспаңдар. Ал мына баланың қандай тамшы-нұрдан жаралғанын тапқан ақы иесі айта жатар. Ол үшін қам жемеңдер. Қара жорғаны қасқыр жарыпты. Оны да естіп келдім. Енді менің жолыма көлденең түспеңдер, – деді.
Қуанышқа ортақтасып, айтып сойған ақ сарбастың етін жеп, ерін майлаймыз деп емексігендердің еңсесі түсіп кетті. Бірі томсырайып өкпелеген балаша Шымырға қараса, бірі қабағының астымен қайта барып әжесінің алдына отырған бүлдіршін, тұлымды қызға қарайды. Бай кемпір босаға жақта тұрған бойшаң жігітке ымдап қалды. Есіктен арқардай үлкен, құйрығы тегенедей қызыл қасқа еркек қойды енгізді.
– Шымыр кеткенде айтып жіберген, сетерлеген малым еді, ал ағалар, өздерің келісіп, бата жасаңдар!
***
Шымырдың жаратпай айтқан сөзінің ішінде жұрттың көп ермек еткені кеткен қатынының бұл күнде ұмытылып ескіре бастаған етегінің кімге көтерілгені, қаршадай Жұлдыздың қайдан келіп, қайдан тұрғаны болды.
– Көзі жаңа ашылып мөлдіреп жатқан суаттан кімнің ат суарғысы келмейді? Өзі де адам қызығарлық ажарлы жан. Шымырды жеті орап әкететін, жаман аты шықпаған жүліктер бар ғой. Бір қаға берісте қапысын тапқан ғой.
– Мына қызының өзі алты-жетіге кеп қалды. Шымыр кете жыл уағына жетпей босанды. Жұрт не десе о десін мен Шымыр жағына шыға алмаймын. Күдігі жөнсіз.
– Кімнің ішіне кім кіріп шығыпты. Ішінде ит өліп жатты ма? Шымырдың шорт мінезінен қорғанған сиқы шығар, қарасын батырғаны.
– Тартпағырдың түрі аумайды ғой. Тек қыз демесең. Әкесін сойып қаптап қойғандай. Несіне күмәнданады? Ер адамның әлгі несі, құдай атқыр, қайдағыны айтатын болдық қой, ұрғашының бойында қырық күн, кейбір жағдайда одан да көп, он екі ай жүреді деген. Солай болған шығар, бір құдайға хақ қой. Бала өзінікі болмаса бай кемпір бәле, бір күн қондырмас еді.
– Байғұс қырқына шыдағанда біріне шыдамағанын айтам, сор түртті ғой.
– Әй, бұл талайды көрген кәрі тақыс бір нәрсені сезген болар. Әйтпесе оңай-оспаққа алжасып былқ ете түсетін жан емес қой. Бір кілтипанның бары рас болса мына кәпірдің тірідей қолқасын суырып алады.
– Бәрінен де мына баланың көзін мөлтілдетпей өзімен бірге алып кеткенде жетімдік көрмес еді. Ай, ана бала өзінікі болмай, қоңсының қотыр лағы болса мына кәпірдің бауырына тартып, жібитін түрі жоқ, шайнап тастайды-ау, құдай өзі сақтасын! (Жалғасады).
Ескерту: Суреттер тек көркемдік үшін. Оқиғаға еш қатысы жоқ, өз архивімнен алынды.
Парақшамызға жазылыңыз