//

«Көлдің іргесінде — өндірістік нысан»: құрылысқа Алматы әкімі туыстарының қатысы бар ма?

133 рет қаралды

Фото: newtimes.kz

Астанада Талдыкөл көлінің жанынан бетон зауыты салынып жатыр. Жер тұрғын үй құрылысына арналған. Құрылысқа Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының ағаларына қатысы бар компания жауапты.

Фото: NewTimes.kz

Бетон зауытын «Global Construction Group» ЖШС салып жатыр. Компания Нұрлан және Ерлан Сатыбалдының бизнес мүдделерімен байланысы бар. Жер телімі тұрғын үйге арналған. Бірақ іс жүзінде өндірістік нысан салынып жатыр. Қоғамдық тыңдау өткізілмеген. Экологиялық рұқсат жоқ.

Астанада Тұран мен Ұлы дала даңғылдарының қиылысынан сәл әріректе өндірістік нысан салынып жатыр. Салынып жатқан құрылыс нысанның сыртқы белгілеріне қарағанда, бетон зауыты екені байқалады. Елорданың құрылысы қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, мұндай нысанның пайда болуы таңдандырмайды. Бірақ бұл жолы назар аударар жайт – зауыт Талдыкөл көлінен не бары бірнеше ондаған метр жерде орналасқан.

Кадастр мәліметі бойынша, жер телімі «Nomad Stroy Company» ЖШС‑ға тиесілі. Нысаналы мақсаты – көпқабатты тұрғын үй кешенін салу. Компанияның құрылтайшысы – Мұхтар Сатвалдиев, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының туған інісі.

Сатыбалдының бес ағайынды бауыры бар. Көбі құрылыс саласымен тікелей айналысады. Мұхтар Сатвалдиев – Ultra Build, Prestige AST, Nomad Stroy Company, Home Builders, NEW HOME BUILD, Fitness Palace, ҚҰРЫЛЫСШЫ LTD серіктестіктерінің құрылтайшысы. Сондай-ақ ол «Sat Tower» жеке кәсіпкерлігін басқарады.

Тағы бір бауыры Ғабит Сатвалдиев Kompra деректер базасы бойынша «Sat-NS» компаниясының құрылтайшысы. Бұл – Астанадағы «жасыл құрылыс» қағидатын насихаттайтын ірі құрылыс ұйымы. Алайда бұл компания бірнеше даулы іске іліккен. 2021 жылы «Sat-NS»-ті Талдыкөл көлдерін көміп, құрылыс жұмыстарын тоқтатпағаны үшін айыпталған. Биыл да компания көлді құрғатып жатыр деген күдікке ілінді.

Осы сұрақтың жауабын анықтау үшін newtimes.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Айнаш Сейтмуратова SOS Taldykol қоғамдық бірлестігінің теңқұрушысы Руслан Уразалиевпен байланысып, құрылыс алаңына барып көрді.

Бақылау кезінде құрылыс жүріп жатқан аумақта қоршау жоқ, қауіпсіздік шаралары сақталмаған, ескерту белгілері де орнатылмағаны анықталды. Алаңда бетон араластырғыш қондырғы, цементке арналған силостар, баспалдақтар қойылған. Аумағына қиыршық тас пен құм төгілген. Бұл жер және оған іргелес телім (жалпы көлемі – 260 мың шаршы метр) «Nomad Stroy Company» компаниясына тиесілі. Руслан Уразалиевтің айтуынша, алдағы уақытта бұл жерде жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеруі мүмкін. Ал көлге жақындық құрылыс компаниясы үшін тиімді фактор болуы мүмкін. Себебі бетон дайындауға су қажет, ал Русланның пайымынша, компания суды тура Талдыкөлден алуы мүмкін.

– Оларға бетон араластыру үшін су қажет. Бірақ менде олардың арнайы су пайдалануға рұқсаты бар деген сенім жоқ, – дейді эколог Руслан Уразалиев.

– Біріншіден, табиғи су көзінен тікелей су алу – құрылыс нормалары мен стандарттарына қайшы. Екіншіден, бұл жерде өндірістік нысан салынады деген ресми ақпарат жоқ. Құжат бойынша, жер телімі көпқабатты тұрғын үй құрылысына арналған, өндірістік мақсатқа емес, – дейді ол.

Руслан Уразалиевтің айтуынша, мұндай нысанның құрылысы қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімімен мақұлдануға тиіс болатын. Алайда ол құрылыс алаңынан көтерілетін шаң Астанаға таралып, ауаны ластайды деп алаңдайды.

E-license порталындағы дерекке сүйенсек, 2024 жылы «Nomad Stroy Company» компаниясы құрылыс басталатыны туралы тек бір рет хабарлаған, бірақ ол бүгінгі құрылыс жүріп жатқан жерге қатысы жоқ. Ал дрон арқылы түсірілген бейнематериалдар көрсеткендей, маусымның басында бұл аумақта тек дайындық ғана жүрген.

Алайда бір айдан кейін, 13 шілдеде, жағдай күрт өзгерген. Құрылыс қарқын алып, техника жеткізіліп, бетон зауытының негізгі элементтері орнатыла бастаған.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар