Фото: istockphoto.com
Қазақстаннан заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды.
Оның ережелерін іске асыру үшін басқарушы компания – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылып, оған мемлекеттің еншісіндегі активтерді қабылдау, сақтау және сату міндеттері жүктелген.
Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, аталған қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға тікелей аударылады. Қалған активтер (жылжымайтын мүлік, көлік және т.б.) ҚАБК басқаруына өтіп, сатуға қойылады. 2025 жылдың 27 маусымында Арнаулы мемлекеттік қорда жинақталған ақша 103,4 млрд теңгеге жеткен. Жиынтық түсімнің көлемі 433,3 млрд теңгеге, ал шығыс сомасы 329,9 млрд теңгеге артқан.
ҚАБК қазірдің өзінде 34 млрд теңге сомаға 48 активті сатқан.
Актив орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шетелде мүлікті сатуды қоса алғанда, тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Тарихи-мәдени маңызы бар құнды нысандар (ерте темір дәуірі мен орта ғасырлардағы жәдігерлер) ғылыми зерттеулер үшін ҚР Ұлттық музейінің тұрақты коллекциясына берілген.
Жалпы сомасы 318,1 млрд теңге болатын Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты 406 әлеуметтік маңыздағы жобаны қаржыландыруға бағытталады.
Қаржыландырудың негізгі көлемі сумен жабдықтау (160,6 млрд теңгеге 230 жоба) және денсаулық сақтау саласына (100,4 млрд теңгеге 162 жоба) жұмсалған.
Сондай-ақ білім беру (24 млрд теңгеге 10 жоба) мен спорт саласындағы (33,1 млрд теңгеге 4 жоба) жобаларды да қаржыландыру жоспарланған.
2025 жылдың 13 маусымында өткізілген Республикалық бюджет комиссиясының отырысында 80 млрд теңгеден астам қаражатқа 73 жобаны қаржыландыру мақұлданған.
Оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бағытына байланысты, атап айтқанда 63 жоба еліміздің қалалары мен ауылды елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға бағытталды.
Тек Абай, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және басқа облыстардың ауылды жерлерінде 50-ден астам нысан жаңғыртылады.
Бұдан басқа Су ресурстары және ирригация министрлігінің Түркістан, Ақмола, Атырау, БҚО және СҚО-да 30 млрд теңгеге жуық қаражатқа топтық су құбырларын салу мен жаңартуға қатысты 8 жобасын іске асыруға қаржылай қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар Қостанай облысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің 1 жобасы (Арқалықтағы инфрақұрылымды дамытуға арналған ғимаратты 1,9 млрд теңгеден астам сомаға жаңғырту) мен Туризм және спорт министрлігінің 1 жобасы (Көкшетау қаласында 12,6 млрд теңгеден астам сомаға көпфункционалды кешен салу) қолдау тапты.
Динара Насыр,
minber.kz
Парақшамызға жазылыңыз