Фото: Ақпері Ахметтің facebook парақшасынан алынды
Ақпері Ахметтің «Қазақфильм» басшылығына ашық хаты
Ақпері Ахмет – 2003 жылғы 19 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген жас ақын, болашақ заңгер. Қазақ және орыс тілдерінде өлең жазады әрі қостілді поэзияны аударумен айналысады. Жақында ол өзінің Facebook парақшасында «Қазақфильм» басшылығына арнап ашық хат жариялап, қазақ тілінде сөйлейтін өнер иелеріне көрсетіліп отырған немқұрайлық пен жүйелі ескерусіз қалдыру мәселесін ашық көтерді.
Хат «Қазақфильм» президенті Айдар Омаров пен студия басшылығына тікелей бағытталған. Автордың басты қойған сұрағы – неге қазақтілді шығармашылық өкілдерінің халықаралық жетістіктері жүйелі түрде ескерусіз қалады?
«Жақында режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Еуропада өткен бірнеше фестивальден үш бірдей Гран-при алып келді. Алайда студия тарапынан бірде-бір құттықтау, не ресми мәлімдеме жасалмады. Сұралғанда: «Біз жеңімпаздарды айдың соңында ғана құттықтаймыз, бұл фильм сол графикке сай келмеді» деген жауап алынды. Алайда айдың соңында да, одан кейін де қандай да бір «құтты болсын» деген сөз айтылмады», – дейді Ақпері.
Хатта мысалдармен нақты дәлел келтірілген. Маусым айында «Әбіл» фильмінің басты рөлін сомдаған Ерлан Төлеутай Қырғызстанда өткен III халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанса, шілде айында Вьетнамда өткен беделді Danang фестивалінде актриса Нұржан Бексұлтанова «Үздік әйел рөлі» үшін марапатқа ие болған. Алайда бұл жеңістер де «Қазақфильм» тарапынан елеусіз қалған.
Автор оқиғаларды салыстыру үшін Қытайда өткен ШОС аясындағы шағын фестивальде Бақыт Қажибаев алған марапатты бірден құттықтап, оны ресми түрде жариялағанын келтіреді.
«Неліктен дәл сол актерлер, дәл сол фильм тағы да назардан тыс қалды? Бұл кездейсоқтық па? Әлде шынымен де бейресми «қара тізім» бар ма?» – дейді Ақпері Ахмет.
– «Егер ол тізім бар болса, ол қандай Заңмен бекітілген? Жоқ әлде ішкі субъективті фильтр ғана ма?».
Автор жазған хатында дәл сол актерлер мен сол қазақтілді шығармашылық топтың қатарынан үш рет назардан тыс қалуы күмән туғызатыны айтылған.
«Ең алаңдатарлық жайт – мұнда жай ғана мойындамау емес, құрметтің жоқтығы байқалады. Қазір «Қазақфильмде» кәсіби мойындаудың өлшемі – ереже де емес, норма да емес, тек сіздің жеке көзқарасыңызға тіреліп тұрғандай. Бірақ «Қазақфильм» – сіздің жеке меншік шеберханаңыз емес, бұл – ұлттың рухани қазынасы. Егер сіз қазақша сөйлемесеңіз – бұл үлкен мәселе емес. Бірақ осы халықтың мәдениетін басқара отырып, сол ұлттың тілін үйренуді қажет деп санамасаңыз – бұл енді заңның емес, ар-ожданның, жауапкершілік пен парасаттың мәселесі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, жанашырлық – мансаппен берілетін нұсқаулықтар емес, бұл – адамгершіліктің іргетасы. Егер сізде бұл түгілі, ар-намыс та жоқ болса, онда адам, оның жан-дүниесі мен жады негіз болатын кәсіпке неге келдіңіз? Дәл сондықтан да мен бұл хатты сіз еститін тілде – орысша жазып отырмын. Егер сіз қоғамның тамырын, оның тілін, оның мұңын және қуанышын сезіне алмасаңыз, онда қандай кино жасағалы отырсыз? Кім үшін? Келімсектер үшін бе? Ғарыштан келгендер үшін бе? Әлде осы елдің, қазақ халқының өзі үшін бе? Өйткені кино – есептегі құсбелгі емес, ол – ұлттың тірі тіні!» – делінген хатта.
Автор хатында «Қазақфильмнің» ұстанымы ұлттық мәдениетке деген құрметпен емес, ішкі субъективтілікпен өлшеніп отырғанын қынжыла жазады.
«Сондықтан да мен бұл хатымды орыс тілінде жазуға мәжбүрмін – солай ғана сіздерге жетуі мүмкін деп сенемін. Егер сіздер қоғамның тынысын, оның тілін, мұңын да, қуанышын да сезіне алмасаңыздар, ондай жағдайда қандай кино түсірмекшісіздер? Ол кімге арналады? Бөгде ғаламдықтарға ма? Туристерге ме? Әлде айналып келіп бәрібір қазақ халқына ма? Өйткені кино деген жай есеп үшін қойылатын «галочка» емес, ол – ұлттың тірі тіні, жанды жүйесі.
Егер сіздердің фильм авторларымен жеке реніштеріңіз, келісілмеген ішкі мәселелеріңіз болса – оны ашық айтыңыздар. Бірақ егер сіздер жеке дүниені кәсіби шешімнен ажырата алмасаңыздар, онда бұл лауазымда болудың қандай мәні бар? Өнер әлемі – тазалық пен құрметтің кеңістігі. Жеңімпаз өзге студиядан шықса да, бәсекелес ортадан болса да, өзгенің еңбегін мойындау мен құрмет көрсету – бұл әлсіздік емес, бұл кемелдіктің көрсеткіші. Сіздің осы уақыттағы әрекетіңіз қоғамда бір ауыр әрі аса қауіпті пікірдің қалыптасуына себеп болып отыр: «Қазақфильмге» қазақ тілі, қазақы сезімталдық пен ұлттық қадір-қасиет артық дүниелер сияқты. Солай ма? Сіздер қоғамның бұл студияға деген көзқарасын өз қолдарыңызбен қалыптастырып жатырсыздар. Қазақтілді әртістердің халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне қатысты сіздердің үнемі үнсіз қалуларыңыз – кез келген сөзден де зор әсер қалдырады. Бүгінде сіздерге мынадай тура сауал қоятын журналистер аз шығар: «Неліктен сіздер «Қазақфильмді» осылай жіктеп, бөлшектеп отырсыздар? Неге ұлттың бір қабатына қатысты мұндай немқұрайлыққа жол берілуде?» – деп бетпе-бет сұрауға баратындар сирек. Бірақ естеріңізде болсын, ертең ондай журналист жолығып қалса, әрбір сөзіңіз, әрбір жария мәлімдемеңіз – сіздің қоғам алдындағы бет-бейнеңіз болмақ. Ал қазіргі бет-әлпет көңіл көншітпейді. Біз сізден ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Біз талап қойып та отырған жоқпыз. Біз тек бір сауал қойып отырмыз. Мәдениет атынан. Саналы қоғам атынан. Әлі де әділетті, адал әрі шыншыл киноға сенетін адамдардың атынан. Бұл сұрақты ашық қалдырамыз. Оған жауап беру – тек сіздердің ар-ождан, жауапкершілік пен мәдениет алдындағы таңдауларыңызға байланысты.
(Суретте – актриса Нұржан Бексұлтанова. Ол «Әбіл» фильміндегі Шынара рөлі үшін Вьетнамдағы Danang халықаралық фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алды. Бұл – елдің ортақ қуанышы!).
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз