Фото: pixabay.com
Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «балаларға спортпен айналысуға тыйым салынды» деген мазмұндағы алыпқашпа әңгіме желдей есіп жүр. Тіпті ата-аналардың алаңдап, жаттықтырушылардың түсінбей қалғаны да рас. Алайда бұл тұжырым – шындықтан мүлде алыс.
Мәселенің мәнісіне үңілсек, әңгіме 2025 жылдың 16 шілдесінде бекітілген №133 бұйрық туралы болып отыр. Бұл құжат спорт саласына жаңа тыйым емес, керісінше балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған нақты ережелер енгізеді.
Иә, жарыс – бұл жай ғана ойын емес. Ол – үлкен жауапкершілік, физикалық және эмоциялық жүктеме. Сондықтан мемлекет балаларды ерте жасынан-ақ салмақты жарыстарға салмай, денсаулықтарын басты орынға қойғанды жөн көреді. Бұл – ақылға қонымды, ғылыми дәлелденген, әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар жүйе.
Министрлік жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін белгілеген. Бұл – жарақат алу қаупін азайту, баланың физиологиялық даму деңгейін ескеру, спортқа деген қызығушылықты ұзақ мерзімге сақтау үшін қажет. Мұндай жас шектеулері тек жарыстарға қатысуға қатысты. Ал спорт мектептеріне, үйірмелерге баруға, дене шынықтырумен айналысуға ешқандай тосқауыл жоқ.
4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала елімізде спортпен тұрақты түрде шұғылданып жүр. Бұл – тыйым емес, даму барысы.
Сонымен қатар бұл шектеулер біржақты емес. Олар ұлттық спорт федерацияларының ұсыныстары негізінде дайындалып, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген, яғни әр спорт түріне сай бейімделген. Бұл – Қазақстанның дені сау спортшысын қалыптастыру жолындағы жауапты қадам.
Бізге ең бастысы – дабыра емес, дәлдік керек. Спорт – тек медаль үшін емес, ең алдымен денсаулық пен тәртіп үшін қажет. Сондықтан мемлекет баланың болашағын ойлап отыр. Ертеңгі чемпион болғысы келетін баланың бүгінгі қадамы – қауіпсіз және жүйелі болуы тиіс.
Түгелбай Бисен