Фото: pixabay.com
Астанадағы мектеп басшылығы 900 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Мәлімет ресми органдардан алынған, ақпарат тексерілді.
Астана қаласында орналасқан №81 Astana English School халықаралық мектебінің бұрынғы директоры мен бас бухгалтері ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тергеу Астана қаласы әкімдігіне қарасты білім беру мекемесінде жүргізіліп жатыр.
Агенттік Астана қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен (ҰҚКД) бірлесіп, 900 миллион теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтаған.
«Анықталған деректерге сәйкес, бұл қаржының бір бөлігі – дайындық сыныптарына және жазғы лагерьге оқушыларды қабылдау кезінде ата-аналардан қолма-қол жиналған қаражат. Алайда бұл сома мектептің ресми шотына түспеген, қолма-қол жиналып, мақсатсыз жұмсалған», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар тергеу барысында 16 миллион теңгеге жуық қаражат ұйым құрылымында жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылғаны белгілі болған. Арасында күдіктілердің жақын туыстары да бар.
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, күдіктілер ұрланған ақшаның есебінен 382 миллион теңгеге коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік сатып алған.Бұл мүліктерге сот санкция шығарып, пайдалануға тыйым салынған.
Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша іс қозғалды. Мектеп тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз