Ақ үйдегі кездесу: Зеленскийдің жаңа қадамы мен Трамптың қауіпсіздік уәдесі

32 рет қаралды
фото: Украина Президенті кеңсесі.

18 тамыз күні Ақ үйде АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кездесуі өтті. Оқиға халықаралық саясат сахнасында ерекше назарға ілікті. Өйткені кездесу барысында тек саяси мәселелер ғана емес, символдық ишаралар мен дипломатиялық қадамдар да айқын байқалды.

Костюмдегі Зеленский

Бұған дейін әскери киіммен жиі келетін Зеленский бұл жолы ресми костюм киіп Ақ үйге ат басын бұрды. Бұл өзгеріс батыс баспасөзі тарапынан «дипломатиялық сигнал» ретінде бағаланды. Financial Times басылымының жазуынша, Трамп Зеленскийді жылы қабылдап, оның киіміне назар аударып: “You look fabulous in that suit” деп мақтау айтқан (Financial Times).

Washington Post ақпан айында болған сәтсіз кездесуді еске алып, бұл жолғы имидждік өзгерісті Украина басшысының жаңа дипломатиялық қадамы деп сипаттады (Washington Post).

Демократиялық ашықтық

Кездесу барысында екі президент те журналистердің сауалына еркін жауап берді. Бұл – Аляскада Путиннің БАҚ өкілдеріне сұрақ қойғызбаған кездесуінен түбегейлі өзгеше. AP News бұл жайтты демократия мен диктатура айырмасының айқын көрінісі деп сипаттады (AP News).

Қауіпсіздік кепілдігі: НАТО-сыз жаңа формат па?

Кездесудің басты саяси нәтижесі – Трамптың Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге әзір екендігін мәлімдеуі. Дегенмен ол бұл қадамның НАТО аясында емес, басқа жолдар арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, майдан шебінде америкалық пен еуропалық сарбаздарды бірлесіп орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатқан көрінеді (AP News).

Саясаттағы символдық мәндер

Кездесу соңында ақпан айында Зеленскийден «неге костюм кимейсің?» деп сұраған журналист ресми түрде кешірім сұрады. Трамп болса әңгімеге жеңіл әзіл қоса отырып, «пиджагың ұнап тұр» деді. Бұл жайт саясат сахнасындағы бейресми ишаралардың да дипломатияда айтарлықтай маңызға ие екенін көрсетті.

Ақ үйдегі басқосу дипломатиялық келіссөздермен қатар, саяси символдардың, киім-кешек пен ишараның да халықаралық қатынастарда маңызы зор екенін көрсетті. Зеленскийдің жаңа имиджі – Украина басшысының әлем алдында ашықтық пен бейбіт келіссөзге бейімділігін білдірсе, Трамптың қауіпсіздік кепілдігі туралы уәдесі – алдағы саяси үдерістердің басты тақырыбына айналатыны анық.

Ұлттық мүдде мен халықаралық саясат түйіскен осы сәт тарихқа да, болашаққа да із қалдырады.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Бағдат Сұлтан

Бағдат Сұлтан — журналист, БАҚ саласында тәжірибесі мол жас маман. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтады. Қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің "Медиа зерттеулері және журналистика" мамандығы бойынша оқуын жалғастырып жатыр (2025–2027).

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

ҚР Президентінің екі мәрте стипендианты, Батыр Қазыбаев стипендиясының иегері. 2024 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының 2024 жылғы Бас жүлде иегері.

Маманданатын салалары: ұлттық болмыс пен тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар