/////

Бақытбек Бәмішұлы: Абай – құдырет, қазағым – сүйікті Анам (поэма)

206 рет қаралды
  1. Ақын

Абай ақын емес, Абай – құдырет Жамбыл

Қулық ойым жыл-жылда құлындады.

Қызым келді төркіндеп Ұрымдағы.

Анада бардым, анда жоқ, мұнда бардым…

Қара жердің Қарауыл ұжымағы.

Абай екен ақылдан айнымайтын,

Заман екен бәрінен құбылмалы.

Өмірінде көрмеген қасқыр алып,

Төрге түсін салады қамшы нағып?

Шынарлары шығатын шың басына,

Қарағайы өсетін тасты жарып.

Біз едік қой, білікті, жау жебесін,

Қайта өзіне сілтеген қаршып алып.

Жазып бауыр тұқыл ой көсілмейді?

Салмағы сом жүктелсін кесім мейлі.

Туа бітті талантты Алатаудай,

Ньютонның күші де көшірмейді.

Ақын деген асырып ақиқатты,

айтатындар, өтірік өсірмейді.

Қараңғыдан бір жарық шықты гүлдеп.

Жаңа тартқан келіндей шытты түрлеп,

Таңғы шөптің ілінген кірпігіне,

Көзім қанбай қарайды шықты мұң деп.

Тереңіне жетпестен шыңыраудың,

Әркім жазар білгенін мықтымын деп.

Ғылым – қиян, қиямет керегі не?

Ол адамның қонады зерегіне.

Жасырмайды жарықтық еш нәрсені,

Азаптанып бойласаң тереңіне.

Зердең жетсе жеңіңді сыбан-дағы,

Жарата бер, ал-дағы керегіңе.

«Ақырет жоқ ғылымсыз дүниеде».

Тәуелдіміз бәріміз Күн иеге.

Теріп беріп түгелдей түйткілдіні,

Жарық еткенге білген ол сүйіне де.

Жек көрсе егер, япыр-ай, туған жұртын,

Кемдігіне соншама күйіне ме?

Жаулап жатса жадыңды шайтан әні.

Алғыр жүрек қалайша жай табады.

Ар, жан үшін жасаған сауабыңды,

Алла еселеп өзіңе қайтарады.

Мәңгі бақи сыналған ол – ақиқат,

Досың ғана бетіңе айта алады.

  1. Шәкәрім және Қасқа бұлақ

Шын наданға атар таң болмайды екен.

Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті! Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Сағым кешіп далада сарылғанда,

Бір тамшыға зар етіп жаныңды Алла.

Тілің сыймай аузыңа, кеше лайлап,

Кешкен суды өлердей сағынғанда.

Көз алдыңда көлбеңдеп көгілдір көл,

Тағдырыңды жазғырып шағынғанда…

Шөлдің түсіп саймансыз қақпанына,

Сөзге иілмей қалғанда жақ та мына.

Күйі кетіп, оңып та қуармайтын,

Суалмайтын тозақтың аптабына.

Жапан түзден жолығар жан шақырар,

Қасқа бұлақ – Қасқа су – Қасқа тұма!

Жапан түзден жаралған майлы суат.

Жан біткеннің бойына берер қуат.

Жеткеніңде шалдығып шалғай жерден,

Жан дүниеңді жайлаған кірің жуат.

Жас құрақтың нәр алған сол суаттан,

Жанып жұлдыз, оңынан айы туат!

Ғасыр көші жыл аунап, алмасқанда,

Жақсы менен жамандық арбасқанда,

Арта түсер қадірі қасқа судың,

Озып күші, қуаты алмастан да.

Қасқа бұлақ таралып дүнияға,

Шын шығарған күн болар Айды аспанға!

  1. Әлихан мен Ахмет

Абай өз Отанының сап алтыны. Әлихан Бөкейхан

Абай – қазақтың бас ақыны. Ахмет Байтұрсынұлы

Тұқымы шоң Әлихан арыстанның.

Аман қалған ажалды ағыстан мың.

Тойы тарқап, басынан бағы ұшып,

Жолы сірә болмаған қағысқанның.

-Абай,- деді сол асыл алғаш рет.

Әлемге атын әйгілеп Данышпанның.

Бір мың тоғыз үшінші жыл ғажайып,

Қосылғандай Қобдаға, Сырға Жайық.

Қариясы жасарып қазағымның,

Дариясы тасыды нұрға байып.

Дүниенің жанарын жарқ еткізді,

Абай атын Әлихан жұртқа жайып.

Зор кеудесін толтырған басқа жыр-ән.

Көмейінде құмығып асқақ ұран!

Байтақ дала талмаурап жатқан шақта,

Атылғандай жанартау астарынан.

Бұлт сейіліп көгінен күн айығып,

Жарық жұлдыз көрінді аспанынан.

Ақын даусын көктегі күн естіді.

Есіктегі елеңдеп күң естіді.

Саңылаусыз қапасқа жарық түсіп,

Бара жатты сейіліп түнек түні.

-Абай,- деді Ахмет,- бас ақының,

Алыптардың осындай үндестігі!

Арылмаған қазаны қаспағынан.

Арқыраған белдеуден қасқа құнан.

Тұлымшақты қызының жүзі нарттай,

Құлыншағы танылар қас-қалынан.

Ер қазақтың ежелгі басқан ізін,

Талғамын да танымын тастан ұғам.

Шоң Әлихан шайқаған сары алтын,

Абай сынды алып бір бастан ұғам!

 

  1. Мұхтар 

«Менің сіздерге айтайын деген арманды, иә, иә, асыл арманды сөзім бар еді. Шыңғыстың елі мен жері, сендер дүнияға Абайды бергенсіңдер!.. Сендер халқыма әлі Абайдай перзент бересіңдер… беруге тиіссіңдер… Бересің! Мен оны көрмей кетіп бара жатырмын. Әлде, сол мына қара табандарым арасында тұр ма екен?! Осы Қарауылда, анау Жидебай, Орда бойында мен де жалаңаяқ жүгіріп жүргенмін. Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Халық пен халық, адам мен адам біліммен теңеседі. Ұлт дүнияға берген тұл­ғалы ұл-қыз­дарымен өл­ше­неді». Мұхтар Әуезов. 1957 жыл

Шыңғысқа қарап толқыды Мұқтар.

Жұмбақтың сырын ашуға құштар.

Әуезі құмығып арманын айтты,

Балқаштың байтақ толқыны құптар.

Абайдың әнін аспанға көтерді,

Сорғалап жасы саңқылдап құстар.

Жасы да барды алпысқа таяу.

Жанында бар ма әлде бір қаяу.

Түсті ме еске балалық шағы,

Бастады сөзін «пәлі» деп баяу:

Қарауыл кезіп, бойында Орда

Жалаңаш аяқ, жүріпті жаяу.

«Шыңғыстың жері киелі мекен.

Абайды туған сүйегі бекем.

Әлі де талай Абайдай асыл,

Бересің перзент көрер ме екем?

Сыйлаған жұртқа білімді ұл-қыз,

Дүнияда озық, сол халық көсем»…

Маңдайы толы ой қоры құнды.

Жасампаз жұрттың жадына тұнды.

Абай мен қатар Шәкәрім жатқан,

Көзінде мұңлы Жидебай тұрды.

Оралып қайта келмесін сезген…

Мұқаңның демі Мәскеуде тынды.

Асылда сөздің қаймағы – Абай.

Қазағын шыңап, қайрады – Абай.

Мұқтардың мұңы миына жетіп,

Аталған Семей аймағы – Абай.

Шыңғыстау сенің топырағыңнан айналдым,

Қарауыл болмаса қайдағы Абай!

  1. Біржан

Ел дертті – зар шықпаса…

Ақын, әнші мен күйші қамкөңіл жұрттың көмейіне жатады. Асқар Сүлейменов

Ақыл айтар алаштың кәрі шалы да.

Қарынбайы, қайғысыз алшаңы да.

Майда қоңыр әуезге салғанда Абай,

Тамсаныпты кергіме, паң Салы да.

Ортаға алып «Патшаның ақ сұлтанын»,

Отырыпты екі дөй Аршалы да?

Көңіл деген көл-көсір түз елінде.

Сарғаяды суарған күз егін де.

Абай қажап, арылып ең кемдіктен,

Сөзін, өзін Сал Біржан түзеді ме?

Қыдырып кеп қырқында Барлыбайға,

Қарт қияғын жаңалап түледі ме?

Кәсіп емес ақындық табыс табар.

Ойлы өзекке от түссе намыстанар.

Түлік те бар, түр де бар Сал Біржанда,

Өлеңде Ар, әнде зар, дауыс та бар.

«Мен – алмауыт, тиіспе өнеріме»,-

деуге қақы бар сірә таныс жанар…

Сол табиғат, сол мекен баяғыдай.

Басы балқаш, бауыры саялы жай.

Аңсап жеткен ұлына айқара ашып,

Алақанын жайлауы жаяды ұдай.

Ақбердінің төбесі сөйлер ме екен,

Ағат айтсам құлыңды ая құдай.

…Біржанменен мұңдасып Абай отыр,

Шұрқыраған үйірдің саяғындай!!!

 

  1. Мағжан

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!

Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Мағжан Жұмабай

Тәңір – Күнің емес  қой Алтын балық,

Жерің құнды, жұртым-ау, нарқың арық.

Бар мініңді көрсетіп деді Абай,

Қапастағы қазағым көрсін жарық.

Қаспақ қырып қалмалық, қыңырайып,

Қазан толы қаймақтан сарқын қалып.

Біреу бөліп бере ме бұлданғанда.

Қызыр келіп қона ма, бұлғанғанға.

Адал жанның қашанда жолы ауыр,

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда».

Аты озып келмейді қызғаныштың,

Өзі батып кетеді қызған қанға.

  1. Оспан, Ақылбай

Абайла, бауырым, абайла,
Ала к
өрме, у ұрттап,
“Абайла!” деген Абай да
.

Әбіш Кекілбайұлы

Бір інісі Абайдың Оспан дейді,

Талай жүйрік бәйгіге қосқан дейді.

Шынжыр балақ, шұбар төс, қалыса ма,

Ол да алған қатынды қостан дейді.

Ағайынның таласы жас жесірге,

Жазылмаған хикаят-дастан дейді…

Дейтін жердің көшпелі алтын-зері.

Сонда бойла меңзеді халқым нені.

Арлы ақылдың алтыннан кемі бар ма?

Пәлекеттер недеген қарқынды еді.

Алды-артынан Абайдың шыға берді-ау,

Арамдықтың жалаңдап жалқын демі.

Қай заманда кім қайғы, ақын қайғы.

Абай деген әлемге атын жайды.

Әкесіне баласын айдап салу,

Түбінде осы қазақты зақымдайды.

Кеңесінде әулеттің әмеңгерге,

Шығар мүмкін ұсынған Ақылбайды.

Арлы ақыл, асыл ой жақсы ісі.

Аруақты қозғайды бақсы кісі.

Тірісінде озбырлық аз көргендей,

Талай настың Абайға батты тісі.

«Арсыз болмай атақ жоқ»… сөз ұқпасты,

Қу шайтанның сиқырлы басты мысы.

Жоқты теріп қылып жүр ожар тамақ.

Әулиенің көрпесін жыртты талап.

Оспадарлық оралып қыл мойнына,

Қылыштайын наркескен орар тамақ.

Қателігі пенденің үлгі емес,

Содан тартқан сазайы болар сабақ.

  1. Абай

Бір өзің бүкіл халықсың

Қасым Аманжолов

Абай – қазақ, қазақтың хас таңбасы.

Ал қазақтың молырақ достан қасы.

Қу дүние лапылдап жанғалы тұр,

Мәлім жағдай шырпысыз от тамбасы.

Жамалмады-ау, қазақтың жыртығы бір,

Айналар деп ойлаған бақтан басы.

Бақтың басы баянсыз қайда кетті?

Кең даламды келімсек сайран етті.

Түзелетін түрі жоқ надандықтың,

Абұйырын Абайдың айран етті.

Азаматым, дегені айлакер боп

Жолықты ғой замана айна бетті.

«Неге сонша қызылға құнығасың»,-

демейді бұ қазағым мұңы басым.

Алтын сандық үстінде аш отырып,

Танымасқа тартады тұнық асын.

Иір тізең, құйрығың жерге тиіп,

«Қайран жұртым», қашан бір тынығасың?!

Жармаспаймын басқаның жақсысына,

Алтын зерлі иілмен тақтысына.

Ала қашып ат-тонын Ұлы Сөзден,

Арамызға кім біздің қақты сына.

Есті сөзді мың жерден мінеп, күзеп,

Мүжігененмен тауыса алмас тасты қына.

Абай сөзі жетеді саналыға.

Ақыл қонды, ой тұнып, жанарыма.

Жыртып киді бүтінін бүгінгі жас,

Кірмесе де бір шөгір табанына.

Осыларға білмеймін не жетпейді,

Тасқа тиіп маңдайы қанады ма?

Ал Абай тұр Алатау асқарында.

Кәрісіне, жол сілтеп жас дарынға.

«Мезгілінен қолыңды кеш сермеме»,-

Дейді уақыт өтеді қас қағымда.

Сөз арзандап, бөз озып кепкен заман,

Қойса жақсы түсіне жастар ымға.

Даламызды кезіп жүр лағыл аңыз.

Сол лағылды баладай сағынамыз.

Сағынамыз, тауымыз шағылғанда,

Іздеп барып, Абайға, шағынамыз.

Темірқазық жұлдызым –  Ұлы Абай,

Онан басқа кімге біз табынамыз!

Абай сөзі жер бар ма естілмеген?

Сезінеді сәби де ес білмеген.

Қос ғасырдың қарасам биігінен,

Таласпай-ақ озыпты ол ешкімменен.

Шырағы өшпес үміттің, ал ағаштың

Жасы ұзақ болады кеш гүлдеген.

Жетелейді сүйкімді, сүйікті арман.

Сүйікті арман жолы жоқ тұйықталған.

Қазағымның қайғысы менің қайғым,

Жүрегіме Абай мұң ұйып қалған.

Ішсем дәру таусылмас шәрбатынан,

Ішпей қалсам қарайып, сұйып қалам.

Дара дарын – теория – тума талант,

Абай – құдырет, қазағым – сүйікті Анам!

Алматы. 19.07.2025.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар