Берденов пен Жиембай арасындағы дау: Шымкент әкімдігі тексеріс арқылы алып-қашпа әңгімені тоқтатпақ

39 рет қаралды
фото: gov.kz

Шымкент әкімдігі «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының қызметіне аудит жүргізетінін мәлімдеді. Алайда тексерістің Жиембай ісіне еш қатысы жоқ екенін баса айтты. Сондай-ақ, кикілжіңге «ТОО-дағы ақша айналымы себеп болды» деген қауесет те жоққа шығарылды. Компанияны тендерлерден шеттету мәселесі көтерілмегені белгілі болды.

Ertenmedia-ның пайымдауынша, әкімдік Берденов пен Жиембай арасындағы дауға саяси реңк бермей, екі тарапты бірдей алыстатып, мәселені тұрмыстық деңгейде ұстауға күш салып отыр. Сыздықбеков әкімдікке тікелей қарайтын компанияны жанжалдың ортасына шығарғысы жоқ. ТОО-ға қатысты барлық дерек қолында болғандықтан, дәл осы сәтте аудит бастау арқылы болашақтағы түрлі алып-қашпа сөздің алдын алмақ.

Әкім іске қатысты маңызды ақпаратты жариялауға әлі ерте деп есептейтін сыңайлы. Тергеу барысында сұрақ туындаса, қолдағы дәлел мен аудит қорытындысын уақтылы ұсынып, шешуші сәтте, бәлкім, Берденов мәлімдеме жасаған кезде — әкімдік беделін қорғауға дайындалып жатқандай.

Ресми түрде «тұрмыстық дау» деп атамағанымен, әкімдіктің алдыңғы мәлімдемелері осындай ойға жетелейді. Қала басшысы екі тарапқа да салқынқанды қарап, оқиғаның табиғи қарқынмен жүруіне мүмкіндік беріп отыр. Әдетте мұндай жағдайда кейбір шенеунік қоғам қысымына шыдамай, асығыс шешім қабылдайды. Ал Сыздықбеков әзірге күтудің стратегиясын таңдап отыр.

Бұл ретте аудит — көпфункциялы әрі алдын ала ойластырылған қадам. Ол бір жағынан қоғамдық пікірді бақылауда ұстаса, екінші жағынан әкімдік ішіндегі ықпал топтарының қақтығысын сыртқа шығармауға бағытталған.

Сыздықбеков «Тұрғын үй Шымкент» төңірегіндегі түрлі алып-қашпа әңгімеге нүкте қойғысы келеді. Әлеуметтік желідегі «Берденов пен Жиембай жанжалы компаниядағы былықтан шықты» деген тұспал да, Берденовті жемқорлықпен күрескер ретінде көрсету де оған қолайсыз. Себебі атышулы ТОО толықтай әкімдік қарамағында. Егер дау компанияның миллиардтарына тірелсе, қала басшысының беделіне көлеңке түсері анық.

Сыздықбеков бұл тәуекелді саналы түрде мойнына алып отыр. Аудит арқылы «Тұрғын үй Шымкенттің» қызметін ресми түрде таза деп көрсетуге ұмтылып жатыр. Қала басшысы жанжалдың түпкі себебін біледі және аудиттің оң нәтижесіне сенімді. Егер тексеріс «таза» болып шықса, Берденов пен Жиембай қақтығысы әкімдік дәлізінен алыстап, сотта тұрмыстық сипатта қаралуы ықтимал.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар