Семей қаласындағы «Абай Арена» спорт кешеніне жиналған қазақ күресі палуандары ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогін сарапқа салды.
Төрт күнге созылған боз кілем бәсекесіне еліміздің барлық өңірінен келген 20 команда қатысып, ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтады.
Кубок бәсекесінің жекелей сынында ерлер арасындағы ең жеңіл салмақ – 55 келіде Абай облысының үміті Қуаныш Мақсұтов топ жарса, 60 келіде Жетісу облысының намысын қорғаған тәжірибелі балуан Марат Нигматуллаев, 66 келіде шымкенттік Ибрахим Нұрмаханұлы жеңіске жетті.
74 келіде Жамбыл облысының өкілі Орынбасар Бақтыбекұлы жеңіс тойын тойласа, 82 келіде ақтөбелік Азат Қуанов, 90 келіде Абай облысының намысын қорғаған Қуаныш Рәтаев жеңімпаз атанды.
100 келіде Шымкент қаласының тағы бір саңлағы Ерсұлтан Мұзаппаров қарсылас шақ келтірмей ел кубогі иегері атанса, +100 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысының палуаны Қайсар Шамшидинов жеңіске жетті.
Ал түйе балуан сынында маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғаповқа тең келер палуан табылмады.
Қыздар арасындағы белдесулер де аса тартысты өтті. 48 келіде бозкілемге шыққан Маңғыстау облысының бұрымды балуаны Айдана Хасенқызы жеңімпаз атанса, 52 келіде Алматы облысының өкілі Арай Дүйсебай, 56 келіде шымкенттік Әсемгүл Балтабай жеңістің биік тұғырынан көріне білді.
Сондай-ақ 60 келіде сынға түскен ҚКСК өкілі Назерке Асанхан, 65 келіде тағы бір шымкенттік Сабина Әлібек жеңімпаз атанды.
Ал 70 келіде Ұлытау облысынан келген Ақерке Мырзабек, 77 келіде Атырау облысының мақтанышы Аружан Жандарбай, +77 келіде Абай облысының үміті Зере Бектасқызы қарсылас шақ келтірмей, бозкілемде шеберліктің үлгісін көрсетті.
«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры демеушілік көрсеткен дода барысында әр салмақта топ жарған бұл спортшылар – өз өңірлерінің абыройын көтеріп қоймай, қазақ күресінің бүгінгі биік деңгейін паш еткен дара тұлғалар.
Төрт күнге созылған тартысты жарыстың көркін командалық белдесу кіргізді.
Бұл сында ерлер – 66, 82, 100 және +100 келіде, ал әйелдер – 60, 70 және +77 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсті. Қорытындысында Шымкент қаласының құрамасы оза шауып, ҚР Кубогінің иегері атанса, Абай облысы құрамасы күміс, ал Астана мен Алматы қалалары командалық жарыста қола жүлде иегері атанды.
Төрт күн бойы Семей аспанын дүбірге бөлеген палуандар сайысында 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль жеңіп алған Шымкент қаласының балуандары үздік шықса, 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медалі бар Абай облысы екінші орынға, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола иеленген Маңғыстау облысының командасы үздік үштікті түйіндеді.
Түгелбай Бисен
Фото: Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметінен