20 тамызда Астанадағы әкімшілік сот Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL–Қазақстан) Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қарсы түсірген шағымын қанағаттандырмады. Судья К. Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу шешімін заңға сәйкес деп тапты.
«Бұл шешімге апелляциялық шағым түсіреміз. Сот министрліктің дәлелдерін қабылдап, біздің уәждерімізді елемеді», – деді адвокат Лилия Чаусова.
18 тамызда өткен сот жарыссөзінде Чаусова Азаттық өкілдерінің аккредитация мерзімін дер кезінде ұзартуға өтініш бергенін, бірақ СІМ оны бірнеше ай бойы қараусыз қалдырып, кейін журналистердің сол уақытта атқарған кәсіби қызметін негізге алып, «заңсыз уәждермен» бас тартқанын айтты. Оның айтуынша, егер министрлік заңда белгіленген мерзімде өтінішті қарамаған болса, ол үшін журналистерді жауапты ету қисынсыз. Бұған қоса, Қазақстан азаматтарының шетелдік БАҚ-та жұмыс істегені үшін кәсіби қызметпен айналысуына шектеу қою – ұлттық заңнамаға да, халықаралық құқық нормаларына да қайшы. Осы себепті ол соттан СІМ шешімін негізсіз деп тануды сұрады. Ал СІМ-нің өкілі, заңгер Әсел Мамашева сотта Азаттық қызметкерлері өтініш қаралып жатқан уақытта аккредитациясыз журналистік қызмет атқарып, заң нормасын бұзды деді. Оның айтуынша, министрлік олардың жариялаған тақырыптары үшін емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін ғана талапқа сай емес деп таныған.
Министрлік бұған дейін Азаттықпен ымыраға келуден бас тартқан. 14 маусымда жолдаған ресми хатында СІМ журналистер заң бұзды деп санап, аккредитация беруден бас тартқанын мәлімдеген. Азаттық тілшілері – Қазақстан азаматтары болса да, министрлік олардың шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтінін алға тартып, заң нормасы бәрібір қолданылады деп көрсеткен.
Бұл түсіндірмемен келіспеген Азаттық сотқа жүгініп, министрліктің әрекеті құқықтық негізсіз екенін мәлімдеген.
Халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары да Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беруге және еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауға шақырған.
18 тамызда Нью-Йоркте орналасқан «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігіне үндеу жасап, Азаттықтың 16 журналисін аккредиттеуді талап етті.
Сондай-ақ Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) мен Human Rights Watch (HRW) СІМ-нің шешімін сөз еркіндігіне жасалған қысым деп бағалап, Қазақстанды еркін баспасөз қағидаттарын ұстануға үндеді.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орында тұр.
Азаттық радиосының тв-продюсері Қасым Аманжол Facebook парақшасында сот шешіміне қатысты пікір білдірді. Ол министрліктің әрекетін қолдан жасалған кедергі деп бағалады. Қасым Аманжолдың айтуынша, СІМ аккредитацияны уақытылы ұзартпай, әдейі созып, кейін сол мерзімде жұмыс істеген журналистерді «заңсыз қызмет атқарды» деп кінәлаған. Продюсер мұны сөз еркіндігіне қысым деп бағалап, қоғамды қолдау көрсетуге шақырды.
«Көбіміз көлік жүргіземіз. Егер келе жатқан жолыңның алдын ор қылып қазып, қасына трактор немесе жүк көлігін қойып қойса қайтер едіңіз? Өз жолағыңмен жанасалап өту мүмкін емес, еріксіз қарсы жолаққа аздап шығып, тұтас сызықты басып өтуге тура келетіндей болса. Иә, «жылжымайтын кедергі тұр ғой, енді қайтем» деп қарсы бағытты абайлап қарап алып, шарасыз түрде, тұтас сызықты басып өтесіз. Ал сол жерден өткен бетте, ордың арғы жағында полиция өкілі сізді бас салып тоқтатып, жолақты қиғаныңыз үшін жүргізуші куәлігіңізден айырса ше? Әлбетте, өте қатты наразы боласыз…
Азаттық басында да тура осыған ұқсас жағдай болып жатыр…
Бүгін сот шешімі шығып, біздің арызымызды Астананың ауданаралық әкімшілік соты қанағаттандырмады, СІМ-нің «отказын» дұрыс деп тапты. Яғни, кедергіні қолдан жасап, ор қазып қойып, содан өткен сәтімізді аңдып, жазалаған орган – СІМ ісі әділетті болып шықты.
Қазақстандағы еркін сөздің ахуалы осындай… Алда апелляция, одан жоғарғы инстанциялар, халықаралық соттар… Бізге тілеулес болыңыздар, достар!» – делінген жазбада.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан билігі Азаттықтың 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Алайда Азаттық сотқа жүгінгеннен кейін министрлік редакциямен медиациялық келісімге келіп, тілшілерге аккредитация картасын табыстауға келісім берген еді.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз