Төрт жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауыл спортшыларының Олимпиадасы «Ақ бидай – 2025» республикалық ауыл спорты ойындары бәсекелері күннен күнге шарықтау шегіне жақындап келеді.
Бәсекенің басталғаны кеше сияқты еді. Алты жарыс күні өтіп кетіпті. Кешенді додада ел өңірлерінен келген мықтылар бақ сынап, тартысты бәсекелер өрбіп жатыр.
Биылғы жарыстың басты ерекшелігі сол: әр өңір тыңғылықты дайындықпен келген. Оның үстіне қатысушылар саны да әдеттегіден көп. Қазіргі таңда жарыс бағдарламасына енген 20 спорт түрінің 19-ында бәсекелер өтіп жатыр. Шалғай ауылдан шыққан спортшылар өз шеберлігін көрсетіп, туған топырағының абыройын қорғап жатыр.
Алты күн бойы өткен жарыстарда спортшылар жан алысып, жан берісуде.
Бұл күндері «Құсбегілік», «Бәйге», «Аударыспақ», «Қол күресі», «Асық ату, «Бес асық», «Толағай» алыптар сайысы, «Кикбоксинг», «Жекпе-жек», «Дәстүрлі садақ ату» сияқты спорт түрлерінен жарыстар аяқталды.
Волейболшылар мен футболшылар, көкпаршылар мен тенисшілер бәсекесі қызып жатыр. Қазақ күресі палуандары да жарыс жартысын ғана аяқтады. Тоғызқұмалақшылар соңғы тур ойындарын өткізіп, медаль иегерлерін анықтар күнді жақындатты. Гір тасын көтерушілер ғана жарыс соңында күш сынаспақшы.
Әзірге командалық бірінші орында Түркістан облысы келеді. Олар 332 ұпай жинады. Одан кейінгі орынға 287 ұпайы бар Алматы облысы жайғасты. 247 ұпай иеленген Батыс Қазақстан облысы үздік үштікті түйіндеп тұр. Батысты 240 жиған Жамбыл облысы өкшелеп келе жатса, қоржынына 232 жиған Қараған облысының командасы үздік бестікке кіріп тұр.
Кешенді ойындар қыркүйектің 21-і күні аяқталады.
Түгелбай Бисен,
фотолардың авторы: Мейірбек Тажқұранов
Парақшамызға жазылыңыз