///

Бақытбек Бәмішұлы. Қасым. «Ұлттық құндылық: қазақ этнографиясы, Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция» күнделігінен

859 рет қаралды

Алдыңғы ақпараттық жазбамда айтқанымдай біз өз сапарымызды әуелі Қарағандыдағы ұлттың ұлағатты ұлдарына тағзым етіп, содан кейін экспедицияны ары қарай жалғастыруды мұрат тұттық.

Міне алдымызда төбесін зау биікке тіреген қазақтың қаһарман ақыны Қасым Рахымжанұлы тұр. Аманжолов. Жай тұрған жоқ, қасқа маңдайы жарқырап, қасқайып қайсар тұр.

Әй, қу жалған-ай, дейсің. Кешегі күндері қара басына қалқан қылар күрке таппай, қатын-баласын қаздай тізілтіп, қар үстінде шұбыртып, ару Алматының жетім бұрыштарын қалқа тұтып қаймықпай жүріп, Қаз ССР-дың Мәдениет министрі Ілияс Омаровқа барғанда өлеңін өзіне жатқа оқып берген басшының алдынан шабыттанып, шалқып, шартарапқа сыймай шыққаны сондай үй сұрай барған шаруасын тас мұтып шалқыған көңіл бір мезетте шарт сынып, шамырқанғанда,

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды,
Өлеңнiң отын жағып жылытармын,
Өзiмдi, әйелiмдi, жас баламды… –
деп «туған елі өлеңнен құя салған» дауылпаз Қасым ақын,  бүгінде жер бетінде, Қарағандының қақ төрінде алдына барып, бас иіп тағзым етер жалпы биіктігі сегіз метр қоладан құйылған  қас мүсінге,  жазбада «Қасым» атты әдеби журналға, «Қасым» атты баспаға, ал ғаламторда «Қасым» сайтына айналып, көшелерге аты, «Қасым үйіне» заты беріліп, «Қасымды» қадір, пір тұтып есімін алған ұрпақпен жалғасын тауып, жарықтағы мәңгілікке ұштасты.

Қасымға қарап тұрмын. Қасымның отты өлеңдерінің өткірлігі сондай, атажұртқа оралғаннан кейіне он жыл өткенде Қасым болып шалықтағанда

Берсең бер, бермесең қой, азаматтық.

Алтайдан атажұртқа аман астық.

Көк паспорт әкең үшін ала сал деп,

Кетемін ұрпағыма аманат қып!- деп Елбасына үшбу хат жазғаным «Қазақ елі» газетіне (бас редакторы Бақыт Сарыбалаұлы), «Құйылсын көшің, Сүйінсің досың» деген эпиграфпен басылып, кешікпей Қазақстан Республикасының азаматы атанғанда қасиетті Қасым ақынның шарапаты шалғандай әсерленіп,  қойынға сыймаған қуанышымызды Алатаудан асыра көркем лебізбен көкке шашқан едім…

Қасым аға,

Құдай-ау,

Қасым деймін.

Қара бұлтты қуырған жасын деймін.

Өлеңімен айналған мәңгілікке,

Құдырет-ай, не деген асыл деймін!

Қарағанды салады күз өргенін,

Тар заманың көшінің  түзелгенін.

Қасым аға, қарашы, жас ұрпаққа,

Өлеңіңнің жөндеуде күзелгенін…

Қасым аға, өзіңнен нәр аламын.

Қандай көркем, қарашы нән алаңың!

Қайысып тұр қайыңдар алтын түсті,

Қарт жүректің ысырып, бар алаңын!

Беу, Қасым аға!

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар