//

Бүгін Қазақстан Президенті жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жолдады

111 рет қаралды

Фото: www.akorda.kz

Биылғы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының тақырыбы: “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу”. Мінбер Жолдаудың негізгі тұжырымдамаларын назарларыңызға ұсынады. Президент сөздің басын геосаяси ахуалдан бастап, дүние жүзінің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын және бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтынын анық екенін атап өтті.  

“Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді. Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыздығына, экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батып отырғанына, батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырағанына, жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқағанына, босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындап, адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұрғанына және бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отырғанына баса назар аударды.

“Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, – деді Президент.

“Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет”, – деген Президент ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн екенін айтты.

Президент Жолдауындағы маңызды міндеттерге тоқталатын болсақ.

Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту керек.

Әлемде инвестицияға талас күшейгенімен, Қазақстандағы инвестиция тарту саясаты мардымды емес. Президент “жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет”, – деді.

“Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ.

Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс”, – деп тапсырды Президент.

Бұған қоса, Президент Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды.

Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келгені туралы мәлімдеді.

Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама дайындауға тиіс.

“Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет.

Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет.

Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын”, – деді Президент.

Президент цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыру қажет екені, криптоактивтерге баса назар аудару керек екені туралы да айтты. Алайда жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасымен қатар қауіп-қатері де аз емес екеніне назар аударды.

“Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс. Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек”, – деді Президент.

Келесі аталған маңызы мәселе өңірлерге инвестиция тарту мәселесі. Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек екенін атап өтті Президент.

Екінші. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді.

“Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек”, – деді Президент.

Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі. Жолдауда айтылғандай алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосылуы тиіс, сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет. Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталса, Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынған. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек деп тапсырды Президент.

Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қарап, оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет екені туралы айтылды.

“Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы”, – деп атап өтті Президент.

Осыдан бөлек Президент бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба “Росатоммен” бірге жүзеге асырыла бастағаны туралы айтып, экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз болатыны, сондықтан екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек екенін мәлімдеді.

Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде екі ел осы саладағы стратегиялық серіктестік туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Президент атап өткен тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту.

“Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн. Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет. Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек”, – деп тапсырды Президент.

Үшінші. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет.

Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, қажетті несиелер уақытында берілген. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық екенін атап өтті Президент.

Жолдауда баяндалғандай озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда.

“Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі, бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық”, – деді Президент.

Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту.

Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті екеніне баса назар аударылды. Осыған байланысты аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс.

Президент бұл тек ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті екенін, сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек екенін атап өтті.

“Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс”, – деді Президент.

Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.

“Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек”, – деді Президент.

2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылған. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген.

“Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет”, – деп тапсырды Президент.

Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру арқылы жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс, бұл – орман шаруашылығына да қатысты мәселе екенін атап өтті жолдауда Президент.

Сонымен қатар, Президент кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіріп, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары да қажет екенін атап өтті.

Төртінші. Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек.

Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір екені аян. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асыпты.

“Солтүстік – Оңтүстік” көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашса, ал “Шығыс – Батыс” дәлізі мен Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі.

Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек”, – деді Президент.

Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатырғанын атап өткен Президент, бсқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылғанын айтты.

“Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын “Достық – Мойынты” темір жолының екінші желісі іске қосылады. Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі “Шығыс – Батыс” бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет “Бақты-Аягөз”, “Қызылжар-Мойынты” жобаларын уақтылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады. Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. “Сексеуіл-Бейнеу” жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады”, – деді Жолдауда Президент.

Үкімет контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Онда мультимодальді бағыттарды дамытатын пәрменді шаралар да қарастырылуға тиіс, сонымен қатар Үкімет жыл соңына дейін көліктің барлық түрін ескере отырып, бәсекеге қабілетті тариф саясатын әзірлеуге тиіс деп тапсырды Президент.

Қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосқан жөн. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді деп атап өтті Президент.

Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайтынын айтқан Президент , озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады деді.

Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелгенін белгілі, бұл жұмыс өз жалғасын табатыны айтылды Жолдауда.

Тағы бір назар аударылған маңызды мәселе – әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару болды. Бұл салад ахуал жақсарғанымен, оның көлемін арттыру қажет екені айтылды.

Осыған дейін Президент әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берген, оған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болатыны айтылды.

Экспресс-жүк тасымалдау саласын да ретке келтіру туралы сөз қозғалды.

“Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауы қажет. Соның ішінде тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек. Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет”, – деді Президент.

Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту кеек, ал негізгі жауапкершілік – Үкіметте деген Президент, тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қарайтынын мәлімдеді.

Президент тағы бір маңызды мәселенің бірі туризм екенін айтып, осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы екеніне баса назар аударды.

Президент шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма берген және бұл тапсырма Президенттің жеке бақылауында.

“Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.

Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ”, – деді Президент.

Бесінші. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы.

Президент Жолдауда Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсткенін атап өтті.

“Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске “Ақылды қала” құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек”, – деді Президент.

Бұл іске озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет екені айтылды.

Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома.

Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па деген мәселені жаңаша зерделеп, жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе екені айтылды.

Мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы екеніне баса назар аударылды.

“Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын”, – деді Президент.

Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі.

Соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырылғаны, атап айтқанда, Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылғанын атап өтілді.

“Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі”, – деді Президент.

Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – “қара нарықтағы” суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет екенін  айтты Президент.

“Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиісу.

Каспий теңізінің тартылуы жұртты алаңдатып отыр, тиісті шара қолданылмаса, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін атап өтті Президент.

“Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым.Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет”, – деді Президент.

Былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық жобасының аясында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланып, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылған.

“Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық”, – деген Президент жобаға қатысқан жастарға ризашылығын білдірді.

Алтыншы. Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс.

“Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз”, – деді Президент.

Былтыр Президент “Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болғанымен, бірақ Жарлық толық орындалмай отырғанын атап өтті Президент.

Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген, алайда кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жататын жағдайлар да бар. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.

“Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады”, – деп тапсырды Президент.

“Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз”, – деген Президент, жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс екенін атап өтті.

“Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді, қисынға да келмейді. Қазір коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті органдар көбейіп кетті. Нақты нәтижеге назар аударылмайды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, қажет болса, арнайы Жарлық шығарамын. Бұдан бөлек, Үкімет Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңартуға тиіс. Заңда мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы керек. Сондай-ақ басқару ісіне қатысты құқықтық талаптар көрсетілуі қажет”, – деді Президент.

Жетінші. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді.

Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.

“Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық. Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс”, – деді Президент.

Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады.

Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде “Qazaq Digital Mektebi” атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті Президент.

“Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн. Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек”, – деді Президент.

Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болатынын, Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс екенін де атап өтті.

“Жүргенге жөргем ілінеді” деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн. Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек”, – деді Президент.

Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді деп атап өтті Презиеднт.

Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды.

“Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек. Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді. Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек”, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр.

“Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды”, – деді Президент.

Президент көлік апаттарының азаймай тұрғанына да баса назар аударды.

“Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес. Жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау – ең басты және маңызды талап. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет”, – деді Президент.

Сондай-ақ қоғамда қызу талқыланып жатқан электросамокаттар мәселесіне де назар аударді. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілгенімен, қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұрғанын атап өтті.

“Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар”, – деді Президент.

Маңызды мәселелердің бірі – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы.

Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән беріп, тиісті инфрақұрылымды салып, қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтірілуві тиіс екенін атап өтті.

Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек.

Сонымен қатар, Президент бұқаралық спортты дамытуға мән беретінін, кәсіби спорт саласында оң өзгерістер жайында, шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бергені, депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдағаны туралы айтып өтті.

“Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн”, – деп атап өтті Президент.

Президент “Мен жариялаған міндеттер  Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс. Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс. Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкіметке цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған “Digital Qazaqstan” атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады. Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз. Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді. Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы”, – деді Президент.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Бес стадионның нешеуі салынады?

Фото: sportplustv.kz Алматылық «Қайрат» чемпиондар лигасындағы қарсыластарын білген соң әлеуметтік желіде халықтық клуб пен оның қарсыластарының