///

Тимур Бектұр: Сауатсыз адам технологиядан қорқады

1210 рет қаралды

Өткен айда “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының 15 жылдығына орай “Дата журналистика және жасанды интеллект” атты бір күндік фестиваль өткізілген еді. Осы шарада “Newsroom журналистерінің жұмысында жасанды интеллект қолдану жолдары” атты шеберлік сыныбын өткізген ІТ маманы, аналитик Тимур Бектұрмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БІЗДІҢ МИЫМЫЗДЫ БӘРІБІР АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ

– Тимур мырза, Сіздіңше Жасанды интеллект журналистикада контент жасауды қалай өзгертті? Қандай жаңашылдықтар әкелді?

– Жасанды интеллект немесе кез келген технология болсын бізге ештеңені алып келмейді. Адамдар осыны түсіну керек. Технология бұрыннан бар нәрсені көпшілікке жеткізу үшін көмектеседі. Мәселен интернет. Яғни ақпарат жоқ болса ол интернеттің түкке де маңызы болмай қалады. Ал ақпарат болса интернет оны таратады. Компьютер журналистиканың өзгеруіне әкелген жоқ. Журналист ол қағаз бен қалам барда да журналист еді. Интернет, компьютер, принтер дегендер сол жұмыс процесін жетілдіруші, жеделдетуші болды. Бір ортадағы көмекші құрал деп айтуға болады.

Осы тұста сіздің сұрағыңызға қайта оралсақ. ЖИ-да дәл сондай құрал. Өзінің формасы, табиғаты бойынша ешқандай өзгеріс әкелмейді. Бірақ ЖИ арқылы журналист өзінің материалына өзінің күнделікті жұмыс процесіне өзі өзгеріс әкеле алады. Не істеу арқылы? Жұмысын жеделдету арқылы бұрын жасап жүрген контентін әртараптандыру арқылы. Мысалы, сіз күнделікті материал жазып жүрсіз. Сіз бір ақпараттан жаңалық жазасыз ба немесе аналитикалық сараптамалық мақала жазасыз ба? Ол жерде төңкерілген пирамида әдісін қолданасыз ба, әлде сторителлинг әдісін қолданасыз ба? Немесе 5 жасар бала түсінетін тілде жазасыз бе, мүмкін ішіне әзіл қосатын шығарсыз. Бірақ сіз қанша жерден өте білікті маман болсаңыз да уақытыңыз шектеулі. Айналдырған 1 сағаттың ішінде тек бір ғана форматта жаза аласыз. Ал ЖИ соны жетілдіреді.

Сіз оған бір пресс баспасөз мәліметін бересіз, 5 минуттан кейін сторителлинг форматындағы, әзіл қалжың форматындағы, аналитикалық форматтағы, 5-сынып оқушысы түсінетін деңгейде, академиялық тілде немесе әзіл-қалжың араласқан түрлі форматтағы мақаланы ала аласыз. Бірақ оған тапсырма беретін сіз. ЖИ маған материалыңды бер мен сізге күшті материал жазып берем деп айтпайды. Оған дұрыс бағытты көрсету, шыққан нәтижеге жоқ бұлай емес маған осы керек деп ұсыну сіздің қабілетіңізге байланысты. Сондықтан ЖИ, интернет, компьютер, клавиатура бұның барлығы жай ғана технология. Адам қабілетті бола білу керек. 

– Демек, журналистердің орнын Жасанды интеллект басады деп қорқудың қажеті жоқ дейсіз ғой? 

– Технологиядан кім қорқады? Технологиядан екі түрлі адам қорқады. Алғашқысы өз мамандығын жетік меңгермеген шикі адам қорқады. Екіншісі,  технологияны жете түсінбеген адамдар қорқады. Яғни өзі кәсіби маман болуы мүмкін, бірақ әлі ЖИ туралы білмейді.

АҚШ-та сценаристер CHATgpt-ге қарсымыз деп көшеге шықты. Өйткені Голливудтағы студиялар кино сценарий жазуды ЖИға бере бастаған. Адамды ешқашан технология алмастырмайды. Біз бұған қарсымыз. Жұмыссыз қалғымыз келмейді деген ұранмен ереуілдетті. Бірақ кейін барлығы сабасына түсті. ЖИ креатив, шығармашылықты бәрібір адамнан алатынын студиялар да түсінді. Өз орнын ешқандай технология баса алмайтынын сценаристер де түсінді. Технологиядан тек сауатсыз адам қорқады. Ал егер сен технологияның беймәлім, кемшіл тұсын біліп, оны өзіңнің пайдаңа жаратуды түсініп біліп алсаң, керісінше ол сенің досың ол сенің сенімді серігіңе айналады.

Физикалық әлсіз және бойы екі метр шымыр адам отыр деп елестетейік. Екеуіне де жер қазуға күрек берді. Әрине физикалық мықты адам тез қазып шығады. Бірақ әлгі әлсіз адамның астына экскаватор мінгізіп, қалай қазу керектігін үйретін қойса ол, күшін жұмсамай ана адамнан озып кетеді. Ал әлгі қолында күрегі бар адам мен жұмыссыз қалатын болдым, менің нанымды тартып алды деп паника ұстап тұр. Бірақ оның ашулануына негіз жоқ қой. Ол да экскаваторға отырып уақытын үнемдесін. Техниканы қолдануға кім тиым салып жатыр? Керісінше адамзат игілігіне жасалған нәрсені қабылдап, қолданып үйренуіміз керек.  

Нью-Йорктың жергілікті таксистері алғаш Uber қосымшасы шыққанда қарсылық танытты. Клиенттерді тартып алдың деп, Uber-дегілерерді көрсе ұрған-соққан, машинасына тас лақтырған. Бұрын таксопарк монополия болған. Яғни сіз таси жүргізушісі ретінде бір таксопаркке барып жұмысқа орналасыз. Күніңіз соған қарап отырады. Өзіңіз қаламаған уақытта қаланың ана шетіне барасың десе, баруға тура келеді. Әйтпесе жұмысыңыздан айырылып қаласыз. Ал Uber бұны жоққа шығарды. Яғни сіз тіпті қарапайым көлігіңізді тіркеп, қызмет көрсететін уақыт пен орынды өзіңіз таңдай аласыз. Ал бұрыннан келе жатқан жергілікті такси жүргізушілері технология арқылы біздің бизнесімізді бүлдіріп жатсыңдар, бұл салада 15 жыл жүріп, смокингпен отырам, әрбір отырған клиентке персоналды қызмет көрсетем. Сендер такси саласын базар қылдыңдар деп өз уәждерін айтады. Бірақ артынан ол адамдар технологияда еркіндіктің, таңдау құқығының бар екенін түсінді.

Әрі Америкада ресми такси сервисіне кіру үшін қателеспесем бір миллион доллардай такси лицензиясын алу керек. Ал уберизация соны сындырды. Ойлап қараңыз көшеде жүрген эмигрантсыз, лицензия алатын ақшаңыз тұрмақ, тұратын үйіңіз де жоқ. Бірақ бір екі үш мың доллар жинап, жүріп тұрған көліік алсаң убермен қызмет ете бересің. Яғни бұл қызмет көрсету нарығына кіруді төмендетті.

ЖИ дегеніміз де адам өмірін жеңілдетуге арналған сондай нәрсе. Біздің жаңашылдыққа икемделіп, оның артында тұрған көлеңкелі және пайдалы тұсын көре білуіміз керек. Айтып жеткізе алмай жүрген нәрсем осы. Мен сөйлей бастасам, программалау, техникалық күрделі терминдер, тек IT мамандар  айналысу керек деп түсінеді. Бірақ қазір смартфонды, такси қызметін, интернет банкингті, почта, менеджерлерді қалай қолдансақ,  сол сияқты ЖИ-ды да қолдана аламыз.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ДЕ ЖАҚСЫ КОНТЕНТ ЖАСАСЫН ДЕСЕК, ӨЗІМІЗ КӨБІРЕК КОНТЕНТ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК

– Жасанды интеллектінің қазақ тіліне келгенде аясы тар. Аудионы транскрипция жаса десе істей алмайды. Қазақ тілі мен ЖИді қалай достастыра аламыз?

– Өте өзекті сауал.  Бұл сұрақтың маңызы азайып келе жатыр деген ойдамын. Біріншіден, Қазақстан білім министрлігіне қарасты Тіл қазына деген институт бар. Сол жерде қазақ тіліндегі аудионы синтездеу жобасы жасалып жатыр. Бұйыртса келесі жылы шығып қалу керек. Яғни сіз айтқандай сапалы транскрипция жасалса, ары қарай барлығын жасай беруге болады ғой. Саммари, перефраз, ішінен тек қана бір сөз шығарып берсе болады, оны талдауға болады. Бастысы аудиодан мәтін шығарып алу ғана. Мақпал Жұмабай ханым бастаған команда осы жұмыспен айналысып жатыр. Бұл Қазақстандық шешім ретінде айтып отырғаным.

Одан бөлек OpenAI компаниясының ChatGPT-і қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оның қазір Automatic speech recognition (автоматты түрде сөйлемді тану) технологиясы бар. Иә ішінара қате жібереді. Бірақ олар күннен күнге жетіліп жатыр. Әрі біз ойлағаннан тез жетіліп жатыр. Мәселен бір жыл бұрын тексергенімде 100% мәтіннің 50% қате шығарып беретін болса, қазір 25-30%ын ғана қате шығарады. ЖИ технологиясының тілі ағылшын тілі екені белгілі. Біріншіден, жасап жатқан адамдар ағылшын тілді, екіншіден, контенттің, ғылым білімнің бәрі ағылшын тілінде. Үшіншіден, аудиторияның көпшілігі ағылшын тілді. Сосын барып әлемдік тілдерге көшеді. Біз сияқты жетім қалған тілдерге ең соңынан көшеді. Бірақ соның өзінде нәтиже жаман емес. Қазір ағылшын тіліндегі нәтижелердің біраз шыңына жетіп қалды. Сондықтан оларда қазір біз сияқты, (аз қамтылған тілдер деп айтады өздері), тілдерге мән беретіндей уақыттар пайда бола бастады. 

Айталық ChatGPT екі айда 100 миллион қолданушыға жетті. Ол рекорд, сенсация. Ағылшынтілді аудиторияны алып болды, үндістерді алып болды, қытай, жапон, неміс, кәріс тілдерін алып болды. Енді кім қалады? Әрине кенжелері қалады. Сондықтан жайлап бізге де бет бұрып жатыр. Түптеп келгенде қолданушымыз. Ал қолданушылар оларға ақша төлейді. Бұл технология бізге тезірек жетеді деп сеніммен айта аламын. Себебі алғашында технологиялар өте қымбат болды. Бұрын бізде А4 форматындағы мәтінді 3 долларға аударып беретін болса, оны қазір тегін істей алуға болады.

2006 жылы 4500 теңгеге 256 мегабайт флешқа сатып алып мәз болғанмын. Ол сол кездегі ауқым үшін 256 мегабайт деп құдды 256 терабайт сияқты әсер қалдыратын. Ал қазір ол ақшаға 64 гегабайтқа дейін алып қалатын шығарсыз. Яғни уақыт өткен сайын технология арзандап жатыр. Сәйкесінше адамдар да көбірек қолдана бастайды. 

Ал адамдар көп қолданана бастаған сайын ЖИ-дің өте қызық тұсы сол ол өте жақсы үйрене бастайды. 30 секундтық менің сұхбатымның үзіндісін саласыз, көңіліңіз толмайды. Тағы сіз сияқты мың адам салады көңілі толмайды. Келесі күні тағы мың адам салады. Солай ол өзінің қате істеп жатқанын түсініп, өз қатесінен үйрене бастайды. ЖИ-дің ең басты тұсы оған ақпаратты құйған сайын жақсы жетіле түседі. Көбірек сапалы ақпарат құйған сайын дамиды. Тіпті сіз ChatGPT-дің өзінен “Сенің неге қазақша жауап беруінің, орыс, ағылшын тілдеріне қарағанда нашарлау? Көбірек ақпарат неге білмейсің?” деп сұрасаңыз. Интернетте қазақ тіліндегі материалдар аз, менің дата қорым аз, көбірек дата болса мен соншалықты жақсы болам деп жауап береді. Сондықтан да контент мейкинг жасау керек. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҰСЫНҒАН АҚПАРАТТЫҢ БӘРІ ШЫН БОЛМАУЫ МҮМКІН. БӘРІБІР АҚПАРАТТЫ ТЕКСЕРУ МАҢЫЗДЫ

– Журналистикада ЖИ-ді қолдану қандай этикалық мәселелерді туындатуы мүмкін?

– Бұл қазір АҚШ-та көп талқыланып жатқан, өте өзекті тақырыптардың бірі. Қазір ЖИ-дің алғашқы хайпі өтті. Уау эффекті кетті. Маңыздылығын, қолдану қажет екенін бәрі түсінді. Енді екінші деңгейде “Бұл қаншалықты этикаға жатады. Біз дұрыс қолданып жатырмыз ба, қандай мақсатта қолданып жатырмыз?” деген сұрақ талқыланып жатыр. Яғни бұл өте өзекті. Енді осы жерде қайтып айналып келіп сол маманның өзіне тіреледі. Яғни журналист бұған дейін өзі этикаға сай жұмыс істемесе, өзінің субьектив пікірін жаза салса, мәселенің ақ қарасына жетпесе, дезинформация жасауды жақсы көрсе және оған мән бермейтін де адам болса онда сол ЖИ соны күшейтеді.

Ал егер ол әу бастан, жарияламас бұрын тұра тұр. “Бұл қаншалықты рас бұның дереккөзі қандай, ақпаратты қайдан алдық статистика агенттігінен бе, әкімдіктен бе, аты-жөні бар ма, сайт болса сілтемесі қандай? Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Бұнымен манипуляция жасап отырған жоқпын ба? Мына ақпарат нәсілшілдікке, гендерлік теңсіздікке, сексизмге бастап бара жатқан жоқпын ба?” деп әр журналист өзіне этикалық тұрғыдан сұрақ қоя алса, ЖИ керісінше пайдалы. 

Қайтып айналып келгенде ЖИ-ға тікелей қатысты кілтипан бар. Ол – адамның ЖИ-ға құлай сенуі. Яғни бір ақпарат берсе соны шын деп қабылдауы. Фактчекинг міндетті түрде жасау керек. Бүгінде бүкіл әлемдік журналистер әрбір редакция ЖИ-ға қатысты ішкі ережесін бекітіп алу керек деп айтып жатыр. 

“Құрметті журналист біздің редакцияға қош келдіңіз! ChatGPT қолдану кезінде мынаған рұқсат, мынаған тыйым салынады” деген ереже болуы керек. Қолданған кезде әрбір дереккөзді көрсету керек, ақпараттың дұрыс бұрыстығын-тексеріп алу керек, этикалық ережеге қайшы болмауы керек деген секілді. Сосын ЖИда галлюцинация деген бар. Бұл қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда алжу деген мағынаны береді. Осындай үлкен материал ЖИдан шығарып алсаңыз бір оқып қарағанда әдемі сияқты көрінеді. Бірақ оны зер салып оқыған адам оның алжыған адам секілді көп дүниені шатастырып отырғанын түсінеді.  Яғни жарияламай тұрып, мұқият тексергеніңіз дұрыс. Оған сәйкес келмесе сол материалға қатысты мәселе болса жұмыстан шығып кетуіңіз мүмкін. Себебі редакция оған жауап бере алмайды. Яғни осындай бір ЖИ-ге, этикаға қатысты заңнамалық кемшін тұстарға қатысты нақты ереже ұстану керек. 

АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНБАЙМЫН ДЕСЕҢІЗ, ТЕХНОСАУАТТЫ БОЛЫҢЫЗ

– ЖИ-ді пайдалану кезінде қандай сақтық шаралары керек? 

– Техно сауатты болу керек! Мен кейде “Аңқау елге арамза молда” болып жүрген адам секілді күйде боламын.  Өйткені парақшама “IT ағартушы” деп жазып қойғанмын. Технология дамығаннан кейін, адам да бірге дамуы керек қой. Мысалы қараңыз адамзат тарихында кітап деген нәрсе өмірге келді. Оны оқу керек қой. Оқымаса не үшін шықты? Содан кейін адамдар кітап оқу керегін түсіне бастады. Оны оқу үшін де сауатыңды ашып, әріп үйренесің. Одан бөлек дұрыс кітап таңдай алу да маңызды. Сіздің алдыңызда қылмысқа , радикалдыққа, фанатизимге жетелейтін кітап тұр немесе ғылым білімге, қоғамды жақсартуға арналған кітап тұр. Қайсысын аласыз сіздің таңдауыңыз. Зиянын алып қойыппын деп, қалам мен қағазды кінәлап кетпейсіз ғой. Критикалық ойлай алу арқылы, өзіңізге керегін аласыз.

Технология да дәл сондай нәрсе. Ол тек қана журналистерге, айтичниктерге, заңгерлерге, медиктерге пайдалы емес. Сонымен қатар қылмыскерлерге де пайдалы. Оларға кім бөгет болып жатыр. Алаяқтық жасау үшін олар неге қолданбауы керек? Мысалы, сіз өзіңізді алаяқ есебінде ойлап көріңіз. Бұрын көшеде жүріп, адамдардан әртүрлі схемамен ақша сұрадыңыз. Қиын ғой, сіз бір күнде он ғана адамды алдап, шаршап қалуыңыз мүмкін. Оның өзі қармағыңызға түсе ме, түспей ме. Ал енді әлеуметтік желі келді. Сіз бір сілтеме арқылы 500 мың адамға жібере аласыз. Неге қолданбасқа? Керемет нәрсе ғой. Сондықтан ЖИ арқылы, диф фейк арқылы, адамның дауысы мен бет әлпетін қолданып, теріс мақсатта контент жасаушылар болады. Бұрын да болған, әлі де көбейе түседі. Бірақ оны тұтынатын қоғам техно сауатты болу керек. Сол кезде алаяқтардың өздері қояды. Мысалы қазір электронды почтада спам таратулар бұрынғыдай емес тоқтады. Өйткені ол әбден қанығу шегіне жетті. Бүкіл әлем түсінді ол спам екенін.

Ал 2000 жылдарда сол спамдағы сілтемені басып, менің Нигериядан бір танысым пайда бопты сол маған бір миллион салып жіберіпті деп қуанып отыратын. “Нигериялық хат” деген сол спамның атағы бар. Қазір оған көбі сенбейді. Солай алаяқтар да мына қоғам сауатты болып қапты, енді бұл әдіс өтпейді, басқаға көшейік дейді. Қазір біздегі уатсап алаяқтық бар. Қоғам техносауатты болса оған алданбаса, онда алаяқтар да түсініп, басқа жолын қарастырады. Бұл технологияның кінәсі емес, бұл алданған адамның жеке бас кінәсі. 

– Халықты техносауаттандырудың қандай шешімдері бар?

– Әрі қиын сұрақ. Әрі оңай сұрақ. Оңайы бұның барлығы шахматта “детский мат” деген партия бар. Бейтаныс адаммен бір партия ойнап қалсаңыз “детский матты” қолданып көресіз да. Ол деген үш ақ рет жүріп, мат қою. Әлгі адам бұл тактиканы сіздің алғашқы шабуылыңыздан білмесе, ол дилетант, шахмат ойнауды білмейді деген сөз. Өкінішке қарай, біз де осындай өте қарапайым бір екі жүрістен-ақ жеңіліп қалып жатқан жайымыз бар.

Негізі ізденген адамға ақпарат көп. Ақпарат бар, жазылып, айтылып жатыр. Мүмкін қоғам жақсылап бір таяқ та жеп алу керек шығар. Сонда ғана екі есе сақ болады. Америка секілді мемлекеттерде адам алданып қалса, қоғам болып банктерді немесе басқаларын жамандамайды. Өйткені адам түсіну керек. Ақша ешқашан аспаннан түспейтінін. Егер сізге біреу алтынмен аптаймын, күміспен қаптаймын десе онда бұл алаяқтық. Оған сенбеңіз. Ал бізде қоғамның тым аңғалдығы, тек технологиялық емес қаржылық та сауатсыздығы орға түсіреді. Түбінде басқаларды кінәлайды. Бәлкім мектептерде мұғалімдер қосымша сабақтар арқылы түсіндірер. Мысалы бір мектептің ішінде ерте жүктілік көбейіп кетсе не істейді? Ол проблеманың салдарын анықтап, күреседі, жыныстық сауатты үйретеді. Яғни бір амалын жасайды ғой. Сондықтан мектеп техно сауат пен ақпараттық қауіпсіздіктің де дәл сондай мәселе екенін түсініп, барлығы сонымен күресу керек. 

– Әңгімеңізге рахмет

  Сұхбаттасқан Әмина Кемелбай



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар