Шалғайдағы аудандық ауруханалар МӘМС жүйесі енгізілгелі бері өлместің күнін кешіп келеді. Урбанизацияның салдары шекаралық аймақтағы Кеген ауданындағы көші-қон тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан бері әлі еңсесін тіктетпеген. Аудандық аурухананың бюджеті ем алушы халықтың санына байланысты болғалы жалғыз Кеген емес, барлық халық саны аз аудандық ауруханалардың да кредиттік дебет берешегін көбейте түсті. Сол тоқыраудан қалай шығудың жолын іздеп жүргенде, Кеген ауданының ауруханасы жаңасы тәжірбиелік жобаны бастауды қолға алып және сол жұмыстың барысын бізбен бөліскенді жөн көріпті. Ол – тізе буындарының эндопротезі.
«Тізе буынын эндопротездеу (тотальді немесе унитарлы артропластика) – зақымданған артикулярлық беттерді металл, керамика және полиэтиленнен жасалған жасанды имплантатпен алмастыруға бағытталған хирургиялық араласу.»
Қарапайым халық үшін демалыс күні болса, Кеген аудандық ауруханасының ота жасау блогы мен дәрігерлері тарихи сәтке дайындық жасап жатыр. Өйткені Алматы қаласынан келген әріптестерімен бірге бұрын-соңды жасап көрмеген ота жасалмақшы. Стерильді құрал-саймандары мен аппараттарды реттеу, бірақ «алғашқы» деген қобалжу жоқ. Эпудуральды анестезия енгізіп, оның әсер ету кезеңі басталғанша отаға дайындыққа кірісті. Бар жауапкершілік травматолог-хирургтарда болғанымен, орта және кіші буын медицина қызметкерлерінің де жұмысы оңай еместігіне көз жеткіздік. Ал травматолог- хирургтың қолының ебі зергерден де жоғары десек қателеспеспіз. Өйткені зергерде қисық кеткен жұмысын түзетуге мүмкіндік бар, ал хирургтің жіберген қателігі жылдар бойы жинаған беделі мен тәжірибесінің құны болуы мүмкін. Біз тарихи деген отаны олар айналдырған 1,5 сағаттың ішінде сәтті аяқтады. Ота жасалу барысында әрбір детальға назар аударып, қан қысымының қашан түсіп, қашан қалпына келетініне дейін біліп тұрудың артында үздіксіз алынған білім мен зор тәжірбие тұрғанын үнсіз ұғындық. Техникалық тұрғыдан қиын отаны сәтті аяқтап, иығынан зор жауапкершіліктің жүгін түсіріп шыққан Кеген аудандық ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының магистрі Байкубесов Қуаныш Бөлегенұлымен тілдестік.
– Ауданымызда тұңғыш рет операциясы сәтті аяқталды. Оған үлкен мегаполистегі эндопротездеу отасын күніне 5-7 мәрте жасайтын “ХАК” медициналық орталығының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Арсен Қанатұлымен бірге Кеген аудандық ауруханасында мастер класс өткіздік. Аудандағы жас травматолог дәрігергерлермен тәжірбие алмасып, қыр-сырын үйретті. Бұл отаның МӘМС бойынша төлемі жоғары. Мұндай отаның аудандық ауруханада жасалуы біріншіден аудан халқы үшін тиімді. Шалғайдағы ауданнан Алматы қаласына сабылып, шығынданбайды. Екіншіден аудандық аурухананың кредиторлық берешектен құтылудың тиімді жолы. Ал бүгінгі ота жасалған науқаста оңалту кезеңі басталуда. Ертеңнен бастап арнайы ЛФК нұсқаушысының көмегімен «тәй-тәй» бастырып, жүргіземіз,- деп жұмыс барысын сипаттап кетті.
Шынымен аудан тұрғындары мұндай отаны жасату үшін қалаға сабылады. Ондаған түрлі қан талдауы, жол және орынсыз шығын. Онымен қоса жасы келген кісіні ота жасатуға жалғыз жібере алмасың тағы бар. Жұмысын тастап барған адамның жол мен тұрғын-жай, азық-түлік шығынын тағы қос. Енді қаржылай шығын мен уақытты үнемдеп, ауасы жанға жайлы өз ауданымызда күрделі отаны жасату мүмкіндігі бар.
– Бұл ота халықтың уақытын да, қаржысын да үнемдейді. Ауылды жердегі қарттарымыз ірі буындардың артрозымен ауыратыны рас. Ал бұл ота ол кісілер үшін өте тиімді. Алдағы уақытта тек бұл отаның түрімен тоқтамаймыз. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Арсен Қанатұлы мен әріптестеріне кезек пен кезек оқытуға жіберіп тұрамыз деген мақсат қоюдамыз. Жыл соңына дейін тізе буындарын эндопротездеу, артроскопиялық қосымша оталарды жолға қою жоспарлануда. Денсаулық сақтау басқармасының жоспары бойынша Кеген ауданының ауруханасында травматологиялық орталық ашып, көршілес Райымбек пен Ұйғыр аудандарының да науқастары біздің ауруханаға ота жасатуға жүгінеді деген үмітіміз зор. – деген бас дәрігер алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қала маңы болмаса шалғайдағы аудандық ауруханаларға деген халықтың сенімі аз. Елдегі кей тиімсіз реформалар тіптен еңсесін түсіріп жіберді. Әр ауыртпашылықтан шығудың тиімді тәсілін табу кейде басшы мен мамандардың қиын әрі қатал шешім қабылдауында да болуы мүмкін. Алайда сол шешімдер шекаралық аймаққа мамандардың келуі мен оларға тиісті жағдай жасауына жол ашуынада мұрындық болса құба-құп. Дәл қазіргі сәттегі бұл жоспар іске асса тек Кеген ғана емес, көршілес аймақтарға да үлкен көмек болары хақ.
Мақпал Шадан
Кеген ауданы
Парақшамызға жазылыңыз