Фото: Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі
Астана қаласының әкімшілік соты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өтінішімен Азаттық радиосының аккредитацияға қатысты шағымын қарауды тоқтатты. Басылым өкілдері мұны заңсыз деп санайды.
“Бізге әлі күнге дейін іс материалдарында не үшін аккредитация бермегені түсіндірілмеді. Алайда сот істі тоқтатуға негіз бар деп тапты”, – деді Азаттық адвокаты Лилия Чаусова.
Атап өтсек, Қазақстанның “Масс-медиа туралы” заңының 30-бабының 4-тармағында аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ және шетелдік журналистерге ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынады делінген.
Осылайша журналистке аккредитация берілмеген жағдайда, оның атқарған жұмысы толықтай заңсыз.
“Шетелдік журналист бұл шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін қазақстандық журналист емес. Ол ең бірінші Қазақстанға журналист болып жұмыс істеуге келген шетелдік азамат”, – деп халықаралық медиа құқығы саласындағы заңгер, Гүлмира Біржанова пікірін білдірді.
Әкімшілік сот маусым-тамыз айларында Азаттықтың 7 тілшісінің аккредитациясы бойынша СІМ-мен сот отырысы өткенін еске салып, қазіргі іспен өзара байланысы бар, бірінші сот шешімі әлі іске аспады деп, шағымды қарауды тоқтатты.
Маусым-тамыз айларында Астана қаласының соты Азаттық радиосының СІМ-не қарсы түсірген, 7 тілшіге байланысты шағымын қанағаттандырмаған болатын. Министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу шешімін заңға сәйкес деп жариялаған.
Бұл жайлы Азаттық адвокаты былай деді:
“Бұл өзара қатысы жоқ екі бөлек іс. Онда жеті журналистің ісі. Оларға қатысты тағылған айып бөлек. Мұнда тоғыз журналист бар. Шағымдарда негіздер әр түрлі. СІМ-нің де аккредитациядан бас тарту себептері әр түрлі”.
Ал СІМ-нің өкілі Азаттық қызметкерлері өтініш қаралып жатқан уақытта аккредитациясыз журналистік қызмет атқарып, заң нормасын бұзды деді. Азаттық өкілдері министрліктің өзі қарауды бірнеше айға созып, артынан аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптап, аккредиттациядан өткізуге бас тартты дейді.
Аккредитация процессі жайлы Гүлмира Біржанова:
Парақшамызға жазылыңыз“Заң бойынша СІМ журналист өтінімін 2 айға дейінгі уақыт аралығында қарастыра алады, сонымен қатар 2 ай өткен соң мерзімді тағы 2 айға созу мүмкіндігі бар. Төрт ай бойы журналистер не істемек? Қол қусырып отыруы, ал БАҚ оған айлығын төлемеуі керек деген сөз бе? Біз журналистің еңбекақысы неге сүйенетінін білеміз ғой… Сондықтан өтінімді қарау кезінде уақытша аккредитация алу мүмкіндігін заң бойынша қарастыру керек. Содан кейін, егер жарияланымдар осы төрт ай күткенде шыққан болса да, олар аккредитация беруден бас тартатындай қоғамға қандай қауіп төндірді? Материалдар Шерзат ісі туралы, су тасқыны туралы болды. Онда үндеу мен насихат болған жоқ”, – деді.
Зарина Мардан,
дереккөз: azattyq