///

Б.Бәмішұлы. Ұлытау: Әр төбенің басында бір-бір мазар

147 рет қаралды

Күншығыстан күнбатысқа созылған ұлы далаға кімдер келіп кетпеген. Бірде үдере көшіп, теңіздей толқып батысқа бет алған, бір замандарда қайқая тартып, қайта шығысқа қоныстанып жазира даланы қалауынша иеленген, еркінше игерген бағзы бабаларымыздың басы қайда қалмаған. Қай жерде қалса да өзінің Тәңірі сыйлаған Ұлы мекенінде мәңгілікке орнықты. Байтақтың төрінде, әр төбенің басынан күндік жерден көзге шалынар қызыл мазарлар осы аймақтың қорған-қамалы, жазира жазықтың атам заманнан, әлім-сақтан бергі шырақшысы бағзы қалпын мәрт сақтап, күн шалса нарттай жанып, ап-анық мұндалауы «Менің Жерім» атты ұлы тарихи ұғым-түсінікті меңзеп тұрғанына дау бар ма?

Алаша хан: Алаша хан кесенесі көрген жанның көзінің жауын алатын ғажайып мұра, көне жәдігер. Кесене Ұлытау облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің оң жағындағы дөңесте, Малшыбай ауылының іргесінде тұр. Айналасы толған тозған бейіт. Мазар төрт бұрыш тұрпатты. Қызыл кірпіштен қаланған, жоғарыда күмбезі бар. Мазардың сыртқы қабырғасы әр түрлі кескінді өрнектермен безендірілген. Салынған уақыты 10-16 ғасыр аралығы дейді. Тоқ етер байлам жоқ.

Кесененің замана желімен мүжіліп, тозған, зақымдалған келбеті жөндеуден өтіп жаңғыртылған. Түпнұсқамен жүз пайыз дәлме-дәл келмесе де негізгі тұрпаты жақсы сақталған.

Ғажап: Кесенің ішіне кіргенде қолдың сол жағында жоғарыға айналып шығатын тар қуыс баспалдақ бар. Яғни кесене екі қабат қабырғадан тұрады. Ішкі қабырға мен сыртқы қабарғаның арасы баспалдақ. Біз сол арқылы кесененің үстіне шығып, күмбезінің жиегінен айналаға көз салғанда дүниенің жері көрінеді екен.

Алашахан кесенесі кімге тиесілі? Бұл турада әр түрлі пікірлер айтылады. Шешімін күткен жұмбақ көп. Кесененің сыртқы темір қоршауының кіреберісіне Ер Едіге жырындағы мына жолдар жазылған:

Алаш алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ-қалмақ, ноғайлар

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Айдын көлдей дүр болған.

Осы жырда аты аталған Алаша хан кім? Ұлытау қазақтың хандарының мекені. Орталық Орда қонысы. Бұл өңірде Жошы хан, Тоқтамыс хан, Темір Құтлық хан, Ер Едіге жерленген. Осының бәрі Шыңғысханның ұрпақтары. Білгір ғұлама, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Алаша ханның Жошыхан деген баласы болыпты. Құлан қуамын деп, қаза болған» деген дерек қалдырған. Осы сияқты Алаша хан мен бүкіл алаш баласына құзіреті жүрген Шыңғыс ханды бір адам көретіндер көп. Бұл сұрақ шешуі табылмаған, дәлелдері әлсіз, дәйектері осал, нәтижесі жорамал, тұспалдан аспаған, күрделі күйінде қалып, өз зерттеушілерін күтіп отырған жұмбақ болса керек-ті.

Домбауыл мазары: Алаша хан мазарынан кейінгі зиярат ететін киелі орын Домбауыл кесенесі. Қаракеңгір өзенінің бойында Алаша хан мен Жошы хан мазарларының орта тұсындағы дөңеске жалпақ қызыл тастан қалап тұрғызылған өте айшықты, көз тартар орта ғасырға жататын ғажайып тарихи мұра. Еліміздегі ең көне ескі ескерткіштердің бірі. Кесененің астыңғы қабаты төрт бұрыштап жиналған да, оның үстіңгі бөлігі киіз үй пішіндес. Есіктен баспалдақпен көтеріліп ішкі кеңістікті көруге болады. Есігі оңтүстік шығысқа қараған. Ескерткіштің салынған мерзімі дәл анықталмаған. Ғалымдар ғұндар билеген заманның жәдігері деп көреді.

Аңыз бойынша, бұл кесене болған, болмағаны белгісіз ұлы сазгер және жауынгер деп айтылатын Домбауыл құрметіне салынған деседі. Сондай-ақ Домбауыл әрі батыр, әрі бәйтерек басындағы теңгені көздемей-ақ атып түсіретін мерген болған кісі екен. Кейбір аңыздарда Домбауылды Шыңғысханның мерген досы, андасы дейді. «Құпия қузағурда» Шыңғысханның түп-тұқянынан бері қарай санаған он екінші атасы Добун мерген аталады. Осы Добун мерген аңыздарда Шыңғысханның андасы болып жүруі де кәдік. Індете зерделейтін жай.

Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Зейнолла Сәнік қорының» бірлескен экспедициясы Ұлытау өлкесінің киелі де қастерлі орындарына жасаған экспедициясын Домбауыл кесенесінде жұмысын аяқтады.

Көрікті жерді көрдік, бабалар ізі қалған, өткеннің тарихи шежіресіндей тылсым сырын ішке бүккен, айтары мол орындарды араладық, көп ой түйдік. Киелі аруақтар басына зиярат еттік. Осындай ғибратты да ұлағатты, берері көп, тағылымы талассыз экспедицияға бастамашы бас болған  ұйымдастырушылары Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Зейнолла Сәнік қорына» шын жүректен рахметімді айтамын! Ұлағатты іс ұласа берсін!

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар