27 қазанда Алматы қаласы әкімдігі алдына Бостандық ауданының ондаған тұрғыны жиналды. Олар әлі ашылмаған № 224 жаңа мектептің қазақ тілінде жұмыс істеуін талап етті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған бұл нысан 2 500 оқушыға лайықталған – қаладағы ең ірі әрі заманауи мектептердің бірі. Бірақ мектептің өзі әлі ашылмай тұрып-ақ, оның оқыту тілі үлкен дау тудырып отыр.
Тұрғындармен Білім басқармасының Бостандық аудандық бөлімінің басшысы Сайран Тәпенұлы және Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков кездесті. Әкімдік өкілдері жиналғандарды қабылдау залына кіргізіп, ресми кездесу өткізді.
Ал бұл мектепті күткен аудан халқы жылдар бойы әкімдікке хат жазып, қазақтілді мектеп салуды сұраған. Себебі халық саны көбейгенімен, қазақ мектептерінің үлесі артпаған.
«Басында «қазақ мектебі болады» деді. Біз соған сендік. Енді аралас болады дейді. Неге біз өз ана тілімізде оқытуға тағы да қол жеткізе алмаймыз?» – деді ата-аналардың бірі.
№ 65 мектептің тәжірибесі ата-аналарды алаңдатады – ол аралас мектеп болғанымен, қазақ сыныптары жеті жыл бұрын ғана ашылған, орын жетіспейді. Баласын ана тілінде оқытқысы келгендер кезекте жүр, кейбірі амалсыз жеке мектепке ақша төлеп отыр.
Чаттарда «№224 мектептің орыс сыныптарына талон таратылып жатыр» деген хабарлама тарағаннан кейін жұрттың күдігі күшейе түскен. Алайда Сайран Тәпенұлы бұл ақпаратты «арандатушылық және шындыққа жанаспайды» деп жоққа шығарды.
Әкімдіктің жауабы: «Қазақ ата-анасы бала орысша сөйлеп кетеді деп қорқады»
Алматы қаласы Білім басқармасы жергілікті БАҚ-қа берген ресми жауабында жағдайды былай түсіндірді:
«Оқыту тілін айқындау Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Тіл туралы» және «Білім туралы» заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда ата-аналар арасында пікір алшақтығы бар: бір топ ата-ана мектеп тек қазақ тілінде болсын деп талап етсе, орыстілді ата-аналар жаңа мектептің инфрақұрылымы мен қолайлы жағдайын ескеріп, балаларын осы жерге бергісі келеді. Қазақ ата-аналар аралас мектепте бала ана тілінде аз сөйлеп, орысшаға толық ауысып кетеді деп алаңдайды. Барлық өтініш пен ұсыныс қалалық Білім басқармасына жолданды, соңғы шешім сол жерде қабылданады».
Мектепті ашу 3 қарашаға, яғни екінші тоқсанның басына жоспарланған. Алайда құжат қабылдау әлі басталмаған.
Қазіргі таңда Бостандық ауданында 35 мемлекеттік мектеп бар:
10-ы орыс тілінде, 9-ы қазақ тілінде, 16-сы аралас.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз
